ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан Республикасының Украинадағы елшілігінің жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
2022 жылы наурызда Украинадағы Қазақстанның елшілігі уақытша Львов қаласына көшірілді. Сондай-ақ екі қызметкеріміз Польша мен Молдовадағы біздің елдің елшіліктеріне уақытша іссапарға жіберілді.
Елші Дархан Қалетаев жақында кеңесу үшін Қазақстанда болып, оның қорытындысына сәйкес, ендігі кезеңде екі қызметкерді – әскери атташе мен кезекші комендантты Киев қаласына қайтару туралы шешім қабылданды.
«Елшіміз бен ондағы басқа қызметкерлер Львов пен Киевтің екі арасында жүреді, өйткені Киевтегі елшілігіміздің кеңсе ғимараты қажетті жұмыс пен консулдық қызмет көрсетуге бейімделген, сонымен қатар құжат айналымы және тағы басқасы үшін барлық қажетті техникалық коммуникацияларға ие», деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Елші қызметкерлерінің Львовқа келіп уақытша орнығуы біздің азаматтарымыз бен қандастарымызды осы қаладан эвакуациялау процесінің жалғасып жатуы, соның ішінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен де түсіндіріледі.
ҚР елшілігін Киевке толықтай қайта орналастыру туралы түпкілікті шешімді елшінің ұсынысы бойынша ҚР Сыртқы істер министрі қабылдайды.
Аяна Тоғанбек