Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді білу, құжаттарды сол тілде әзірлеу талабы жыл сайын күшейіп келеді. Демек бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкерлерге тіл үйрету мәселесінің маңызы қай кездегіден де артып отыр. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік өзгерістерге сай қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру – бүгінгі өзекті мәселе.
Осы мәселеде нақты қадамдарға барып, мемлекеттік тілді қолданысқа енгізуді кезең-кезеңмен іске асырып келе жатқан мекеменің бірі – Алматыдағы Президент Іс басқармасы медициналық орталығының «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ. Мемлекеттік тілді дамытудың алдағы жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес аталған мекемеде мемлекеттік тілдің қызмет етуін қамтамасыз ету, қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде насихаттау, қызметкерлердің тілдік әлеуетін көтеру, медицина саласының терминологиялық базасын жүйелендіру және әрі қарай дамыту сияқты мақсаттар көзделген.
«Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ президенті, медицина ғылымдарының кандидаты Рустам Албаевтың айтуынша, ұжымның мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін сапалы деңгейге көтеру қарастырылғандықтан, қызметкерлерге тіл үйретуге мүмкіндік жасалған. Қазақ тілі кабинеттері толық компьютерлік-лингофондық техникамен, тақта және стендтермен жабдықталған. Ауруханада қазақ тілін енгізудің бірқатар шарасы жүзеге асырылды: барша көрнекіліктер, анықтамалықтар мен қабырғаға ілінетін ақпараттық нұсқаулар қазақ тілінде толықтырылып жазылған. Жарнамалық тақталар, аурухана ғимараттары мен бөлімшелерінің, ем жүргізетін бөлмелердің көрсеткіштері мен сілтемелері бірыңғай тілдік жүйеге келтірілген.
– Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту барысындағы басты міндетіміз – тілді үйретудің ең қолайлы амалдары мен қағидаттарын таңдап алу. Өйткені мемлекеттік тілді үйрету процесін тиімді ұйымдастырудың бір өзегі осыған байланысты. Оқытудың қандай да болсын амал-тәсілін ұтымды, нәтижелі пайдалану – әрбір оқытушының іскерлігіне байланысты. Біз де өз тәжірибемізде осындай мақсаттарды алға қоя отырып, өзге ұлт өкілдерін оқытуда мемлекеттік тілді оқытудың әртүрлі тәсілдерін қолданамыз. Соның бірі – медицина саласындағы қызметіне байланысты мәтіндермен жұмыс істеу. «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ-да өзге ұлт өкілдері арасынан тіл үйренуші көптеп кездеседі. Әр дәрігерге өздерінің бейініне байланысты мәтіндермен жұмыс істеу – өте қызықты, әрі тиімді. Өйткені олар біріншіден, өздері де білмейтін жаңа сөздермен, жаңа баламалармен танысады, осы мәтіндер арқылы мемлекеттік тілді үйренеді. Сонымен қатар өз қызметінде қолданатын сөздерден аз да болса мәлімет алады. Әсіресе дәрігерлерге атқаратын бейініне байланысты мәтіндерді оқытқан кезде сөздікпен жұмыс, яғни тыңдаушы қызметкерлер әр салаға, атқарып жүрген бейініне байланысты термин сөздердің аудармаларымен танысады. Қазақ тілі сабақтарында қолданылатын мәтін ғылыми тұрғыдан сұрыпталып, өңделуге тиіс. Ол тыңдаушының психофизологиялық ерекшелігіне бейімделіп алынады. Мәтіндермен жұмыс істеу барысында сабаққа қажетті мәтінді таңдап алған соң, онымен жүргізілетін жұмыстарды кезеңдерге бөлемін: мәтінмен жұмыстың алдындағы кезеңі, мәтінмен жұмыс кезеңі, мәтін соңындағы жұмыс кезеңі. Мәтінге дейінгі кезеңде мәтін алды жаттығулар беріліп, әртүрлі құрылымдық тіркестерді меңгерту көзделеді. Мәтінмен жұмыс кезеңінде оқыған мәтінді түсіну, мазмұнын айту, сұраққа жауап беру, негізгі ойды анықтау жұмыстары жүргізіледі. Соңғы кезеңде мәтінге түсініктеме беруді үйретуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Мәтін соңындағы жұмыс кезеңінде мәтіндегі сөздер, сөз тіркестерімен жұмыс жүргізіледі, мәтінді грамматикалық тақырыппен байланыстыру мақсатында сөз тіркестерін талдауға көңіл бөлінеді. Мәтіндегі терминдерді есте сақтау мақсатында сол терминдер көмегімен, сөйлем құру жұмысы қарастырылады. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретуде бірден-бір қажетті нәрсе мәтін десек, тыңдаушылар әр уақытта мәтінмен тығыз байланыста болады. Мәтінді меңгерту жолдары да түрліше болып келеді. Жаңа сөздермен сөз тіркестерін тақтаға жазып, есте сақтауын қадағалау, пәрменді сөздермен жұмыс жүргізу, мәтіндегі бейініне байланысты терминдерді бірнеше рет қайталап айтқызу арқылы есте сақтау, сұрақ-жауап арқылы мәтіннің мазмұнын игерту, – дейді «Орталық клиникалық ауруханасының» қазақ тілінен дәріс беретін оқытушысы Айгүл Өтен.
Міне, осы сияқты кең ауқымды жұмыстың нәтижесінде тыңдаушылар тілді меңгеруге мүмкіндік алады. Мемлекеттік тілді меңгерудің ең бастысы – тыңдау, сөйлеу, ойлау, оқу, жазу тіл үйренудің компоненттері дейтін болсақ, осы бір мәтінді игеру барысында тілдік қызметтің барлық түрі жан-жақты қамтылады.
Ең бастысы, мемлекттік тілдегі медицина саласына қатысты сөздіктер, еңбектер тапшы болғандықтан, «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ президенті, медицина ғылымдарының кандидаты Рустам Албаев пен қазақ тілінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Айгүл Өтеннің бірлескен авторлығымен «Күнделікті қолданыстағы жекелеген медициналық сөздер мен терминдердің орысша-қазақша сөздігі» атты әдістемелік еңбек әзірленіп, баспаға ұсынылуы қуантарлық жағдай.
Аурухана медициналық сөздіктер мен анықтамалықтар шығаруды алдағы уақытта да жоспарлап отыр.
АЛМАТЫ