• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Сәуір, 2022

Басшылардың басым бөлігі бұқараның мәселесін білмейді

298 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде Тараз қаласын одан әрі дамыту мақсатында өңірде кешенді жоспар құрылып, жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Аймақта қолға алынған «Асарлатып үй салу», «Жомарт жүрек», «Таразға тарту» сияқты жобалар да өз жемісін беруде.

Дегенмен екі мың жылдан астам тарихы бар көне ша­һарда шешімін күткен мәсе­ле де жетерлік. Мәселен, орта­лықтан шалғай жатқан «Шөл­дала», «Құмшағал» тұр­ғын үй алаптарын ауызсу­мен қамту әлі күнге дейін өзек­ті. Сол сияқты шеткі сая­­жайларға су құбыры тар­тыл­ма­ған соң, асфальт салу да мүмкін болмай отыр. Со­ны­мен қатар қазір қала ішін­дегі бағдаршамдардың жағ­дайы мүшкіл. Жел тұрса болды, жалп етіп өшіп қалады. Одан кейін қала көшелерінде ұзын-сонар кептеліс басталып, тіпті жолаушылардың өміріне қауіп төнетін жағ­дайлар жиі кездеседі. Сондай-ақ тұрғындардың дені қала көшелерінің тоз­ға­нын, салынған балалар ойын алаңқайларының талапқа сай емес екенін және өзге де әлеуметтік мәселелерді жиі көтереді. Биыл да 716 көп­қабатты тұрғын үй­ге жөндеу жұмыстарын жүр­гізу қажет екен. Әрине, бұл айтыл­ғандар қаладағы мәселелердің бір бөлігі ғана.

Тараз қаласындағы күр­де­лі мәселенің бірі – тұрғын үй мәселесі. Жыл сайын мемлекет көмегінің нәтижесін­де жүздеген адам баспаналы болса да, бұл мәселе өзекті күйінде қалып тұр. Бүгінгі таңда қала бойынша 20 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде, 60 мыңнан астам тұрғын жер телімінің кезегінде тұр. Былтыр 1 460 адамға жер телімі берілген. Бірақ биыл бұл жұмыс баяу жүргізілуде. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жүйесіз жұмыстарды сынға алған болатын. Облыс басшысы Тараз қаласының дамуы жөнінде жиын өткізгенде, жергілікті шенеуніктер оған дайын болмай шықты. Бірқатар басшылар құрғақ сөз бен қағаз бетіне түскен деректерді оқу­мен ғана шектелді. Тараз қа­ласында қазір 4 432 жұмыссыз тіркелген. Ал қала әкімінің орынбасары Бақдәулет Са­риев­тің айтуынша, биыл 1 024 адам жұмыспен қамтылған. Бір қарағанда қалада жұ­мыс­сыздық мәселесімен күрес қызу жүріп жатқан сияқты. Ал шындығында солай ма? Бірақ оған Н.Нұржігітов жыл басынан бері осынша адам жұмыспен қамтылса, айналасы үш-төрт жылдың ішінде жұмыссыздық мәселесі мүлдем болмайтынын, бұлай қағаз жүзінде ғана жұмыс істеуді қою керек екенін айт­ты. Қағазбастылық пен құр­ғақ сандарды «сөйлету­дің» қарапайым халыққа ке­регі жоқ. Нақты, нәтижелі жұ­мыс болмаған соң, әлгіндей әкімдердің сырғытпа жауабы жұмысты жүйеге түсірмейтіні анық.

Қазір Тараз қаласындағы аумақтық инспекторлардың да жұмысы көңіл көншітпейді. Әр аумаққа бекітілген инспекторлар сол аумақтың басшысы болғандықтан, күрделі мәселелерді назарға алып, шешілуіне атсалысу керек. Бірақ бүгінде бұлай болмай тұр. Жиында №1 аумақтың инспекторы Сағындық Үсіп­беков, №4 аумақтың инспекторы Нұржан Жұмағұлов, №8 аумақтың инспекторы Бо­лат Баудинов және №10 аумақ­тың инспекторы Нұр­лан Қанатов атқарған жұмыста­­рын баяндағанымен, оларды об­­лыс әкімі сынға алды. Себебі инс­пекторлар өздері жұмыс істеп отырған аумақта қандай мәселе бар екенін білмейді. Осы уақытқа дейін мәселе де көтермеген. Бір сөзбен айтқанда, елдің ішінде жүріп, мәселелерін тыңдап, оны тиіс­ті орындарға жеткізбеген. Тек жұмысты бөлім басшыларына сілтеумен келеді. Ал аумақтарда қордаланған мә­селе шашетектен. Тіпті көп­теген аумақтың қоқыс мәсе­лесіне дейін шешілмеген.

Алда Тараз қаласын жа­ңаша дамыту жоспары тұр. Бұл үшін көне шаһардың бас­шылығынан бастап, аумақ­тық инспекторларына дейін санға емес, сапаға жұмыс іс­теуі маңызды. Халықтың та­лап-тілегі де осы. Көп басшы­лардың әлеуметпен ты­ғыз байланыста бола алмай отыр­ғанын айтқан Н.Нұржігітов енді сылтауды көп айтып, ха­лық­қа жақын болмаған басшылармен, аумақтық инспекторлармен бірге жұмыс істей алмайтынын айтты. Ал «Жұмыс жедел, жаңаша жүретін бол­сын» деген талабына жергі­лікті шенеуніктердің қанша­лық­ты шыдап бере алатыны белгісіз...

 

Жамбыл облысы