Табиғатты қорғау мақсатында Сәтбаев атындағы каналдың №112 су жіберу құрылғысынан Шідерті суармалы арнасына су босатылды. Жуырда газетімізде жарық көрген «Апатты «қолдан жасап» алмасақ игі» деген мақалада павлодарлықтардың суды молынан босату жөніндегі тілегі жазылған-ды. Қуанышқа орай, шаруалардың ұсынысы ескеріліп, биыл 120 млн текше метр су жіберілмек!
Жайылымға жайылған судың ырзығы мол. Әсіресе, өңірдің шаруалары үшін үлкен игіліктердің көзі. Арна суы Екібастұз өңірі мен Ақтоғай ауданы аумағындағы көлтабанды шабындықтардан күзде мол пішен қорын дайындауға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, экологиялық маңызы бар шараның шарапаты өңір экономикасының алға басуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, бұл шара өңірдің экологиясына, жайылымдар мен жануарлар әлеміне оң ықпал етеді. Яғни қоршаған ортаның балансын қалпына келтіруге және өзенге жақын орналасқан аумақтағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, сондай-ақ көлдерді толтыру мақсатында жүзеге асырылады. Бұл ретте, жыл сайын шабындықтардағы шөптің шығымдылығы артып, мал азығы сапасының артқанын атап өткен жөн.
Естеріңізге салсақ, соңғы жылдары республикалық бюджеттен суды босатуға қарастырылған қаражат қысқарып, сәйкесінше Шідерті суармалы арнасына жіберілетін судың көлемі күрт азайған еді. Су мөлшерінің кем болуы – жеткілікті мөлшерде мал азығын дайындауға кедергі келтіретін әрі өңір флорасы мен фаунасына зиянын тигізетіні айтпаса да түсінікті. Бұл мәселені жергілікті қоғам белсенділері министрлік деңгейінде талай мәрте көтеріп, ақыры дегеніне жетті. Ендігі жерде бұл мәселе жыл сайын көтеріле бермей, қажетті су мөлшері тұрақты түрде босатылып тұрса игі. Бұл – павлодарлықтардың тілегі.
Павлодар облысы