• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2022

Жас алпысқа жеткенде...

496 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жасы зейнеткерлікке таяу, уақытша жұмыссыз жүрген адамдарды жұмыспен қамту мақсатындағы «Күміс жас» жобасы шарапаты мол, игі іс.

Таяуда ауылдан көшіп келген, алпыс­ты алқымдап қалған көзтаныс азамат м­ұңын шақты. Шағын қаланы шыр айналып шыққанымен, қолынан келетін, қауқары жететін жұмыс таба алмаған. Ауылға лайық мамандықтың, күш-қуаты барында жанын салып істеген кәсібінің қалада еш қажеті жоқ екен. Ал жаңа жосықты игермеген. Оның үстіне өзінің айтуына қарағанда, денсаулығында аздаған кінәрат бар. Қажыр-қайратты қажет ететін қара жұмысқа қауқарсыз. Дәл осындай өкінішті уәжді әлденеше рет естідік. Біз тілдескен, жастары жер орта­­сынан ауған ағайынның бәрі «Күміс жас» жобасынан хабарсыз екен. Үкімет тара­­пынан жасалып жатқан қамқорлықты біл­гені, мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істе­гені жақсы емес пе? Бір отбасының ғана ырысын көбейтпей, ел ішіндегі өкпе-назды да сейілтер еді.

– Адам алпысқа жеткенше жұмыс істесе, онда да біз сияқты ауылдық жерде қара жұмысты күйттесе, денсаулығы құрып бітеді, – дейді ел ағасы Қайрат Ома­ров, – адам ағзасы темір емес қой. Әу­пі­рім­деп жүріп зейнет демалысына жетсе, жастық шағында көрген бейнетінің қайтарымы болар еді.

Әрине, ақсақалдың сөзі орынды. Бірақ жасалып жатқан қамқорлық жайлы біл­меу, оны пайдаланбау өкінішті-ақ. Ми­нис­трлік жасы жеткен адамдар үшін бағалы бастаманы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлт­тық жоба шеңберінде жүргізуді ұсын­ған. Осы жоба бойынша әр жыл сайын 5 мың адам қамтылмақ деп уәде еткен. Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, жалақы бо­йынша берешегі жоқ барлық меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар қатыса алады.

– Біз осы бағдарлама бойынша жасы зейнеткерлікке таяп қалған адам­дар­­ды шақырып, құлақтандырып жа­тыр­­­мыз, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Асыл Мол­дия­ро­ва, – бірақ өтініш білдіріп жат­қан­дар өте аз. Зейнет жасы алдындағы ада­м­д­ар­дың жа­лақысының бір бөлігі бюд­жет қа­ра­жа­ты есебінен субсидияланады.

Ел ішінде бойындағы қайраты кемі­ген, қуаты қайтқан адамдар түгіл бо­йын­да жастық жалыны лаулап тұрған жас­­тардың өзі екі қолға бір күрек таба алмай отыр деген жорамал жиі айтылады. Бірақ ақыл таразысына салып байыптап қарасаңыз, осы бір үйде отырып айтқан баянсыз болжам шындыққа түбегейлі жанаса бермейтін сыңайлы. Біз бұл тақырыпты ел газеті «Егеменде» өткен жылы да қаузап жазған болатынбыз. Шындығында, облыс орталығында да, елде тіршіліктің тайқазанын қайнатып жат­­қан, ауыл шаруашылығымен айна­лы­сатын ұжымдарда да жұмыс көп, жұ­мыс­шы жоқ.

– Мен бір жылдың ішінде жұмыспен қамту орталығына бірнеше мәрте барып, жұмыс іздеп жүрген адамдар барлығын білемін, – дейді құрылыспен айналысатын серіктестік басшысы Сайран Жақы­пов, – тас қалаушы, әрлеуші, дәне­кер­леу­ші тәрізді мамандарға сұраныс көп. Ал кранда істейтін бесаспап мамандар тіптен тапшы. Олардың жалақысы айы­на 400 мың теңге төңірегінде, ешқандай мамандығы жоқ жай қара жұмыс атқара­тын адамдардың өзі айына орташа есеппен 200 мың теңге төңірегінде табыс табуға мүмкіндіктері бар. Бірақ еңбек­ақы­сы уақытында төленетін осындай жұ­­­мыстарға керек кезінде адам таба ал­май­­мыз.

Тек құрылыс жұмыстары ғана емес, өзге де шаруаны игеру үшін қол күшіне зәру болып отырғандар жетіп артылады. Тіпті дипломның да, кәсіби ше­берліктің де қажеті жоқ. Кәдімгі кез кел­ген кісінің қолынан келетін қара жұмыс.

– Өткен жылы қолына күрек ұстауға қауқары жететін адам таппай қиналған кезде, жалақыларын айына бір рет емес, әр күн сайын атқарған жұмысына қарай төлеп тұрамыз деп құлаққағыс айттық, – дейді жол жөндеу учаскесінің шебері Айдарбек Ырысбаев, – бірақ некен-саяқ жұмысшы табылғанымен, қажетті мөлшер шықпады.

Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 688 адам өтініш берсе, олардың 418-і жұмыссыздар есебінде тіркелгендер екен. Орталықтың себі тиіп, 363 адам жұмысқа орналасыпты. Есеп­ті кезең ішінде жылдық жоспар ­ 2 583 жұмыс орны болса, әзірге 179 адам тұрақты, 180 адам уақытша жұмысқа орналастырылған. Осы арада он екі мүшесі сау адамдарға үлгі-өнеге болуы үшін мүмкіндігі шектеулі адамдардың да күнкөріс үшін талпынып, жұмыс істеп жатқанын екпін түсіріп айта кетсек, ерсілігі болмас. Айталық, жыл басы­нан бері 35 мүмкіндігі шектеулі адам жұ­мыс­қа орналасқан, олардың 30-ы бел­сен­ді ж­ұмыспен айналысады, қал­ғандары қо­ғам­дық жұмыстарға тартыл­ған. Бұл санамен салмақтайтын мысал.

Жоғарыда айтқандай, шалғайдағы ша­ғын елді мекендерден келіп, облыс орталығынан жұмыс іздеп жүр­ген­дер жетерлік. Бәрінің көкейіндегі мақсат-мұрат бір арнада тоғысып жатыр. Бұл – табысы толымды жұмыс табу. Бұл арада қам жейтін қиындық жоқ тәрізді. Ең бастысы, адал жұмыс іс­теймін деген ықылас болса жетіп жатыр. Өйткені кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысшыларды қайта даярлауға мол мүмкіндік бар. Демек, аз уақыттың ішінде белгілі бір кәсіпті игеріп, ең­бек­ақы тауып, отбасыңның несібесін көбейте аласың. Жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту орталығында 90 адам жаңа кәсіпті игерген. Әрине, облыс орталығы үшін аса үлкен көрсеткіш те емес. Бірақ жұмыс таба аламын ба, жоқ па деп дүдәмал кө­ңіл күйде жү­ріп діңкесі құрыған адамдар үшін ты­ғырықтан шығатын жол емес пе? Жаңа бизнес идеяларды ойлап та­уып, со­ныға соқпақ саламын дейтіндер үшін де келешектің көкжиегі ашық. Биыл өз кәсібін дамытуға лайықты қол­дау көрсету үшін 50 грант бөлу көз­де­ліп отыр. Жаңа кә­сіпті игеруге де, на­рық­та­ғы бос ке­ңіс­тік­ті анықтауға да, қай жұмыстың тиімді екенін бағдарлауға да көмек беріледі. Қалған шаруа өзіңе байланысты.

Жұмыспен қамту орталығында өзге ба­ғыттар бойынша да көрсетілетін қам­қор­лықтар аз емес. Тек уақтылы құлақ­тан­ды­рып, жалпақ жұртты жақсы іске жұ­мыл­дырып, ырысты болуға ұйым­дас­ты­рып отырса болғаны.

– Індет үдеп, қала тұрғындары қарға адым жер ұзап шыға алмай қалған кезде орталықтың жұмысын насихаттауға мүм­кіндік те шектеулі болды, – дейді жұ­мыспен қамту орталығының басшысы, – енді ғана мүмкіндік туып отыр. Халық көп жиналатын жерлерде бос жұ­мыс орын­дарын айтып, көрсетіп, құ­лақ­қағыс ететін боламыз.

Тағы бір айта кететін мәселе бар. Шын мәнінде, қанша адамның жұмысқа ор­­на­­ласқанын нақты болжап білуге болмайды. Айталық, құрылыс компаниясы көпқабатты үйдің қабырғасын қалауға кірісті делік. Білетіндердің айтуына қа­рағанда, компания бір адаммен ғана келісімшарт жасайды. Ол жұмысты елу, әлде одан көп адам атқаруы мүмкін. Сол себепті нақты есеп шықпайды. Әрі зей­нетақыға, әрқилы салықтарға аудары­ла­тын төлем төленбейді. Орталық ма­ман­­дарының айтуына қарағанда, олар­дың бұл тарапта тексеріс жүргізуге құ­қық­та­ры жоқ.

Әуелгі тақырыпқа қайта оралсақ, мем­лекет тарапынан қазақтың жалпақ ті­лімен айтқанда, еңкейген кәрісі мен ең­бектеген баласына дейін жанды қам­қор­лық жасалуда. Біз сөз етіп отырған «Күміс жас» жобасы да осы ел қамын жеген игі істің бір арнасы.

 

Ақмола облысы