• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Сәуір, 2022

Екінші республика – мемлекеттік үлгінің жаңаруы

643 рет
көрсетілді

Елордада Amanat пар­тия­сының Қо­ғам­дық саясат институты жаны­нан іске қосылған Talqylau диалог алаңы­ның екінші отырысы өтті. Әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы таңдалған талқылау тақырыбы ел Президенті айтқан мемлекетті трансформациялау жөніндегі идеологема – «Екінші республикаға» арналды.

Әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткен ашық пікірталас барысында сарапшылар, қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы ұсынған реформаларға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

Отырысқа қатысқан Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бұл термин билік институттары арасында тепе-теңдікті сақтайтын мемлекеттік басқару моделінің өзгеруін сипаттайтынын атап өтті. «Жаңа Қазақстан – маңызды қоғамдық трансформацияны жүзеге асыратын кең ауқымды идеологема болса, «Екінші республика» – мемлекеттік модельді өзгерту. Бірінші жағдайда өзгеріс құндылықтар деңгейінде орын алады, ал екінші жағдайда бұл институционалдық, құқықтық деңгейде жүзеге асатын өзгерістерді білдіреді. Президенттің 16 наурыздағы халыққа Жолдауында жария еткен нақты жаңа саяси бастамаларын жүзеге асыру басталып кеткенін ескерсек, «Екінші республикаға» жақын арада көшеміз деп айтуға болады», деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік хатшы Президенттің жаңа бастамалары бүкіл саяси жүйені жаңғыртып, қайта бастауды білдіретінін атап өтті. Жаңа заңдар қабылданып, Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін іс жүзінде осы жылдың өзінде Қазақстан мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көше бастайды. Ол тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін институционалдық тұрғыдан нығайтып, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.

Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов елімізде саяси жүйені трансформациялау партияны жаңғыртудан басталғанын алға тартты. «Заңнаманы либерализациялауды, жаңа партияларды тіркеу ресімдерінің жеңілдетілуін ескерсек, еліміздің партиялық-саяси алаңына жаңа ұйымдардың келетінін түсінеміз. Бұл – біздің партия үшін өзінің алдағы уақытта көшбасшы болуға ұмтылысын және бәсекелестікке дайын екенін дәлелдеу мүмкіндігі. Сындарлы диалог құрып, Қазақстанды дамыту бойынша нақты идеялар мен ұсыныстар әзірленетін бұл алаңдағы кездесулер Amanat партиясының саяси мәдениетті арттыруға ықпал ететінін көрсетеді», деді Асхат Оралов.

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтың айтуынша, «Екінші респуб­лика» әр кез сайлау жолымен қалыптасатын мемлекеттік билік жүйесін айқындап келді. «Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік кезеңінде сайлау жүйесі қаншалықты қарқынды реформаланып жатқанын көріп отырмыз. Алдымен ауыл әкімдерін сайлау институты енгізілді. Кейін аудан әкімдері сайланады. Сайлау процесіне мажоритарлы жүйенің элементтерін қайтару жұмысы жүріп жатыр. Бұл да – жаңашылдықтың, жақсылықтың нышаны. Бұл – тек идеологияның немесе ұғымдардың өзгеруі ғана емес, анығында бұл алға жылжудың, дамудың көрінісі», деп толықтырды А.Чеботарев.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бүгін қазақстандықтар Конституция ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесі де өзгеріп жатқан тарихи кезеңде өмір сүріп жатқанын атап өтті. «Біз мемлекеттіліктің бұрынғы форматынан бас тартпаймыз. Алайда оған қайтып оралмайтынымызды да түсінгеніміз жөн. Жасыратыны жоқ, ел азаматтарының басым көпшілігі өзге мемлекеттердің, қайсыбір утопиялардың сезімімен өмір сүреді. Қазір өз кеңістігімізге оралып, өз күн тәртібімізбен өмір сүруді үйрену маңызды», деді депутат.

Кездесу барысында Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов те тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды. Залдағы қатысушылар ғана емес, онлайн қосылған көрермен де сұрақ қойып, пікірталасқа атсалысты.

Talqylau диалог алаңын құру бастамасы партияның 1 наурызда өткен кезектен тыс съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген еді. Алдағы уақытта бұл отырыстар түрлі форматта өтіп, онда пікірталас, подкаст, дебат түрінде ұйымдастырылады. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.