Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) ел чемпионатының наурыз айындағы үздіктерін анықтады.
ҚПЛ бапкерлері арасында жүргізген са-уалдама қорытындысы бойынша, OLIMPBET футболдан Қазақстан чемпионатының наурыз айындағы ең үздік бапкері деп «Каспий» клубының жаттықтырушысы Николай Костов танылды. Екінші орынды Құрбан Бердыев («Қайрат») иеленсе, үздік үштікті Руслан Костышин («Ақсу») түйіндеді. Ал чемпионаттың үздік шабуылшысы атағына алғашқы үш турда 4 гол соққан «Қайраттың» сұрмергені Хосе Канте ие болды. Екінші орын «Каспийдің» жартылай қорғаушысы Рати Ардазишвилиге, үшінші орын «Ақтөбе» футбол командасының жартылай қорғаушысы Уго Видемонтқа бұйырды.
Наурыз айының үздік голын анықтау мақсатында жанкүйерлер арасында өткізілген сауалдама нәтижесі бойынша, «Ақтөбе» футболшысы Уго Видемонттың голы бірінші орынға ие болды. Аталмыш голды Видемонт 2-турда «Атырау» қақпасына соққан еді (2:1). Бұл нәтижелі соққы 894 (43,57 %) жанкүйердің дауысына ие болды.