Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды.
Жұмыс сапары кезінде Нұрлан Әбдіров Қостанай ауданының Садчиков ауылдық округінің шілде айында сайланған әкімімен кездесіп, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Тұрғындар ауыл әкімін сайлау туралы ойларын ортаға салып, тікелей сайлау ауыл әкімінің халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, ауылдың өзекті мәселелерін шешуді жеделдетуге ықпал ететінін атап өтті. Олар өз жұмысын тиімді атқарып отырған әкімдер сайлаушылар арасында беделге ие болса, оларға келешекте де сайлауға түсуге мүмкіндік беру керек деп атап өтті.
Кездесу барысында сондай-ақ облыс әкімдерін сайлау жүйесін енгізу мәселесі де көтерілді. Қостанайлықтар үміткерлер арасында дебат өткізу сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, бәсекеге ықпал ететінін айтты.
Қостанай өңіріндегі сапары барысында ОСК төрағасы сондай-ақ саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, мәслихаттар депутаттары, блогерлер, облыстағы сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті. Іс-шараға 400-ге жуық адам қатысты. Н.Әбдіров сайлау жүйесінде алдағы уақытта қолға алынатын реформалар туралы баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Ақ жол» партиясының өкілі, облыстық мәслихаттың депутаты Дастан Жұмабаев дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау құралдарын пайдалану мен сайлау заңнамасына тиісті түзетулер енгізу жөнінде ұсыныс жасады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған бұрынғы мәжіліс депутаты Валерий Вишниченко Мемлекет басшысының ҚХА квотасын Сенатқа ауыстыруға қатысты бастамасын қолдайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ осы квота бойынша сайланатын депутаттар үшін үшжылдық ротация механизмін енгізуді ұсынды. В.Вишниченконың айтуынша, бұл Сенатта түрлі этностардың атынан өкілдік етуге мүмкіндік береді.
Саясаткер, әйелдер клубының жетекшісі Римма Бектұрғанова Мәжілістің партиялық тізімінде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кемінде 30 пайыз квота қарастыруды көздейтін сайлау туралы заңнамаға енгізіліп отырған түзетулер қазіргі уақыт талабына сай екенін айтты.
Одан бөлек қатысушылар ұлттық бақылаушылардың қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу, сайлау комиссияларын қалыптастыру және олардың жұмыстары туралы, жастардың сайлау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ электронды дауыс беруді қолдану туралы мәселелер көтеріп, осы және өзге де мәселелерді қызу талқылады.
ОСК төрағасы өңірдегі жас сайлаушылармен кездесіп, жастардың қоғамның одан әрі саяси трансформациясындағы рөлі мен орны туралы пікірлесті. Жастар дауыс беру процесіне электронды технологияларды қолдану бастамасына ерекше назар аударды. Белсенді жастардың бірі Наурызбек Бірмағамбетов электронды дауыс беруді әуелі қанатқақты режімде бірнеше сайлау учаскелерінде енгізіп көруді ұсынды.
Сондай-ақ жастармен кездесу барысында сайлау процесінің кейбір мәселелері бойынша онлайн сауалдама жүргізілді. Сауалдама нәтижелері респонденттердің 40 пайызы компьютер, смартфон, планшет арқылы қашықтан электронды дауыс беруді енгізуді, ал 33,3 пайызы аралас (стационарлық, қашықтан) электронды дауыс беруді қолдайтынын көрсеткен. Кездесулер өзге өңірлердегідей әлеуметтік желілерде де трансляцияланды.
Бұл Нұрлан Әбдіровтің өңірлерге жасаған оныншы сапары. Осыған дейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Келесі іссапар Батыс Қазақстан облысына жоспарланып отыр.