Қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Мароккода өтіп жатқан ATP 250 жарысының ширек финалына шықты.
Турнирдің бірінші ракеткалары болып тіркелген Андрей Голубев франциялық Фабрис Мартенмен бірге бастапқы кездесуінде нидерландтық Таллон Грикспур-Ботик Ван де Зандшульппен шеберлік байқасты. Тартысты өткен матчтың бірінші партиясында нидерландтық жұп тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (8:6). Екіншісінде Голубев пен Мартен есе қайтарды – 7:6 (7:2). Сосын супер тай-брейкте мықтылық танытып, қарсыластарынан жеңісті жұлып алды – 10:6. Екі сағатқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-франциялық жұп 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті.
Пәкістандық Айсам Курешимен бірге жұп құрап өнер көрсетіп жатқан Александр Недовесов доданың 2-ракеткалары бельгиялық Сандер Жилле-Йоран Флигенді бір сағаттан сәл астам уақытта 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Недовесов пен Куреши 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Бельгиялық жұп 4 эйспен шектелді. Қазақстандықтардың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.