• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Сәуір, 2022

eGov.kz: Жер алуға кезекке тұруға болады

1647 рет
көрсетілді

Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізілімін әзірлеуді тапсырған болатын. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ЖТҚ-ға жер учаскесін алуға кезекке қою процесін автоматтандыру мәселесін пысықтады. Ал әкімдіктер «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жаңа ақпараттық жүйесінің Жария кадастр картасына жүктеу үшін бұдан бұрын кезекте тұрғандар туралы жиналған ақпаратты ұсынды.

Бұған дейін ЖТҚ үшін жер учас­кесін алу кезегіне тұру мақсатында қа­зақстандықтар әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын, онда кезек ретінің дұрыс жүргізілмеу қаупі болатын. Ол кезде кезекке тұру процесі 12 күнге созылатын. Бұл өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталды.

Жаңа жүйенің нәтижесінде қазақ­стандықтар кезекке тұрып, eGov.kz-те оның жылжу барысын өз бетін­ше бақы­лап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өті­ніштің деректерін өзектендіре алады. Осы­лайша, әрбір қазақстандық алуы тиіс 10 сотық жерді алу процесі барынша ашық болады. Ал автоматтандыру арқы­лы бұл процеске 5 минут қана жұм­салады.

«Әкімдіктер берген тізімді біз цифр­ландырып, электронды форматқа ауыс­тырдық. Жер теліміне кезекті цифрландыру – сыбайлас жемқорлықты жою және жерді игеру үдерісінде жасалған үлкен ілгері қадам. Енді кәмелет жасына толған әрбір қазақ­стандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтінім бере алады. Тағы бір жаңашылдық – енді таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер теліміне өтінім беруге болады», деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінен «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдау қажет.

Әрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар:

кезекке қою; деректерді өзектендіру; кезектен шығару.

Егер сіз жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш білдіріп тұр­саңыз, онда өзіңіз жер алуды қалайтын аймақты таңдайсыз.

Егер сіз бұдан бұрын жер кезе­гі­не тұрған болсаңыз, бірақ ол тура­лы ақпарат таппасаңыз, он­да «Өзектен­діру» өтініш түрін таң­дауыңыз қажет.

Кезек алғаныңызды растау үшін қо­лыңызда бар құжатты (талонның скан-нұсқасы, өтініштің, жеке куә­лік­тің және т.б. көшірмелері) жүктеу қажет. Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn/ сайтында ЭЦҚ ар­қылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады.

Бұдан бұрын алған жер кезегінен бас тарту үшін «Шығару» өтініш түрін таңдау қажет.

Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елді мекенде ЖТҚ үшін бос жер телімі болмаса, жер кезегіне өтініш бере алмайды. Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді әкімдіктер қабылдайды. Учас­келер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елді мекеннің бас жоспарына сәйкес, бос аумақтар болған жағдайда берілетін болады.

Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қалған өтініштердің күші жойылатынын ескеру қажет.

Еске сала кетейік, бұрын қазақстан­дықтар ЖТҚ үшін жер учаскесін алу кезегіне тұру мақсатында жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге жүгінетін. Олар тек өз аймағының жерле­рін таңдай алатын. Кезекте тұр­ған­дардың тізімі де тек әкімдіктерде сақталатын.

Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учас­кесін (10 сотық жер) тегін алуға құ­қылы.