• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Хоккей 13 Сәуір, 2022

Алғашқы финалист анықталды

152 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты өз мәресіне таяп қалды. Плей-офф кезеңінің жартылай финалында бақ сынап жатқан Қарағандының «Сарыарқасы» төрт команданың ішінде алғашқылардың бірі болып финалға жолдама алды. Плей-оффта елорданың «Номадымен» кездескен қарағандылық хоккейшілер соңғы, шешуші матчта қарсыластарын ірі есеппен жеңіп, финалға шықты. Ал жартылай финалдың екінші жұбында өнер көрсетіп жатқан Атыраудың «Бейбарысы» мен Көкшетаудың «Арланы» жетінші кездесу өткізетін болды.

«Сарыарқа» мен «Номад» арасын­дағы бесінші матчтың алдында «кен­шілер» командасы серияда 3:2 есебімен алда тұрды. Қарағандыда өткен бесінші кездесуде «Номад» 5:3 есебімен жеңіс­­ке жетіп, сериядағы есеп айырма­сын қысқартты. Өз мұзайдынында өтетін маңызды, алтыншы ойынның қарсаңында «көшпенділер» қосымша мотивацияға ие болды. «Сарыарқа» хоккейшілері бір аяғымен финалда тұрғандықтан, олар да бұл ойында аянып қалмайтыны анық еді.

Екі команда үшін де маңызды әрі шешуші матч болғандықтан, кездесу «ә» дегеннен тартысты басталды. Екі клубтың хоккейшілері де есепті бірінші болып ашуға тырысты. Бірінші кезеңнің 17-минутында сан басымдығына ие болған «сарыарқалықтар» өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Никита Анаховскийден тамаша пас алған шабуылшы Сергей Голоднюк Никита Бояркин қорғаған қақпадан саңылау тауып, командасына басымдық сыйлады. Үзілістен кейін қарқынын одан әрі күшейткен қонақтар 21-минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Шайба авторы – Денис Федоров. Ал 38-минутта тағы да сан басымдығына ие болған «Сарыарқа» есептегі басымдығын үш голға дейін жеткізді. Бұл жолы Михаил Рахманов мергендігімен көзге түсті.

Чемпионаттың финалына берілетін жолдама уысынан шығып бара жатқа­нын аңғарған «Номад» ойыншыла­ры бұл кезеңде Андрей Шутов қақпасының алдында біраз қауіпті шабуыл ұйымдас­тырып, гол соғу үшін барын салғанымен, қарағандылық хоккейшілер мүмкіндік бермеді. Есесіне кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда Андрей Яковлев ойынның нүктесін қойып, «Сарыарқаға» жеңіс сыйлады – 0:4. Осылайша, алты ойынға созылған жартылай финалда 4:2 есебімен жеңіске жеткен «Сарыарқа» ел біріншілігінің финалына шықты.

Енді «Сарыарқа» екінші жартылай финалдағы «Бейбарыс» пен «Арлан» клубтарының жеңімпазымен ойнайды. Қазір екі клуб арасында жалпы серияда таразы басы тең – 3:3. Алтыншы матчта «Бейбарыс» 3:1 есебімен жеңіске жетіп, таразы басын теңестірген еді.