Ресей ЕАЭО елдеріне астықты экспорттауға уақытша тыйым салуға шешім қабылдады. Аталған елдің экономикалық даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан деректе бұл шектеу осы жылдың 15 наурызынан 31 тамызға дейін қолданылатыны айтылды.
Ал еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда 15 маусымға дейін бидай мен ұнды экспорттауға шектеу енгізілетінін, ережелерді келісу процедурасы жүріп жатқанын хабарлады. Министр атап өткендей, біздің ел осы кезеңде 1 млн тонна бидай мен 300 мың тонна ұн сата алатыны белгілі болды. Бірақ бидай өсірушілер ең алдымен ішкі нарықты елден шығарылатын көлемнің 10 пайызымен қамтамасыз етуге міндетті.
Ресей мен Қазақстанның астық экспортындағы нарығы айтарлықтай өзгеше екені осыған дейін талай рет айтылған. Біздің ел бидай мен ұнды Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға, Қытайға сатса, Ресей Қара теңіз маңайындағы нарықтар мен шалғай нарық алаңдарына сатады. Демек бұл тұста Ресей бізге бәсеке болған емес. Бірақ сарапшылар көрші елдің шешімі біздің нарыққа кері әсер етпесе де біраз өзгеріс енгізуге тура келетінін ашық айта бастады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, қазір елдегі астық бағасы тоннасына – 150 мың теңге. Батыс пен ЕО елдерінде баға біздегі мөлшерден біраз қымбат. Бұрын логистикалық шығындар пайданың көзін қысып тастаса, қазіргі баға шығынның орнын толтырып, үстінен пайда көруге мүмкіндік бар. Дегенмен, экспорт мәселесінде барынша сақтық керек.
«Қорымызда астық қоры жетеді деп статистикаға сеніп қалуға болмайды. Қоймаларда қанша астық барын түгендеп шығу керек. Статистикалық органдардың деректері аймақтардағы астық қоры туралы мәліметтерді тек жалпылама түрде хабарлап жүр. Мұндай жағдайда аймақтардағы астық қоры туралы нақты мәліметті білу мүмкін емес. Қорда қалуы тиіс 1,9 млн тонна астықты экспорттауға да, ішкі нарықтың қажетіне алдын-ала жұмсап жіберуге де болмайды. Алдағы маусымның шығымы қандай болатынын Ресей де, біз де білмейміз. Егер жазда құрғақшылық болса, Ресейдің шектеу мерзімін одан әрі созуға құқы бар. Осыған дейін қорда қалуы тиіс астық көлемі туралы нақты дерек статистикамен сәйкес келе бермейтінін талай рет байқағанбыз», деп атап өтті Е.Есенеев.
Астыққа деген қажеттілігіміздің кемінде 25 пайызы Ресейден, қалғанын өзіміз дайындаймыз. Көрші елдегі баға арзан болғандықтан, көлеңкелі жолмен келетін астық экспорты арқылы статистикадағы олқылықтың орнын толтырып, тұқымдық астықтың біраз бөлігін солардан алып келдік. Биылғы қажеттілікке 22 мың тонна бидайға тапсырыс берілген. Оның 10 мың тоннасын алып үлгердік. Көбі келісімге қол қойып, ақшасын төлеп, жеткізілуін ғана күтіп отыр. Ендігі жерде ел Үкіметі осы келісілген, жарты ақшасы төленген астықты елге кіргізуге жағдай жасауы керек.
«Ресейдің ЕАЭО елдеріне астық экспортын шектеу туралы мәлімдемесі еліміздің Ауғанстан, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты экспортер елдеріне де әсер ете бастапты. Алыстағы Мысырдан да ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл фактор экспорт көлемін тағы кем дегенде 100 мың тоннаға арттыру қажеттігін алға тартып тұр. Бізде өз қажеттілігімізден бірнеше есе көп астық өсіруге мүмкіндік бар», дейді Е.Есенеев.
Сарапшы Үкімет ұсынған экспорттық баж салығы туралы мәселеге де пікір білдірді. «Бізге тауар өндірушілерге, әсіресе ұн өндірушілерге көмектесу үшін субсидия тетігін барынша жетілдіріп, ретке келтіру керек. Болашақта субсидияның орнына төмен пайызбен несиелер беріледі деген пікір бар. Өзбекстанға, Қырғызстанға экспорттаған кезде экспорттық баж салығы болмайды деген келісім бар. Бұл келісімдер мемлекетаралық келісімдер негізінде ратификацияланып кеткендіктен, біз оны бұза алмаймыз», деп түсіндірді Е.Есенеев.
Яғни елімізге астық нарығын әртараптандырып, дайын өнімдерге басымдық беретін кез келді. Алыс-жақын көршілер қазақ бидайынан ұн тартып, шетелге экспорттап отыр. Сондықтан астықтың басым бөлігін өзімізде қалдырып, дайын өнімдер шығаруға арналған логистикалық әлеуетті пайдаланған абзал. Сарапшылар жердің тозып, құнарлылығының төмендеуі, көрші мемлекеттер тарапынан болған демпингтер салдары тауар өндірушілердің жағдайын әлсіреткенін айтып жүр. Метеорологтер биылғы жаздың астыққа аса қолайлы болмайтынын ерте көктемнен бастап ескерте бастады. Бұл фактор елде қалатын астық қорын ерте бастан қамдап алу қажеттігін көрсетіп тұр.
Қазақстан астық өңдеушілер одағының төрағасы Евгений Ганның айтуынша, бұл түйткілдердің бір ғана себебі бар – ауыл шаруашылығының өңделген өнімі саласында нақты эскпорт стратегиясы жоқ. Бидай мен ұн қорын астық экспорты, ұнды ішкі тұтыну және ұн экспортына бөліп қарастыру керек. Ресейден келетін астық импорты еліміздегі астық бағасымен салыстырғанда арзан болғандықтан баға белгілуге әсер етіп, астық бағасын тұрақтандырып келді. Демек алдағы уақытта астық бағасында былтырғы бағамен салыстырғанда өзгеріс болуы әбден мүмкін. Е.Ганның айтуынша, жылдың жартысында бидай бағасының қанша болатынын ешкім айта алмайды.
Ресейдің астық экспортын шектеу туралы мәселе қаралған Еуразиялық комиссия отырысында ЕАЭО-ның барлық аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын реттеудің бірыңғай тетігі – экспорттық баж салығы немесе квотаны енгізу мәселесі көтерілген-ді. Астық өндірушілер одағы бұл сәтті уыстан шығарып алуға болмайтынын айтады. Экспорттық баж салығын астық өсірушілерді қолдауға бағыттайтын кез келді. Бұл оларға мемлекетке де, астық өсірушілерге де қосымша тыныс алуға мүмкіндік береді.
Қазақстан астық өңдеушілер одағының вице-президенті Талғатбек Әлихан қазір астық қорында 6 млн астық барына күмәндәнатынын айтты. 2021 жылғы қуаңшылық кезінде астық түсімі ойдағыдай болған жоқ. Сарапшы айтып өткендей, 2022 жылдың қаңтарында экспортқа 600 мың тонна, ақпанда 700 мың тонна астық жөнелтілді. Бұл 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Демек астық экспортына баж салығын енгізу ұнның көбірек дайындалуына мүмкіндік береді. Біз үшін бидайдың бәсі емес, ұнның бәсекесі жоғары болайын деп тұр.
«Қазақстан өз астығына экспорттық баж салығын енгізсе, Ресей бидайын Қазақстанға жеткізуді қалпына келтіруге туралы келіссөздерде біраз жеңілдіктерге ие боламыз. Оның қанша болатынын барлық мүдделі тараптар бірге талқылап, ортақ шешімге келуі керек», дейді Т.Әлихан.
Сарапшылар экспорттық баж салығын енгізу туралы ұсынысты, тіпті астық трейдерлерінің өзі қолдайтынын осыған дейін де айтып келген. Әзірге барынша айқын түсінікті тетік осы ғана. Сарапшы ескертіп өткендей, өткен жыл оңай болған жоқ. Биылғы жылдың да тәуекелі жоғары. Мұндай жағдайда келісімшарттар орындалмай, мәселені жең ұшынан жалғасып жүріп шешу жағы белең алып кетуі мүмкін.
Әлемде 1,5 млрд-қа жуық адам ашаршылық жағдайын бастан кешіп отыр. Астыққа зәру елдердің қатары өсіп, әлемдік нарықтағы бағаға әсер ететіні белгілі болып қалды. Сарапшылар АҚШ, Қытайда да астық қоры азаятынын айтып отыр. Демек бізге экспорт мәселесінде барынша сақтық таныту керек. Өзге салалардағы өндірістен үлкен өсім күтіп отыра бермей, астық пен ұн өндірушілерді қолдауды арттыра түссек жөн болар еді.
АЛМАТЫ