Елімізде өткен жылы мұнай өндіру жаңа рекордтық деңгейге (81,8 миллион тонна) жеткен. Бұл жөнінде Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен «Мұнай-газ саласының 2013 жылғы атқарған жұмыс қорытындысы және орта мерзімді міндеттер туралы» деп аталған Үкімет сағатында мәлімделді.
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойған негізгі тапсырмасының бірі – мұнай-газ саласын дамыту екендігін тілге тиек еткен вице-спикер бұл сала жалпы экономиканың басты флагманына айналғандығын ерекше атады. Және де басқа салалардың дамуына өз ықпалын тигізіп келе жатқанына тоқталады.
Бұдан кейін сөз алған Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қара алтынның экспорты 72 миллион тоннаны құрағандығын жеткізді. Оның айтуынша, газ өндіру 42 миллиард текше метр болса, тауарлық газ өндірісі 22,8 миллиард текше метрді, ал сұйытылған мұнай газының өндірісі 2,5 миллион тоннаны құраған.
Жалпы, елімізде 14,3 миллион тонна мұнай өңделіп, газ транзиті 99 миллиард текше метрге жеткен. Мұнай өндіру Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында жүргізіледі. «Шеврон», «ЭксонМобил», «Лукарко» және ҚазМұнайГаз компаниялары жобасы жүзеге асырылып жатқан Теңіз кен орнында мұнай өндіру рекордтық 27 миллион тоннаға жеткені ерекше аталды. Жобаны іске асырудағы 20 жыл ішінде еліміздің бюджетіне түскен төлемдер 61 миллиард доллардан асыпты.
Ұ.Қарабалин Қарашығанақ жобасына да қатысты мәлімет бере кетті. «БритишГаз», «Эни», «Шеврон», «Лукойл» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары кірген бұл жобада 2013 жылы 12 миллион тонна сұйық көмірсутегі мен 17 миллиард текше метрден астам газ өндіріліп, бюджетке 12 миллиард доллар түскен. Ал «Шелл», «Тоталь», «ЭксонМобил», «Инпекс», «ҚазМұнайГаз» компаниялары қатысушысы саналатын Қашаған жобасында бірқатар кемшіліктер анықталыпты. Өткен жылы ғана «КонокоФилипстің» орнына қытайлық CNPC қосылғандығы белгілі. Министр мұндағы мұнай қоры 2 миллиард тоннадан асатынын, алайда, өзінің техника, технологиялық қиындықтары бойынша бірегей саналатын Қашағанмен тек бразилиялық «Тупи» кен орнын салыстыруға боларын алға тартты. Мамандар бразилиялық кен орнының шығынын 200 миллиард долларға бағалаған. Өйткені, мұнайды аса тереңнен алуға тура келеді.
Мұнай қоры жөнінен Қазақстан әлемде 12-орында болса, ал өндіруде 17-орында. Қазіргі кезде еліміздің барлық мұнай өндеу зауыттарында басталған жаңғырту үдерістері 2016 жылы аяқталады деп күтілуде. Соның нәтижесінде еліміз 2017-2022 жылдары сапалы бензин және дизель отынымен, сондай-ақ, әуе керосинімен толықтай қамтамасыз етілмек. Еліміздің әлемнің 30 еліне мұнай сататыны да ортаға салынды. 2013 жылы соның ең көп көлемі Италияға (27%), Қытайға (17%), Нидерландқа (13%), Францияға (9%) және Австрияға (7%) жөнелтілген.
Министрдің мәліметіне қарағанда, газ қорынан еліміз әлемде 20-шы, ал өндіру жағынан 29-орында екен. Өткен жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының бірінші кезеңі – «Бозой-Шымкент» учаскесі іске қосылып, жылына 2,5 миллиард текше метрге дейін газ өндіретін жобалық қуатына қол жеткізіліпті. Ағымдағы жылдың соңына дейін «Бозой-Бейнеу» учаскесінде қашықтығы 311 км құбырды салу аяқталады деп күтілуде. Жобаны іске асыру еліміздің оңтүстігіндегі аймақтарды газбен қамтамасыз етуге және 500-ден аса елді мекенді газдандыруға мүмкіндік бермек.
Ақтау қаласында битум зауыты іске қосылса, жобаның құны 290 миллион долларды құрап, өндіріс көлемі жылына 400 мың тоннадан аса битум мен басқа да фракциялар болмақ көрінеді. Атырау облысындағы интеграцияланған газ-химия кешені жобасы бойынша жұмыс жалғасуда екендігімен бөліскен министр бірінші фазаны (полипропилен) іске асыру екі бағытта жүргізілуде – инфрақұрылым және өндірістік объектілер екендігін жеткізді. Сонымен қатар, Геологиялық атлас жасау, Каспий ойпатын зерттеулер бойынша «Еуразия» жобасын айқындау және мұнай шығару коэффициенті немесе КИН-ді анықтау жұмыстары жүзеге асатынымен бөлісті. Соңғысы бойынша еліміздің көрсеткіші 30 пайыз болса, бірқатар елдерде мұнай шығару коэффициенті 50 және одан жоғары пайыздық көрсеткішке ие екен. Бұдан басқа, Қазақстанның газ саласын дамыту тұжырымдамасы әзірленетін көрінеді.
Үкімет сағатында Экологиялық мәселелер және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин қосымша баяндама жасаса, өзге депутаттар да өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко айтылған барлық ұсыныс-пікірлердің негізінде Үкіметке ұсынымдар жобасы әзірленетінін жеткізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».