• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 06 Сәуір, 2022

Қаржылық ахуалдың деңгейі

257 рет
көрсетілді

Ел ішінде де, сыртында да асқын­ған геосаяси проблема­ларға байланысты банк секторы біршама жайсыз күйді бастан өткеруде. Мұндайда қаржы саласының көтерер жүгі де ауыр болмақ.

Ресейлік банк секторына санкция­лардың салынуы еліміздегі еншілес ресей­лік банктерге де салқынын тигіз­ді. Fitch агенттігі үш ресейлік банк­­тің рейтингін жағымсыз болжам­ға төмендетіп тастады. Бұл өз кезегін­де олардың негізгі банктерінің ак­ционерлік қолдау қабілетін азайтады. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі батыс санк­ция­лары­ның қазақстандық банктерге қатысы болмайтынын хабарлайды. Қазіргі болып жатқан геосаяси түсініксіз құбылыстарға қарамастан отандық сектор өз позициясын ұстап тұр.

Ranking порталының жазуынша, сектордағы ең орнықты банк – Halyk Bank. Халықаралық агенттіктер тарапынан берілген бағалауда бұл банктің еліміздегі екінші деңгейлі банктер арасында үздік көрсеткішке ие екенін растайды. Қаңтар айында S&P Global Ratings банктің несие рейтингін «BB+ / B» деңгейінде және «kzAA» ұлттық шкаласы бойынша бағалады. Қаржы институтының осыған дейінгі дағдарыстарды еңсеру тәжірибесі де мол, өтімділік қоры да жеткілікті. Moody's агенттігі банкке Baa2 деңгейін беріп, институт жағдайын «Тұрақты» деп қорытындылаған.

Сонымен қатар «Отбасы банк» те дамудың оң динамикасына ие. 2022 жылдың 1 наурызында Fitch Ratings рейтинг агенттігі банктің беделін «ВВВ», яғни «Тұрақты» деп бағалаған. Осы ретте банктің толыққанды мемлекет меншігіндегі қаржы институты екенін және оның тікелей иелену құқығының «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ға тиесілі екенін де айта кету керек. Ал кейбір екінші деңгейлі банктерде нау­рыз айының қорытындысы бойынша әжептәуір төмендеу де байқалады. Бұл қатарда «Сбербанк», «Альфа-Банк», ВТБ Банк, «Фридом Финанс Қазақ­стан» және «Банк Хоум Кредит» бар.

«Жалпы алғанда, банк секторының капитал қоры жеткілікті. 2022 жылдың қаңтарының қорытындысы бойынша меншік капиталының сомасы 4,6 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,1 пайызға көп. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 19,3 пайыз, меншік капиталының жеткіліктілік коэффициенті (к2) 23,3 пайыз деңгейінде. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктерде 11,6 трлн теңгені немесе активтердің 31,3 пайызын құрайтын өтімділігі жоғары активтер қоры қалыптасқан. Капитал қорының жоға­ры деңгейі және өтімділігі жоға­ры активтер банктерге қаржы нары­ғын­дағы шоктарды еңсеруге және өз міндеттемелерін толығымен орындауға мүмкіндік береді», деп жазады Ranking.