• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Сәуір, 2022

Шайдаров шаттыққа бөледі

248 рет
көрсетілді

Эстония астанасы – Таллинде өтіп жатқан мәнерлеп сырғанаудан жас­тар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Михаил Шайдаров жоғары нәтижеге қол жет­кізіп, жаһандық доданың күміс жүл­десін жеңіп алды.

Мұны Қазақстан мәнерлеп сырғанау тарихындағы ірі жетістіктің бірі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені бұған дейінгі жас­тар арасындағы әлем біріншілігінде талай өрендеріміз бақ сынаса да, бірде-біріне жүлдегерлер қатарынан көріну бақы­ты бұйырмаған еді. Тіпті Олимпия ойын­дарының жүлдегері және қатысушысы бол­ған Денис Тен мен жарақатына байланысты былтыр ғана карьерасын аяқтаған Элиза­бет Тұрсынбаева да әлемдік сында өнер көр­сеткенімен, екеуі де жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, жарысты төртінші орынмен аяқтаған болатын.

Эстониядағы доданың жекелей бағдар­ламасында өнер көрсеткен 17 жастағы отан­да­сымыз төрешілердің 234,31 ұпайына ие болып, әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Бас жүлдені 17 жастағы америкалық Илья Малинин (276,11 ұпай) иеленсе, қола жүлде 19 жастағы жапониялық Тацуя Цубоиге (233,82) бұйырды.