• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Теннис 18 Сәуір, 2022

Теннисші қыздардың тарихи жеңісі

262 рет
көрсетілді

Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы ел тарихында тұңғыш рет командалық әлем чемпионаты саналатын Билли Джин Кинг кубогы жолындағы жарыстың финалдық кезеңіне жолдама жеңіп алды. Жерлестеріміз елордадағы Ұлттық теннис орталығында өткен тартыс­ты ойында әлемнің экс-бірінші ракеткасы әйгілі Анжелика Кербер бастаған неміс қыздарымен кездесіп, 3:1 есебімен басым түсті.

Іріктеу кезеңінің жеребесі бо­йын­ша жарысты Юлия Путинцева мен әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турни­рінің үш дүркін чемпионы, Рио Олим­пиадасының күміс жүлдегері Ан­желика Кербер бас­тап берді. Екі теннисші де бұған дейін бір-бірімен екі рет кездесіп, екеуін­де де А.Кербердің мерейі үстем бол­ған. Кезінде әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте көш бастаған Кер­бер 2018 жылы Люксембургте өткен турнирде Ю.Путинцевамен алғаш рет кездесіп, екі сетте 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетсе, араға жыл салып екеуі 2019 жылы Индиан-Уэллсте қайта жолықты. Жерлесіміз бұл жолы да неміс қызына еш қар­сылық көрсете алмады – 6:0, 6:2. Ал елордадағы үшінші кездесуде Юлия Путинцева өз жанкүйерлерінің алдында Керберді тізе бүктіріп, екі жеңілістің есесін қайтарды.

Кездесудің бірінші партиясын қарсыластар брейк алмасумен бастады. Содан кейін Кербер қарқынын арттырып, «ә» дегеннен есепті 5:1-ге жеткізді. Кейінгі екі геймде Ю.Пу­тинцева брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 6:3. Есесіне екінші сетте жерлесіміз тамаша ойын көрсетіп, бірінші сеттегі қар­сыласының нәтижесін қайталады. Таблодағы есеп 1:1 болған мезетте Юлия брейк жасай білді. Тағы бір брейкпен өзінің геймін де алды – 5:1. Бұдан соң Анжелика есепті қысқартқанымен, қазақстандық тен­нисші сетті тағы бір брейкпен тә­мамдады – 6:3. Үшінші, шешуші сетте Путинцева қатарынан үш гейм­­­де жеңіске жетіп, 3:0 есебімен ал­ға кетті. Әрі қарай да ойынды өз ба­қы­лауында ұстаған қазақстандық тен­нис­ші сегізінші геймде брейк жасап, ойынның нүктесін қойды – 6:2. Осылайша, алғашқы кездесуден кейін Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен алға шықты.

Ұлттық құрама сапында 15-ші жеңісіне қол жеткізген Юлия Пу­тинцева қазақстандық теннисшілер арасында ең көп жеңіске жеткен спортшы атанып, рекорд жаңартты. Бұған дейінгі рекорд Қазақстан әйелдер құрамасының қазіргі капитаны Ярослава Шведова мен Зарина Диасқа тиесілі еді. Олар бүгінге дейін ұлттық құрама сапында 14 мәр­те жеңіске жеткен болатын. Юлия Билли Джин Кинг додасында 2014 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.

– Бірінші болып сынға түсу қашанда қиын. Бастапқыда абыр­жығандықтан, өз-өзіме келе алмадым. Бірінші сеттің соңында соққыны сезіну керектігін түсіндім. Сосын Анжеликаның осал тұсын табуға тырыстым. Ашық қалған жер­лерді көздеп, оны көбірек жү­гіртуді ойладым. Бұл тактикам жүзеге асты. Мұндай матчта әрбір ұпай маңызды. Ертеңгі ойында да барымызды саламыз», деді Ю.Путинцева матчтан кейін.

Путинцева-Кербер кездесуі аяқталған соң кортқа Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мен германиялық Лаура Зигемунд шықты. 2019 жылы АҚШ-тағы жарыстарда Е.Рыбакина қарсыласын екі мәрте жеңсе, 2021 жылы германиялық теннисші Дохада бір мәрте Еленаға есе қайтарған еді.

Е.Рыбакина үшін Лаура Зиге­мунд­пен өткен бұл жолғы матч өз карье­расындағы аса жеңіл кез­десудің бірі болды десек, қателеспейтін шы­ғармыз. 34 жастағы Л.Зигемунд Гер­­­­­мания құрамасындағы аса тәжі­ри­белі теннисшінің бірі болса да, отандасымызға тек бір геймде ғана қарсылық көрсете алды. Елена бі­рінші партияда қарсыласына бірде-бір гейм бермей, 22 минутта 6:0 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші сетті германиялық спортшы брейкпен бастағанымен, Елена лезде таразы басын теңестіріп кетті. Кейіннен қатарынан бес геймде үстемдік танытқан жерлесіміз 6:1 есебімен ойынды аяқтады. Сөйтіп, бірінші күнгі екі кездесуде де жеңіске жеткен Қа­зақстан құрамасының теннисшілері 2:0 есебімен алға шықты.

– Жанкүйерлер таблодағы есепті көріп, ойын оңай болды деп ойлайтын шығар. Бірақ өз елімде, жан­күйерлеріміздің алдында бірінші рет ойнаған соң аздап қобалжу болды. Десе де, бүгін спорт кешеніне жи­налған жанкүйерлерге жақсы ойын көрсете алдым деп ойлаймын. Әрине, Лаура жарақатынан айы­ғып, кортқа енді оралғандықтан, ол күшін толық көрсете алмаған болуы керек. Юлия Путинцева мен Анжелика Кербердің ойынын көре алмадым. Бірақ Кербердің қалай ойнайтынын жақсы білемін. Біз әлі күнге дейін кортта кездеспегенбіз, әйткенмен бірге жаттығып жүрдік. Ертең жеңіске жетіп, қазақстандық теннис жанкүйерлерін қуантуға тырысамын, – деді Е.Рыбакина.

Ертесі күні кортқа Қазақстан мен Германияның бірінші ракет­калары Елена Рыбакина мен Анже­лика Кербер шықты. Өз елінің үз­дік теннисшілері арасында өткен ойын­ның бірінші партиясында таразы басы жетінші геймге дейін теңселіп тұрды. Жетінші геймде германиялық теннисші брейк жасап, есепте алға шықты – 4:3. Осы қарқынын жоғалтпаған А.Кербер бірінші партияда жеңіске жетті – 6:4. Екінші сетте Кербердің қателігінен кейін Ры­бакина есепте алға шығып қана қоймай, бұл партияны өз еншісіне жазды – 6:3. Үшінші, шешуші сетте де қарсыластар ұзақ уақыт бір-бірінің осал тұсын таба алмай, жетінші геймге дейін тең ойнады – 3:3. Сегізінші геймде Кербер матчқа доп бергенде Рыбакина брейк жасап алға шықса, кейінгі екі геймде де қатесіз ойнап, 7:5 есебімен қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның тамаша жеңістерінен кейін Қазақстан құрамасы тарихта бірінші рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шықты.

Ал ештеңе шешпейтін жұптық сында Анна Данилина мен құрамаға алғаш қосылған Жібек Құламбаева неміс қыздарына 1:2 есебімен есе жіберді.

Қазақстан құрамасынан бөлек, аталған турнирдің финалына жолдама алған 12 елдің қатарында Аустралия, Польша, Бельгия, Словакия, Канада, Испания, Чехия, Швейцария, Италия және АҚШ теннисшілері бар. Ал соңғы 12-ші жолдаманың иегері сәл кейінірек қосымша ойындар арқылы анықталады.