• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Сәуір, 2022

«Қасіретті қаңтар»: Ұрланған қаруларды анықтауға ерекше ден қойылып отыр

427 рет
көрсетілді

Қаңтар қырғынын тергеу әлі жалғасып жатыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникация қызметі алаңында арнайы брифинг өткізген Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді.

Бас прокуратура өкілінің хабарлауынша, қазіргі таңда тергеу органдары бұлтартпау шараларын жеңілдету бо­йынша 4 849 істі тергеп-тексеруде. Ал 627 адам сот санкциясымен күдікті ретінде қамауға алынған.

Қаңтар оқиғасына байланысты қыл­мыстық істердің тергелу барысы туралы жан-жақты мәлімет берген Е.Қилымжанов күзетпен ұсталған 280 адамның бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үй қамаққа және жеке кепілгерлік­ке ауыстырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұлтартпау шараларын жеңіл­дету кезінде бұл адамдардың жеке басы, денсаулығы мен басқа да жағдайлары ескерілген.

Брифинг барысында Е.Қилымжанов жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдас­тыру­шылар мен қаңтар оқиғасына қатысу­шы­ларды анықтау, оларды жауапқа тарту мақсатында тергеудің белсенді жүргізіліп жатқанын алға тартты. Тергеу кезінде Талдықорған қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде азаматтардың мүлкі мен мемлекеттік ғимараттарды басып алып, қиратқандарға ақша төлеген екі күдікті анықталған. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, қос «қаржыгер» әрбір қиратушыға 20-дан 100 долларға дейін ақша төлеген.

Тергеу барысында анықталған факті­лердің тағы бірі – 4 қаңтарда Алматы қаласында «Телеграмм» канал ашқан Жамбыл облысының тұрғынына қатыс­ты дерек. Ол санаулы сағатта желіде бір­неше мың адамның басын қосып, осы канал арқылы оларға баррикада құру, «Молотов» коктейльдерін дайындау және құқық қорғау қызметкерлеріне қар­сы­лық білдіру туралы нұсқаулық таратып отырған. Ал 5-6 қаңтар күндері осы канал арқылы мародерлердің қозғалысы және олардың Жамбыл облысының мем­лекеттік объектілеріне жасаған шабуыл­дары туралы ақпарат тараған.

Жамбыл өңірінде «ГАЗель» жүк көлі­гімен жаппай тәртіпсіздікке қатысу­шы­ларға алдын ала дайындалған арматура, ұрланған полиция қалқандары мен оқ өткізбейтін кеудешелерін таратқан қос күдікті де ұсталған. Оның біреуі көлік жүргізушісі, екіншісі соның жақтасы болып шықты. Олар сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлерінің қозғалысын қиындату үшін көліктерін жолға кесе-көлденең қойып, көшені жауып тастамақ болған.

«Бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін осындай заңсыздықтардың салдары қаңтар оқиғалары кезінде қайғылы аяқталып жатты. Ең өкініштісі, мұндай қылмыстар еліміздің өзге де өңірлерінде қайталанды. Мысалы, Алматы қаласында 4 күдікті әлеуметтік желілер арқылы арматура кесінділерін дайындап, оларды қиратушылар орналасқан жерге жеткізу туралы нұсқаулар алған. Қазіргі уақытта бұл нұсқауды орларға кімдердің бергенін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде», дейді Бас прокуратура өкілі. Е.Қилымжановтың сөзіне қарағанда, бұл мән-жайлар қаңтар оқиғасының алдын ала жоспарланып, үйлестірілгенін көрсетеді.

Қылмыстық қудалау қызметі бас­шы­сы­ның орынбасары брифингте Шым­кент және Тараз қалаларындағы әкім­ді­к ғимараттары мен Жамбыл облысы Мем­лекеттік кірістер департаментінің ғимара­тына жасалған қарулы шабуылдарға да кеңі­нен тоқталды. Естеріңізде болса, қаңтар­дың 6-на қараған түні Шымкент қала­лық әкімдігіне қарулы шабуыл бастал­ған еді. Сол күндері қоғамдық қауіп­сіз­дікті сақтауға жұмылдырылған полиция қыз­меткерлері 3 мыңнан астам адам жи­нал­ған агрессивті топтың шабуылы­на тосқауыл қою керек болған. «Шабуылдаушылардың көбінің қолында атыс қаруы болған. Ал тәртіп сақшылары тек резеңкелі оқ пен жарық-шу гранаталарын пайдаланды. Қолға алынған шаралар қылмыскерлерге тосқауыл бола алмады. Тек үшінші қарулы шабуылдан кейін ғана, онда да полиция қызметкерлерінің өміріне нақты қауіп төнгеннен соң атыс қаруын қолдану туралы шешім қабылданды. Осы қарулы қақтығыс кезінде 20 шабуылдаушы қаза тапты», деп мәлімдеді спикер. Ал Тараз­дағы полиция мен қарулы топтың текеті­ресі кезінде 11 қылмыскердің көзі жойыл­ған. Медициналық зерттеулердің нәти­же­лері 9 шабуылдаушының мас күйінде, тағы 2-нің есірткі қолданғанын көрсетіп бер­ген. Брифингте Е.Қилымжанов қаң­тар оқиғасын тергеп-тексерудің жаңа фак­ті­леріне де тоқталды. Оның мәлімдеуінше, террорлық шабуылдарға ұшыраған барлық қалада қайғылы оқиғалардың мән-жайлары қалпына келтіріліп, сауда орталықтары, банктер, мемлекеттік мекемелер және басқа да объектілердің бейнекамераларының жазбаларына талдау жүргізілуде. Осындай жұмыстардың арқасында Өскеменде полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, кейін сақшыларға арматурамен дене жарақатын салған екі қылмыскер қамауға алынған. Қаскөйлердің бұл қатыгездіктері «Халық Банк» филиалының камерасына түсіп қалған. Ал Шымкент қаласында қаңтар оқиғасы кезінде 3 полиция автокөлігін өртеп, тонауға қатысқан 3 тұрғын ұсталды.

«Қасіретті қаңтарды» тергеу ісінде ерекше мән беріліп отырған қылмыс санаты – ұрланған қару-жарақтарды анықтауға қатысты. Қаңтар қырғыны аяқталғалы бері қолды болған қарулар сақталған орындарды әшкерелеу жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Брифингте Е.Қилымжанов Алматы қала­сында «Оружейник» аңшылық дүкені­­нен ұрланған 12-калибрлі винчестер мен «Қорған» дүкенінен ұрланған 2 мыл­тық­тың табылғанын мәлімдеді. Бұл қа­ру­лар­ды ұрлады деген күдікпен деструк­тив­ті ді­ни ағымының жақтаушысы С. есім­ді аза­мат ұсталған. Ал Таразда қанды қыр­ғын кезінде облыстық полиция депар­тамен­ті­нен 4 «Макаров» тапаншасы мен 131 оқ-дәріні қолды қылған тұрғын қолға түскен.

«Алматы облысында «Қазақстан­дықтар» деп аталатын ұйымдасқан қыл­мыстық топтың қару қоймасы табылды. Олар атыс қаруларын Талғар ауданына қарасты Бәйтерек кентінің шетіндегі қараусыз қалған ғимаратта сақтап келген. Қоймадан 28 қару-жарақ табылды. Оның 2-уі «Калашников» автоматы, 3-уі «Макаров» тапаншасы. Сондай-ақ шетелдік өндірістің 4 тапаншасы, 5 екі ұңғылы және 10 бір ұңғылы мылтық, 2 шолақ мылтық, түрлі калибрлі оқтар, жарық-шу гранаталары мен бронижилеттер табылды», дейді Бас прокуратура өкілі.

Жалпы, ел бойынша құқық қорғау органдары қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 750-ден астам мылтық пен тегіс ұңғылы қаруды тапқан. Табылған қарудың ең көбі Жамбыл облысында – 281, Алматы қаласында – 249, Алматы облысында 201 қару тәркіленген.

Сөзінің соңында Е.Қилымжанов заң­сыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын ескертті. Алайда «олардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауы қажет». Сондай-ақ ол әлеуметтік желілердегі әрбір фейк ақпараттың жіті тексерілетінін, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске сала келіп, осы уақытқа дейін осындай негізсіз хабарламалар бойынша 11 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелгенін атап өтті.

Қаңтар оқиғаларын тергеудің алдын ала нәтижелерімен таныстырған ІІМ Тергеу департаментінің басшысы, полиция полковнигі Санжар Әділов қазіргі таңда ішкі істер органдарының тергеушілері 402 айыпталушыға қатысты 255 қылмыстық істі айыптау актісімен аяқтап, сотқа жолдағанын мәлімдеді. Ең көп іс Алматы қаласының еншісінде – 183, Алматы облысы бойынша – 46 және Көліктегі полиция департаменті бойынша 10 қылмыстық іс тергелген. Ал осы істер бойынша жәбірленушілердің шамамен 95 миллион теңге шығынының орны толтырылған.

«Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру­шы­лар мен қатысушыларына, сондай-ақ террористік шабуылдарға қатысты тергеуді арнайы прокурорлар жүргізеді. Ал ІІМ тергеушілері өндірістегі қылмыс­тық істер бойынша қылмыстық жауапкер­шілік­ке тартылатын әр адамның жеке басын зерделейді және оларды жаппай тәртіпсіздік барысында қылмыс жасауға не итермелегенін анықтайды. Осыған орай біздің басты мақсатымыз құқық бұзушылардың барлығын барынша қатаң жауапкершілікке тарту емес екенін атап өткім келеді», деді полковник.

Оның айтуынша, «күдіктілердің көбі адал азаматтар болғанымен, оқиға кезінде жылдам байып кетемін деп ойлаған немесе басқалардың сөздеріне еріп кеткен». «Арасында қалың топтың ішінде қылмысым байқалмай қалады деп үміт­тен­гендердің де бары анық», дейді ол. Осыған орай қаңтар қырғыны кезінде 323 жаза басқан азаматтың жеке басы, жағым­ды мінездемелері мен залалды өте­гені ескеріліп, қамаудан босатылған. Соны­мен қатар 214 айыпталушының 194-і сот кезінде осындай негіздер бойынша бас бос­тандығынан айыруды көздемейтін жазалау шараларына кесілген. Бұдан бөлек, Алматы қаласында тағы 6 адамға қатысты қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған.

«Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде бұ­рын қа­был­данған шешімдерді ескермесек, 1 260 қыл­мыстық іс бар. Бұл істер бо­йын­ша ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 158 адам күзетпен ұсталды. Олардың кінәсі негізінен қылмыс орындарынан алын­ған бейнежазба, куәлар мен көзбен көрген куәгерлердің, сондай-ақ алынған заттай ай­ғақ­тарымен дәлелденген», дейді С.Әділов.

Жақында қылмыстық процестің үш буынды моделі шеңберінде және прокурорлардың келісуімен осы қылмыс­тық істер бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданбақ. ІІМ өкілі сондай-ақ брифинг барысында халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ұр­ланған қару мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері қаруды өз еркімен тапсыру бойынша қарқынды түсіндіру жұмыстарын жал­ғас­тырып келеді. Соның нәтижесінде азаматтар 125 қаруды полицияға өздері әкеліп тапсырған. «Біз тек қаңтар қырғыны кезінде ұрланған қару-жарақтарды ғана емес, заңсыз сақтал­ған және тіркелмеген қарудың барлық түр­лерін табу бойынша жедел іс-шаралар бел­сенді жүргізіп келеміз. Қабылданған шара­лардың арқасында бүгінгі таңда полиция органдары 1 460 қару мен 35 мыңнан астам оқ-дәріні тапты», деп мәлімдеді С.Әділов.

Қаңтар оқиғасы кезінде ең көп тіркелген қылмыс түрі – ұрлық. Осыған орай жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған мүлкін іздестіру мен табу бо­йынша жұмыстарға да ерекше мән беріліп отыр. ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда полиция органдары азаматтар­дың құны 340 миллионнан астам теңге­ге бағаланатын ұрланған дүние-мүлкін та­уып берген.