Кубаның ұлттық бокс федерациясы 1962 жылы енгізілген кубалық боксшылардың кәсіпқой бокспен айналысуына тыйым салынған шектеуді алып тастады.
Шетелдік БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, аталған тыйым 20 мамырда Мексиканың Агуаскальентесе қаласында жекпе-жек кешін өткізетін Golden Ring промоутерлік компаниясымен келісім жасалғаннан кейін жойылмақ. Аталған жекпе-жек кеші Латын Америкасының барлық аумағында көрсетіледі. Ал бокс кешіне Токио-2020 Олимпиадасының чемпиондары – Хулио Сезар ла Крус (91 кило), Арлен Лопез (81 кило), Роньель Иглесиас (69 кило) және Анди Крус қатысады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Кубада кәсіпқой боксқа 1962 жылы тыйым салынған еді. Сол кездегі мемлекет басшысы Фидель Кастро кәсіпқой боксты жемқорлық жайлаған және адамдарды аздыратын спорт түрі деп санаған болатын. Тыйым салудың нәтижесінде Кубада әуесқой бокс дамып, әлемдік державаға айналды.