• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2014

Достастық мемлекеттерінің саясаткерлері Қазақстан Президентінің бастамашылығы туралы

349 рет
көрсетілді

ИНТЕГРАЦИЯ – ЕЛДЕР БАЙЛАНЫСЫНЫҢ ӨЗЕГІ

Владимир ПУТИН, Ресей Федерациясының Президенті: Еуразиялық интеграция идеясының авторы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Ол бұл идеясын алғаш рет сонау 1994 жылы Мәскеуге ресми сапары барысында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жария еткен болатын. Бүгінде бұл бас­тама өзінің өміршеңдігін айқын дәлелдеп үлгерді. Тұтастай алғанда, Еуразиялық экономикалық интеграция қазіргі таңда Дүние­жүзілік сауда ұйымының (ДСҰ)  ұстанымдарына да негізделіп отыр. Біздің қатынастарымыздағы маңызды фактор Ресей, Беларусь және Қазақстанның еуразиялық эконо­микалық интеграция­сы болмақ. Бізде бұл жұмыс және осы бірлестік тұтастай ДСҰ ұс­таным­дарында құрылғанын тағы да еске салғым келеді. ДСҰ-ның ережелерін Ресейдің ғана емес, Қазақстанның да, Беларусьтің де экономикалық өміріне енгізу 170 миллион адамы бар жалпы нарықта еуропалық шаруашылық субъектілерінің жұмысын жеңілдетеді.   Александр ЛУКАШЕНКО, Беларусь Республикасының Президенті: – Қазақстан Республикасы мен Беларусь Рес­пуб­­­ликасы арасындағы достық және әріптестік қатынастарды нығайту жолында біздің арамызда қалыптасқан ашық және сенімді үнқатысуды жоғары бағалаймын. Біздің елдеріміз түрлі салаларда көптеген болашағы зор жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы интеграциялық үдерістерді дамытуға ықпал ететін маңызды фактор болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор және көпқырлы тәжірибесі біздің мемлекеттеріміз арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге жәрдемдесетініне сенімдімін.   Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы: – Біздің халықтарымыз ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келді. Соғыстың ауыртпалықтары мен тың көте­рудің қиыншылықтарын теңдей бөлісті. Иыққа иық түйістіріп еңбек етті, бірге өсіп, туған жерді бірге көтерді. Ресейде мақсаткер, талантты, жомарт Қазақстан халқын жақсы біледі және құрмет тұтады. Және біз бұл сезімнің екі жақтың халқына да ортақ екенін жақсы білеміз... Осындай үлкен көрсеткіштердің артында Қазақстан халқының және, әрине, оның басшысы, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан зор еңбегі тұрғаны сөзсіз. Ол Қазақстанның жаңа елордасына өзінің тек еңбегін ғана емес, жанын салғанын бәріміз білеміз. Астананың ғажайып геосаяси орны мен даму философиясы көп жағдайда Еуразиялық идеясымен байланысты екені белгілі. Астана республиканың ұлттық болмыс-бітімі мен оның әлемге ашықтығын, барлық ілгерінді идеялар мен жаңашылдықты сезгіштігін ғажайып түрде паш етуде.   Тайыр МАНСҰРОВ, ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы: Көпшілік білетіндей, Қазақстан Президенті сонау 1994 жылдың наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде негізінде мемлекетаралық ықпалдастық және оған анағұрлым дайын елдердің тығыз экономикалық, гуманитарлық интеграциясы жатқан «Еуразиялық мемлекеттер одағын қалыптастыру туралы» (ЕАС) жобасын таныстырды. Осы ЕАС жобасы бойынша Еуразия елдері бірігуінің негізінде экономика жатуы керек делінді. Оның үстіне, Еуразиялық Одақ нарықтық өзгерістерде, ұлттық қауіпсіздікте, әлемдік экономикалық жүйеге бірлесіп енуде ке­лісіл­ген қадам-қарекеттерді қолдануды қам­тама­сыз еткен болар еді.