Бучадағы көрініс ешкімді бейжай қалдырмады. Батыс елдері сұм соғыстағы аяусыз әрекетті қылмысқа балап, Ресейге қарсы санкцияларды үдете түсетінін мәлімдеді. Ал Ресей тарапы бұл жауыздыққа қатысы жоғын айтып, Батыс көшбасшыларын айып тақпас бұрын оқиғаны тергеуге шақырып отыр.
Украина мен Ресей келіссөзі соңғы оқиғалардан соң тағы тығырыққа тірелгенге ұқсайды. Киев маңындағы Ресей әскері басып алған елді мекендердің көрінісі көпшілікті есеңгіретіп тастады. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыс Бучадағы бейбіт тұрғындардың өлімі туралы оқиғаны кеңінен тарату арқылы Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерді тоқтатуға тырысып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Бучадағы көрініс «нағыз арандатушылық». Ал Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков «Бучадағы адам шошырлық қойылымды зерттеу керек», деген пікір білдірген. Ол тергеудің бейтарап әрі тәуелсіз болғанын құптап жазған екен. Бұл жағдайға қатысты Ресейдің Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесі белгілі. Онда Ресей қарулы күштері Бучадан 30 наурызда шыққаны, ал қылмыс іздері тек төртінші күні пайда болғаны айтылған.
Алайда The New York Times газетінің тергеушілері спутниктік суреттерді талдап, Буча көшелеріндегі бейбіт тұрғындардың мәйіттері наурыздың ортасында пайда болды деген қорытындыға келген. Maxar Technologies компаниясы ұсынған спутниктен түсірілген суреттерде денелердің 11 наурыздан бастап жатқаны көрсетілген. Америкалық басылымның сарапшылары Бучадағы жағдайға қатысты осындай дәлел ұсынып отыр.
Халықаралық қылмыстық сот (The International Criminal Court) соғыс қылмысы болған-болмағанын тергеуді бастап кеткен, сондай-ақ Украина да дәлелдер жинау үшін арнайы топ құрды. Дегенмен, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Ресей тарапы қатыспаған тергеуді толығымен тәуелсіз әрі бейтарап деп қабылдай алмайтынын ашық айтты.
Күні бұрын өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде Украина тақырыбы талқыланып, ел Президенті Володимир В.Зеленский сөз сөйледі. Ол ұйымның негізгі функциясын орындай алмағанын айтып, оны реформалап, Ресейді басқыншы ел ретінде Қауіпсіздік Кеңесінен шығару қажет деп мәлімдеді. В.Зеленский Мәскеуді шекара тұтастығын бұзды, қасақана соғыс бастап, ұлт араздығын қоздырды деп айыптады. Отырыста сөз алған Ресей өкілі Василий Небензя В.Зеленскийдің мәлімдемесін жоққа шығарып, Ресей Украинаны басып алуды емес, бейбітшілік әкелуді көздейтінін мәлімдеді. Ал АҚШ Ресейді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен шеттету туралы ұсынысын қайта айтқан. Қытай болса Украинадағы бейбіт тұрғындардың өлімі туралы хабарламалар «өте алаңдатарлық» екенін мәлімдеді, алайда кез келген айыптау дәлелденген фактіге негізделуі керек деген пікір білдірді.
Батыс елдерінің көпшілігі соңғы оқиғаларға жауап ретінде Ресей дипломаттарын өз елінен шығара бастады.
Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен мен Сыртқы істер министрі Хосеп Боррел Украина Президентімен кездесуге осы апта Киевке аттанатынын хабарлады. Еурокомиссия басшысы Ресейден көмір, ағаш, көлік жабдықтары, теңіз өнімдері, химикаттар мен құны 9 млрд еуро болатын басқа да өнімдерді импорттаудан бас тартуды ұсынды. Бұған қоса, ресейлік кемелер мен жүк көліктеріне Еуроодақ елдеріне тиесілі порттарды пайдалануға тыйым салынбақ. Ал АҚШ Ресейге жаңа инвестициялар салуға тыйым салып, осы елдің қаржы институттарына, Кремль өкілдері мен олардың отбасы мүшелеріне санкцияларды күшейтеді. Бұған қоса, АҚШ Украинаға 100 млн доллар көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді.
Одан бөлек НАТО-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері де Брюссельде екі күнге Украинаға қолдау көрсету мәселесін пысықтау үшін жиналатыны белгілі болды.
Екі ел арасында Түркияда басталған келіссөздің қалай жалғасатыны жайлы мәлімет әзірге жоқ. БҰҰ өкілі Украина-Ресей келіссөзін ұйымдастыруға атсалысқан елдерге, оның ішінде Түркияға алғыс білдірді. Д.Песков келіссөз бойынша жұмыс жалғасып жатқанын, алайда қалағаннан баяу екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Украина тарапынан белсенді іс-әрекет көргісі келетінін алға тартты.