• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 06 Сәуір, 2022

«Тобыл» топ басына шықты

98 рет
көрсетілді

Футболдан екі күнге созылған ел біріншілігінің 4-тур ойындары еліміздің жеті қаласында өтті. Алғашқы үш турдан кейін жеті ұпай жинап, турнир кестесіндегі көшбасшылықты өзара бөлісіп тұрған үш клубтың екеуі («Тобыл», «Каспий») ұпай­дан шашау шығарған жоқ. Ал Алматының «Қайраты» Оралда «Ақжайықпен» тең ойнап, үздіктер қатарынан түсіп қалды.

Төртінші турдың алғашқы ойы­ны Ақтауда жергілікті «Каспий» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубтары арасында өтті. Кейінгі үш матчтың екеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең ойнаған «Кас­пий» футболшылары бұл жолы да жеңіс тойын тойлады. «Жас Қа­нат» стадионындағы ойында алаң иелері қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде уақытша көш бас­тады. Сырт алаңда «Таразбен» кез­дескен «Атырау» қарсылас команданы 1:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесудегі шешуші голды бірінші таймның 42-минутында «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Андрия Филипович пенальтиден соқты.

Ал құрамын шетелдік және ұлттық құрамада өнер көрсететін тә­жірибелі футболшылармен жа­­сақ­таған «Ақтөбе» бұл турда да жанкүйерлерін қуанта алма­ды. Өз алаңында Қара­ған­ды­ның «Шахтерін» қабылдап, 1:1 есе­бі­мен тең тарқасты. Матчтың есебін 78-минутта «Ақтөбе» сапынан Уго Видемон ашса, 83-минутта «Шах­тердің» қорғаушысы Тимур Досмағамбетов таразы басын теңестірді.

Биыл Еурокубок бәсекесіне қаты­сатын Петропавлдың «Қызыл­жар» клубынан әзірге был­тыр­ғыдай қарқын байқалмайды. Алғашқы үш турда бірде-бір ұпай жинай алмаған Андрей Карпович шәкірттері төртінші турда әрең дегенде алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Өз алаңындағы матчтарын «Астана Аренада» өткізіп жүр­ген «Қызылжар» «Ақсу» клубын қабылдап, 2:1 есебімен ұтты. Бірінші таймда Айбол Әбікеннің пенальтиден соққан голына алаң иелерінен Мусса Саеб Коне мен Юрий Бушман бір-бір голмен жауап қайтарды.

Төртінші турдың тағы бір ма­ңызды ойыны елорданың «Астана» клубы мен Түркістан облысының «Мақ­таарал» командасы ара­сында өтті. Алғашқы екі турда же­ңіліске ұшыраған еліміздің алты дүркін чемпионы сырт алаңда «Мақ­тааралды» ірі есеппен жеңді – 3:0. Бірінші таймда «Ас­тананың» португалиялық жартылай қор­ғау­шысы Педру Эужениу дубль­дің авторы атанса, екінші тайм­ның 57-минутында Марин Тома­сов пенальтиден гол соғып, ойын­ның нүктесін қойды. Қа­тары­нан екінші ойында жеңіске жет­кен «Астана»  турнир кестесін­дегі жағдайын біршама жақсартып алды.

Екінші ойын күнінің алғаш­қы матчында Алматының «Қай­раты» Оралда күтпеген жерде «Ақжайықпен» тең түсіп (0:0), қатарынан екінші кездесуінде ұпай жоғалтты. Матч тізгіні толықтай Құрбан Бердыев шәкірттерінің қолында болғанымен, «Қайрат» футболшылары «Ақжайық» қақпасына гол соға алмады. Тіпті ойынның 88-минутында оралдық ойыншы Виталий Приндета екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылса да алматылық команда одан нәтиже шығара алған жоқ. Сөй­тіп чемпионат аутсайдерінің бірімен ұпай бөліскен «Қайрат» сегіз ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға сырғыды. 

Турдың соңғы ойынында Қос­танайдың «Тобылы» өз жан­күйерлерінің алдында Түркіс­танның «Тұран» клубын қабыл­дап, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Алаң иелері сапынан 19-минутта Зоран Тошич пенальтиден гол соқса, екінші таймда Асхат Тағыберген дубль жасады. Төрт турда 10 ұпай жинаған «Тобыл» турнир кестесінде топ бастады. «Каспийде» де 10 ұпай болғанымен, ақтаулық команда доп айырмашылығына байланыс­ты екінші орынға түсіп қалды.

Енді V тур ойындары 9 (сенбі) және 10 сәуір (жексенбі) күндері өте­ді. Бұл турда «Ордабасы» – «То­был», «Атырау» – «Ақжайық», «Қай­рат» – «Каспий», «Тұран» – «Қы­зылжар», «Астана» – «Тараз», «Ақсу» – «Ақтөбе» және «Шахтер» – «Мақтаарал» командалары кездеседі.