Былтыр Екібастұзда куәгерлердің көзінше ер адамды атып өлтірген сұмдық оқиға көмірлі шаһар тұрғындарының есінен шыға қойған жоқ. Мұндайды әдетте кинодан тамашалайтын екібастұздықтар қаладағы криминогендік ахуалға алаңдай бастағаны рас. Жалпы, бүгінде облыстағы жағдай қалай? Тәртіп сақшылары маңызды міндетін мінсіз атқарып жүр ме?
Биыл қаңтарда облыстық полиция департаментінің бастығы болып тағайындалған Василий Скляр жуықта тұрғындар алдында есеп берді. Ол былтыр атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Өткен жылы қоғамдық орындардағы қылмыс көрсеткіші 16 пайызға, көшелерде 25 пайызға дейін төмендепті. Өңірде жол-көлік оқиғаларының саны да біршама азайған. Қала көшелерінде орнатылған, көлік жүргізушілерінің «жауына» айналған «Интегра», «Автоураган», RedSpeed және «Оракул» жүйелері былтыр 51 мың заң бұзушылықты анықтаған.
«Полиция қызметі «сервистік модельге» көшуде. Аймағымызда бейнекамералармен жабдықталған 15 модульдік полиция пункттері салынды. Олар халыққа да, полиция қызметкерлеріне де ыңғайлы. Сондай-ақ Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында 4 стационарлық полиция бекеті орнатылды. Өткен жылдан бастап автопатрульдерде «Кибер-Шериф» борттық аппараттық-бағдарламалық кешендері жұмыс істеуде. Олар жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты режімде тіркеп, автокөліктер мен жүргізушілерді қолда бар ақпараттық базалар бойынша тексере алады. Осы жылдың үш айында аталған кешендер 3,5 мың құқық бұзушылықты анықтады», деді В.Скляр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттігі туралы тапсырма бергені белгілі. Осы ретте, былтыр өңірде екі мыңнан астам тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бүгінде полиция органдарында балаларды тәрбиелеуден жалтарған 318 ата-ана тіркеулі. Олармен күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 546 ата-ана, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін 3 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Мұндай жұмыстың нәтижелері кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар санының 33 пайызға төмендеуіне әсер еткен.
Облыс аумағында ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу 81 пайызды құрап отыр. Өңірде қашықтан сатып алу және онлайн-қызметтерді ұсынумен байланысты қылмыстарды ашумен айналысатын арнайы топ құрылған. Олар ел аумағында 600-ге жуық алаяқтық жасаған 6 топты ұстады. 2020-2021 жылдары автокөліктерді интернет арқылы жалған сатудың шамамен 117 фактісі анықталған. Интернет арқылы алаяқтықпен айналысатын азаматтардың қылмысын алдын алу мақсатында «Киберқадағалау» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл жоба аясында заңға қайшы контентті қамтитын 325 сілтеме бұғатталды. Сондай-ақ 49 есірткі қылмысы анықталды. Заңсыз айналымнан 384 келі есірткі құралдары жойылған.
«Өткен жылдың қыркүйек айында 18 ұрлық жасаған 14 мал ұрысынан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Мал ұрлығының барлығы дерлік жайылымдарда жасалады. Қараусыз, бос жүрген мал заң бұзушылыққа себеп болып табылады. Сондықтан қараусыз малға арнайы құрылған 146 айыппұл тұрағына автожолдар бойында жайылып жүрген 17 мыңға жуық үй жануарлары қамалды. Мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 2000 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мал иелеріне 45 млн теңгеге 250 бас мал қайтарылды. Бұл шаралардың орындалуы облыстағы мал ұрлау фактілерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді», деді Василий Скляр.
Айтпақшы, жақында павлодардық полицейлерге жаңа форма үлестірілді. Тәртіп сақшылары жаңарған форма барынша ыңғайлы екенін, сондай-ақ оны дайындау барысында әртүрлі климаттық жағдай ескерілгенін атап өтті. Жаңа форманы ең алдымен патрульдік полиция жасағы мен инспекторлар алды. Екі жыл ішінде барлық полицейге жаңа форманы кигізу жоспарланып отыр.
Павлодар облысы