Семсерлесу спортынан Францияда мәресіне жеткен кезекті Әлем кубогы жарысында Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Руслан Құрбанов отандық семсерлесу тарихында алғаш рет күміс медаль жеңіп алды.
Былтырғы Токио Олимпиадасына қатысушы Р.Құрбанов – бұған дейінгі ірі жарыстарда ел қоржынына жүлде салып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген тәжірибелі спортшының бірі. Ол бұған дейінгі Әлем кубогы додасында екі мәрте қола медаль жеңіп алған болса, енді, міне, өз нәтижесімен Қазақстан құрамасының жетістігін жаңартып, күміс жүлдеге қол жеткізіп отыр.
Отандасымыз Париждегі бәсекесінің ширек финалында мысырлық Мохаммад Эльсаедті жеңсе, жартылай финалда жарыс қожайыны Александр Барденеден басым түсті. Ал финалда тағы бір франциялық спортшы Лопез Портье Нельсонмен шеберлік байқасып, тартысты өткен кездесуде есе жіберді.