Тонның ішкі бауындай араласатын, дәмдес ағайын ауызашарға шақырған. Шынын айттық, денсаулыққа байланысты ауыз бекіте алмап едік, бірақ әлгі ағайын оның ешқандай айыбы жоқ екендігін, келіп дәм татыңыз деп қиылып, қайта-қайта қолқа салды. Амалсыздан барғанбыз. Ауылдастар, құда-құдағиы, ет жақын туыстары жиналып қалыпты. Бір қауым жұрт. Біздің қазақтың уақытында баратын, кешікпейтін жалғыз жиыны осы ауызашар ғана шығар.
Ауыз ашатын уақыт та болып қалды. Бірақ ауыз ашып жатқан ешкімді көре алмадық. Тарауық та оқылмады. Сәлден соң алдымызға ас келген. Ертеректе ауыз бекіткен адамдарға алдымен шай берілетін. Жалаң шай емес, дәмі тіл үйіретін майлы бүйрек, ыстық қуырдақ, палау, тағы басқа адал дәм тартылатын. Маңыздысы шай. Күнімен сусын ішпеген адамның бірден ет жеуі мүмкін емес қой. Соңғы уақытта діндар қауым артық ысыраптың қажеті жоқ деп, бірден ас тартылып жүр. Қол жуылып, жұрт жайғасқан соң төре табақ ортамызға келді. Жеңді білектей қазы, қыртысы қалың жамбас, жалғыз өзі жарым табақты алып жатқан үлкен омыртқа, ішіндегі майына саусақ батпайтын жуан қарта. Бір табақ былай тұрсын, жарым ауылды тамақтандыруға болатын мол тағам. Кездігін жалаңдатқан епсекті жігіттер жапырақтап ет турауға кірісті. Ас үстіндегі әңгіменің негізгі арнасы – ауызашар.
Кейін білдік, ауызашарға жиналған осынша адамның ішінде ауыз бекіткен біреуі жоқ. Бәрінің себептері дайын, негізінен денсаулық, енді біреулерінің күнделікті жұмысынан қолы тимейді. Ауызашардың сауабы туралы білетін едік. Бұл жерде көптің көңіліне қарап, тілімізді тістедік. Астан соң әдеттегідей шай іштік. Беймарал қалып. Тағы да сауап туралы сөз сабақталды.
Шаңырақ иесіне қайыр-хош айтысып босағадан аттап жатырмыз. Шыға берісте майлы етті көбірек қарбытып, қарны шеңбірек атқанша жеп тояттаған ағайын: «байқадың ба, ауыз бекіткен біреуі де жоқ екен, жай ғана кешкі ас ішкендей болдық қой» деп күстәналады. Бар жағдайды көз көргенімен, айтуға тіл тартынған.
Келесі күні таныс имамға қоңырау шалдық. Негізі ауыз бекіткен адамды шақырған жөн деді ол. Сөз төркінін танитын адамсың ғой, «ауызашар» деп айтылып тұрған жоқ па?
Кезек бізге де жеткен, тізім жасап отырмын. Жасы жетпістен асқан, бірақ намазға жығылмаған, ауыз бекітпейтін ағам бар еді, үлкенді сыйлайтын ғұрыппен жазсам ба екен, әлде ауыз бекітпеген өзінен көрсін десем бе? Екі ойлы болып отырғаным.
Көкшетау