• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2022

Өзенге түскен қалдықтар қашанда қауіпті

636 рет
көрсетілді

Жуырда Өскемен – Алтай бағытындағы жүк пойызының 18 вагоны рельстен шығып, алты вагон аунап қалған. Оның біреуі Ресейге тиесілі руда тиелген вагон болса, мыс қожын арқалаған қалғаны «КазцинкТемірТранс» ЖШС-ның меншігінде екен. Алайда халық компаниялардың шығынына емес, өзеннің фау­на­сы мен флорасына қауіп төнген жоқ па деп алаңдады.

Оқыс оқиға 3 сәуір күні Күміс­тау теміржол көпірінде орын алған. Мамандардың айтуынша, пойыз сағатына 37 шақырым жылдамдықпен жылжып бара жат­қан екен. Вагондар Ертіс өзе­ніндегі көпірлердің біріне таяғанда, шойын жолдан шығып кеткен. Ең бастысы, адам аман, зардап шеккендер жоқ. Ұлттық компания өкілдерінің мәліметтері бойынша, жолаушы және жүк пойыздарының кідірісі болған жоқ. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Болған жағдайдың себеп-салдарын тексеріп, анықтау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшыларынан комиссия құрылды. Транспорттық полиция департаменті тарапынан да бірқатар тексеру жұмыстары басталған.

Ал шығарынды қож бен руда төгілген Ертіс өзеніне қауіп төнген жоқ па? Осы сұрақты арнайы өткен баспасөз конференциясында облыстық Экология департаментінің бастығы Данияр Әлиевке қойғанбыз.

– Өскеменнен Алтай стансасына бағыт алған пойыз Күмістау теміржол көпіріне жете бере вагондары рельстен шығып кеткен. Белгілі болғандай, бір ва­гон руда мен бес вагон қож Ертіске төгілген. Шығарынды қожды кеншілер инертті материал ретінде шахтадағы үңгіген орындарды жабу үшін немесе құрылыс материалы ретінде пайдаланады. Болған жағдайды ести сала экология департаментінің мамандары оқиға орнына шығып, судан сынама алды. Алынған сынама судың химиялық құрамын ауыр металдарға тексерді. Оның ішінде мыс, қорғасын, цинк бар, – деді департамент бастығы.

Айта кетерлігі, сынама нәти­жесі бір күннен кейін дайын болды. Белгілі болғаны, вагондар құлаған тұстағы су сынамасында мырыштың шекті рұқсат етілген концентрациясы 1,3 есе артқан екен. Сәл төменгі ағыстан алынған сынамада шекті мөлшерден 1,5 есеге көп. Сондай-ақ 1,3 есеге мыс концентрациясының жоға­рылауы байқалады. Енді тексеру іс-шаралары аяқталғанға дейін экология департаменті облыс бо­йын­ша «Қазгидромет» ФМДҚ-пен бірлесіп, апта сайын Ертіс өзенінің аталған аумағында судың құрамын тексеріп отырмақ. Сонымен қа­тар облыстық транспорттық про­куратурасының талабы бойын­ша «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ «Семей бөлімшесіне» қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру тағайын­далды.

Қазгидромет мамандары да мәселені назарға алып, өз мін­деттеріне сай жұмыстар жүр­гізіп жатыр. Алдағы уақытта суға тө­гілген қожды шығару жұмыс­тары да жүргізіледі. Бірақ оқиға орын алған жерге техниканың жетуі қиын. Мамандардың өзі екі шақырымға жуық жолды жаяу-жалпылап жүріп өтіпті.

 

Шығыс Қазақстан облысы