• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Білім 07 Сәуір, 2022

Тағы бір жоғары оқу орны жабылды

474 рет
көрсетілді

Елімізде тағы бір жоғары оқу орны жабылды. Бұл – Атырау инженерлік-гуманитарлық институты. Аталған оқу орнын бас лицензиядан айыру туралы шешімді Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығарған.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті университет жұмысындағы көптеген заң бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, институтта білім беру ұйым­­дары қызметінің үлгілік ереже­лері, мемлекеттік жалпыға міндетті стан­дарт талаптары, сондай-ақ білік­тілік талаптары сақталмаған.

Білім және ғылым саласындағы са­паны қамтамасыз ету комитетінің бас­қарма басшысы Эльвира Сапар­бе­кова: «Университетті тексе­ру ба­ры­сында көптеген заң бұзу­шы­­лық анық­талды. Мысалы, оқытушылардың бір уақытта әртүрлі тілде оқытатын екі түрлі топта сабақ өткізу фактілері кездесті. Бірақ мұғалімдердің оқу жүк­темесінде әр топ бойынша аудито­рия­лық сабақтар бөлек есептелген. Одан бөлек, оқу орнында кейбір сабақтар мүлдем өткізілмеген. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бекіту кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген. Сонымен бірге Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенттерді оқытқан білім беру бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің тізіліміне енгізілген бағдарламаларға сәйкес келмеді. Нәтижесінде студенттер оқу пәндерін толық меңгермеген. Сондай-ақ оқу процесі сапалы профессорлық-оқытушылық кадрмен қамтамасыз етілмеген», деді.

Тексеру Атырау­ ин­же­нерлік-гуманитарлық инсти­тут­ында сапаны қамтамасыз ету­дің ішкі жүйесі мен қажетті материалдық-техникалық базаның жоқтығын көрсетті. Бірқатар білім беру бағдарламасы бойынша оқу, әдістемелік және ғылыми әдебиеттер жоқ, яғни студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасалмаған. Мұны тест тапсырған студенттердің білім нәтижелері растады. Яғни институт студенттерінің 90 пайызы шекті балды жинай алмады.

Айта кетейік, Үлгілік қағида­лар­­дың нормаларына сәйкес студент­тер университет лицензиясынан айырылған сәттен бастап оқуын жал­ғастыру үшін басқа ЖОО-ға ауысуға құқылы.