• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2022

Норвегияда жерленген тағы 18 қазақстандық жауынгердің есімі анықталды

298 рет
көрсетілді

Қазақстанның Ослодағы елшілігі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оккупацияда болған Норвегияда тұтқында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жаңартылған тізімін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Олар Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының тумалары немесе сол өңірлерден әскерге шақырылған. Жауынгерлердің бейіттері Саннешоен (Tjøtta sovjetiske krigskirkegård), Лиллехаммер (Jørstadmoen), Берген (Åsane kirkegård) және Тронхейм (Støren kirkegård) қалаларының жанындағы кеңестік әскери зираттарда.

Тізім «Фалстад орталығы» (Норвегия), Қазақстан аумағынан шақырылып, Отан соғысы кезінде қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен әскери қызметшілер туралы «Мемориал» деректер банкі, сондай-ақ ресейлік «Мемориал» жиынтық деректер банкі сияқты бірнеше көздерден алынған ақпаратты салыстыру арқылы жасалған. Онда сарбаздың туған жылы мен мекені, әскерге шақыру, қызмет ету, тұтқындалу, қайтыс болу даталары және жерленген жері, туыстары туралы мәліметтер, сондай-ақ қолда бар құжаттарға сілтемелер берілген.

Бүгінгі күнге дейін Норвегияда жерленген кеңестік әскерилердің шамамен 15500-і туралы белгілі болып, олардың 7000-ға жуығының есімдері анықталды. Оның ішінде қазақстандық солдаттардың жалпы саны - 74. Қаза тапқан сарбаздардың көбі бір немесе екі ғана мәліметтер базасында көрсетілгені іздеуді қиындатады. Көптеген жағдайда солдат есімі мен географиялық атаулардың бұрмаланып жазылу проблемасы да бар.

Елшілік жарияланған ақпарат сарбаздардың ұрпақтарын, туыстары мен жақындарын табуға көмектеседі, зерттеулерді одан әрі жүргізуге және солдаттарды мәңгі есте қалдыруға үлес қосады деп үміттенеді.