Еліміздегі шаруалардың мәселесі шаш етектен. Әсіресе, ұсақ шаруашылықтардың ұпайы түгел емес. Шалғайдағы мал ұстаған ағайынның мұңы шенеуніктердің құлағына жете бермеуі мүмкін. Бұл ретте «Шопан ата» мал өсірушілер ұлттық қауымдастығының өкілдері павлодарлық фермерлермен жүздесіп, проблемаларымен танысты.
Облыс орталығында өткен өңірлік құрылтайда әр ауданнан көптеген шаруа төбе көрсетті. Кейбірі өзгелердің аманатын арқалап, мәселелерін ортаға салды. Қауымдастық төрағасы Алмасбек Садырбаев, облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев әр сауалға тұшымды жауап беріп, бағыт-бағдар көрсетті.
Отызға жуық шаруаға ортақ проблемалардың бірі – «Сыбаға» бағдарламасының машақаты. Әдетте, мал ұстаған ағайынды қолдауға бағытталған ірі бағдарламадан жапа шеккендер көп. Шетелден мал әкелгендер ірі қараны есепке енгізе алмай отыр. Сәйкесінше, субсидиядан қағылуда. Субсидия алғандардың өзі қаражатты мемлекетке қайтаруға мәжбүр. Бар гәп құжаттарда екен. Малды тасымалдауға жауапты ресейлік мекемелер жалған құжат жасаумен айналысатын көрінеді. Ал бірді-екілі шаруашылық төлемін толық төлесе де, тиісті малына әлі күнге дейін қол жеткізе алмай жүр. Қостанайлық компанияның салғырттығынан жапа шегуде. Олар болса, шетелдегі әріптестерін кінәлауда. Құзырлы органдар мәселені шешудің жалғыз жолы – сотқа беру екенін айтады.
Өңірде мал қорымдарының жағдайы мәз емес. Тиісті стандартқа сәйкес келмейді. Көптеген елді мекенде жоқтың қасы. Салдарынан төрт түліктің өлекселері әр жерде шашылып, ветеринарлық ахуалды ушықтыруда. Мейрам Өтешовтің айтуынша, өңірде 380 елді мекен бар. Оның барлығына мал қорымын салу бюджетке салмақ болмақ. Бір мал қорымын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеудің өзі әжептәуір уақытты қажет етеді екен. «Барлық елді мекендерге салу үшін 30 жыл да жетпейді», деп Мейрам Өтешов турасын айтты. Мәселені шешу үшін малдың өлекселерін тасымалдайтын арнайы техникалар жұмылдырылады деп жоспарлануда. Шыны керек, шаруалар бұл жаңашылдық жағдайды реттейтініне күмәнмен қарап отыр. Уақыт – төреші.
Ветеринария саласынан алыстамайық. Облыста кадр мәселесі де өзекті тұрғаны жасырын емес. Барлық ауылда дерлік ветеринар мамандар алпысты алқымдаған, зейнеткерлік жасқа аяқ басқан азаматтар. Тіпті алдағы он жылда ветеринарлар мен механиктерді табу қиынға соғады деген болжам бар. Жастардың ауылда еңбек еткісі келмейтінін мойындауымыз қажет. Шаруалар кадр даярлау мәселесіне баса назар аударуды сұрады. Жиында ветеринар мамандардың қызметтік көлігі тозғаны да айтылды. Оларға жанар-жағармай үшін аз қаражат бөлінетіндіктен, кейде шаруалар ветеринарларды өздері тасымалдауға мәжбүр екен. Вакцинаны сақтау мәселесіне де мән берілгені абзал. Тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталған ғимараттардың жоқтығынан мал дәрісі кез келген орында сақталып, салдарынан вакцинаның қуаты жоғалатыны сөз болды. «Дәріні салдың не, салмадың не?», деп шаруалар мұңын шақты.
Шаруаларды қолдауға бағытталған бағдарламалар аз емес. Әттеген-айы сол, шалғайдағы фермерлер бұдан хабарсыз. Кейбірі бағдарламаның талаптарын толығымен түсіне алмай дал. Бірде ғаламтор мәселесі қолбайлау болса, көбі бағдарламаның майын тамызып, жілігін шағып беретін мамандармен бетпе-бет кездесуге асық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев пандемияның салдарынан шаруалармен жүздесудің сәті түспегенін, алдағы уақытта мамандар аудандарға барып түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізетініне уәде берді.
Жас шаруалар кепілдік заттың жоқтығынан немесе арзан бағалануы салдарынан несие ала алмай жүргендерін айтты. Әйтпесе, бизнес жобалары дайын. Ниеті түзу. Ынтасы зор. Жігері тасып тұр. Лайықты қолдау көрсетілсе, аз уақыттың ішінде кәсібін жандандырып, ел экономикасының дамуына үлес қосуға әзір. Жиында ауыл шаруашылығы техникасының бағасы жиі қымбаттайтыны сөз болды. Мемлекет тарапынан қарастырылған өтемеақы мөлшері де азайған. Қосалқы бөлшектерді шетелден тасымалдауға мәжбүр. «Ормансыз бұлбұл» демекші, техникасыз шаруалардың күні қараң. Сондықтан да Ауыл шаруашылығы министрлігі техника паркін жаңарту ісіне көңіл бөлсе екен. Шаруалардың тілегі бұл.
Алмасбек Садырбаев әр сауал жерде қалмайтынын, республикалық деңгейде шешілетін мәселелер биік мінберде көтерілетініне сендірді. Шаруалар мұндай пайдалы жиындардың жиі өткізілуіне тілек білдірді.
Павлодар облысы