• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2014

Ер еңбегі еленсін

438 рет
көрсетілді

Сенатор Ләззат Қиынов бастаған бір топ халық қалаулысы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына депутаттық сау­ал жолдады. Онда былай делінген: «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Жалпы­­ға Ортақ Еңбек Қоғамын құру мін­детін алға қойып отырған қазіргі кезеңде еңбек адамының қадір-қасиетін арттыру, олардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарды ардақтау әрі маңызды, әрі қажетті. Мемлекетіміздің тарихында аты қандай құрметтеуге де лайықты тұлға­лар­дың бірі – Сафи Өтебаев. Тоқсанның сегізіне келіп өмірден өткен бұл асыл адам жайында танымал журналист Сауытбек Абдрахманов «Егемен Қазақстан» газетінде 2008 жылғы 4 сәуірде жарияланған «Мұ­най­ата» атты мақаласында: «Жиыр­­масыншы ғасырда бізде халық ша­руа­шылығының үш саласында үш тұлға ерекше жарқырап көрінді: егіншілікте – Ыбырай Жақаев, мал­шы­лықта – Жазылбек Қуанышбаев, өнер­кәсіпте – Сафи Өтебаев» деп жазды. Бұл сөздің ешқандай артықтығы жоқ. Сафи Өтебаев туралы Қазақ­станның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев: «Қиян түкпір Маңғыстауда қалған балғын бала кезімізде есімін ең көп естіген адамым еді. Ол маған ұшқыш Чкаловтай, поляршы Папаниндей, комбат Бауыржан Момышұлындай, геолог Қаныш Сәтбаевтай – Арман архипелагының ақиық тұрғынындай болып елестейтін. Өйткені, ол қазақ жерінен таяуда ғана табылып, нәпақасы қазақ аузына енді-енді тие бастаған ең жаңа ырзық – ұлттық мұнай өнеркәсібінің ізашары, көшбастары еді» деген болатын. 1931 жылы Баку мұнай институтына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп, қаза­қтан шыққан тұңғыш кәсіби маман мұнайшы атанған Сафи аға Қазақ­стан өнеркәсібінде өшпес ізін қал­дырды. Жас күнінде Ембі, Доссор, Мақат кен орындарын игерген, Маң­ғыс­тау мұнайын өндіруді алғаш бас­таған Сафи Өтебаев 1957-1962 жыл­дары Гурьев облыстық халық шаруа­шылығы кеңесінің төрағасы, 1962-1965 жылдары құрамына қазіргі төрт облыс – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары кірген Батыс Қазақстан өлкелік ха­лық шаруашылығы кеңесінің төраға­сы, кейіннен «Қазақстанмұнай» бір­лестігінің басшысы болған жылдарында ел экономикасын өркен­детуге, әсіресе, мұнай байлығын игеру жолында ересен еңбек етті. Сафи Өтебаевтың тікелей қол астында жұмыс істеген, тәрбиесін көрген азаматтардың арасында Бөлекбай Сағынғалиев, Рахмет Өтесінов, Саламат Мұқашев, Мақаш Балғынбаев, Нәсіпқали Марабаев сияқты елімізге белгілі тұлғалар көп. Ел алдын­дағы еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет Белгісі» орденін, «Отан» орденін, І дәрежелі «Барыс» орденін, Ленин орденін, Октябрь Революциясы орденін, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденін алған, көзі тірісінде-ақ «Қазақ мұнайының атасы» атанған ардақты тұлғаның, еңбекқорлықтың, жауаптылықтың, біліктіліктің, кісіліктің, кішіліктің, тазалықтың үйренерлік үздік үлгісіне айналған адамның есімін ел есінде мәңгі қалдыру жөн екендігі талассыз. Атап айтқанда, Атырау мұнай-газ институтына ұлттық өнеркәсіп кадр­ларын дайындау ісіне өлшеусіз үлес қосқан Сафи Өтебаевтың есімін беру қай жағынан қарағанда да орынды болады деп ойлаймыз. Үкімет басшысы тарапынан тиісті тапсырма берілген жағдайда біздің бұл ұсынысымызды Атырау облыстық әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, Білім және ғылым министрлігі, Ономастикалық комиссия қолдайды деп сенеміз».