• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 15 Сәуір, 2022

Он оқушы тегін білім алады

435 рет
көрсетілді

Павлодарлық оқушылар халықаралық білім додаларында топ жарып жүр. Балаларды ынталандыруды естен шығармаған жөн. Бұл ретте, Павлодар педагогикалық университетінің басшылығы республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанған 10 оқушыға тегін оқу грантын үлестірді.

Иә, талапты оқушылар Павлодар педа­гогикалық университетінің сту­ден­ті атануға мүмкіндік алды. Бала­лар жылында жасалған қолдау осындай болса керек. Гранттарды табыстау рәсімінде аталған білім ордасының ректоры Жанбол Жылбаев дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Айта кету керек, биыл ұстаздар ұстаханасы аталған пед­университеттің 60 жылдығына орай гранттардың саны ұлғайып отыр.

– Өңірімізде әртүрлі білім беру мекемесінде еңбек етіп жүрген пе­да­гогтердің 80 пайызы – Павлодар пе­дагогикалық университетінің тү­легі. Павлодар облысының оли­мпиа­далық командасы кейінгі  20 жыл­­д­ықта республикада бірінші орында нық тұр. Бұрын 1-4 курс сту­дент­тері арасында 77 ғана «Алтын белгі» иегері тіркелген еді. Ал былтыр біздің университетке 100-ден астам «Алтын белгі» иегері оқуға қабылданды. Көрсеткіштерге қарап, оқушылардың білім беру саласына деген қызығушылығы артқанын аңғаруға болады, – деді Жанбол Октябрьұлы.

Пән олимпиадасы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының қолда­уы­мен ұйымдастырылды. Орталық дирек­торы Азамат Шаймұрат ППУ бас­шылығының грант санын арттыруы білімге құштар жастарға берілген зор мүмкіндік екенін атап өтті. «Жеңімпаздар арасында ауыл мектептерінде оқитын оқушылар да бар. Гранттардың табысталуы – ауыл балаларын қолдаудың нақты көрінісі деп білеміз. Оқушыларды дайындаған ұстаздарға да зор алғыс білдіремін», деді А.Шаймұрат.

Өз кезегінде грант иегері атанған оқушылар да өз ұстаздарына және естен кетпес қуаныш сыйлаған ППУ ұжымына алғысын білдірді.

– Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Адам мен адамды теңестіретін білім» деген екен. Мектептен алған сапалы білімнің нәтижесінде олимпиада жеңімпазы, грант иегері атандым. Бізге осындай қолдау көрсеткен өзіндік даму тарихы бар Павлодар педа­го­ги­калық университетінің ұжымына алғыс білдіремін, – деді Айханым Хафиз.

Аталған университеттің бұл қолда­уы өзге білім ордаларына үлгі болса екен деген тілек бар. Қоғамда жеңімпаз спортшыларға зор қолдау көрсетіліп, білім сайыстарының жеңімпаздары тасада қалатыны жиі айтылып жүр. Гранттардың табысталуы олқылықтың орнын толтыруға жасалған алғашқы қадам деп есептейміз.

 

ПАВЛОДАР