• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Сәуір, 2022

КТК: Апат салдары қандай?

818 рет
көрсетілді

Қазақстан мұнайын экспорттаудың басты маршруты – Каспий құбыр желісі консорциумының жөндеу жұмыстарына жабылуы ел экономикасына үлкен тәуекел тудырып отыр. Ресей Қара теңізде тұрған дауыл салдарынан құбыр жарылды деп мәлімдеді. Бәлки басқа да себептері бар болар деп біздің ойымыз сан-саққа жүгіреді.

Сарапшылардың айтуынша, елімізде соңғы күндері тәуліктік мұнай өндіру деңгейі 225 мың тоннаны құраған. Бұл КТК терминалында төтенше жағдай болғанға дейінгі көрсеткіштен 12 пайызға төмен.

«Теңізшевройл мұнайдың бір бөлігін – айына 200-300 мың тоннаны Атырау-Самара арқылы және теміржол тасымалы көмегімен айына 180 мың тоннаны Батуми портына жөнелте бастады. Сондай-ақ «КТК-К» жүйесінен мұнай жеткізілімдерін қайта бөлуге байланысты компания Қашаған және Қарашы­ға­нақ кен орындарынан жеткізілімдер­дің ұлғаюын күтуде. Сәуірде «Атырау-Самара» бағыты арқылы 157,4 мың тонна деңгейінде Қарашығанақ мұнайын, 60 мың тонна Қашаған мұнайын экспорттау жоспарланған. Атасу-Алашанькоу арқылы 40 мың тонна Қашаған мұ­найы Қытайға жіберілмек», деп жазады Energy Monitor.

Сәуірдің басында Қазақстан кен орындары тәулігіне 192 мың тонна мұнай өндірген және бұл наурыздың басындағы көрсеткіштен 25 пайызға төмен. Сол кезде сарапшылар «Бұл – Қазақстан соңғы күндері тәулігіне 420 мың баррель мұнайға аз өндіріп жатыр деген сөз. Демек күн сайын мұнайдан түсетін 43 млн доллар экспорттық түсімнен айырылып отырмыз», деген еді.

Ал қазіргі 225 мың тонна көлеміндегі өндіріс – сәуірдің ба­сын­дағыдан сәл де болса жоғары. Соған қара­мастан күніне кемі 20-25 млн дол­лар экс­порттық түсімнен айырылып жат­қа­ны­мыз бел­гілі.

Мұнай саласының мамандары осы орайда Ұлттық қор қаражатын оңды-солды ала берудің де тәуекелі жоғары боларын еске салады.

«Бүгін (5 сәуір – ред) Үкімет экономиканы қолдау мақсатында Ұлттық қордан қосымша 1,6 трлн теңге алу туралы шешім қабылдады. Қазір қордағы ақша көлемі – 55 млрд доллар. Үкімет бюд­жетті мұнай бағасы барреліне 90 доллар, теңге курсы 460 кезінде қайта қарап, осындай шешім қабылдап отыр. Егер мұнай бағасы бар­ре­ліне 90 доллардан төмендеп кетсе, онда 2023 жылы Ұлттық қорға сүйену үлкен тәуекел тудырады. Өйткені қор­да­ғы шекті төменгі қалдықтың ІЖӨ-ге қаты­насы 30 пайыздан кем болмауы тиіс», дейді.

Мұнай саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, егер мұнай бағасы қазіргі күйінде сақталып қалса, онда Ұлттық қор жылды 0,2 трлн теңге та­быс­пен аяқтайды. «Бірақ қордағы қаржы көлемі 2014 жылғы 77 млрд доллар­дан 2022 жылғы 56 млрд долларға дейін азайғанын ескерсек, қордың жылды кіріс­пен аяқ­тайтынына сену қиын», дейді А.Нарымбетов.

Оптимизмге ерік бергіміз келсе де, биыл шығын болары айқын. Яғни Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, КТК-дағы апат салдарынан Қазақстанға келетін шығын мөлшері 100-150 млрд теңге көлемінде есептеледі. «Ешкім де дәл қазір нақты цифрды айта алмайды. Бәрі апат салдарын жоюдың қанша мерзімге созыларына, әрі қарай санкциялық шаралардың болу-болмауына байланысты. Ал негізі шығын мөлшері 100-150 млрд теңге мөлшерінде бағаланып отыр», дейді министр.

«Теңізшевройл» осы айда алдын ала жос­парланған 23 партияның (2,6 млн теңге) орнына 17 партия (2,12 млн теңге) мұ­най шығаруды жоспарласа, «Қаша­­ған» ертеректе жоспарланған 16 партияның (1,75 млн теңге) орнына 12 пар­тия (1,5 млн тең­геге таяу) мұнай­мен шек­телмек. «Қара­шы­ғанақ» та әуел баста жос­парланған 11 партияны алтау­ға дейін қысқартпақшы. Сәй­ке­­сінше, «Қара­шығанақ Петролиум Опе­рейтинг­тің» табысы 870 мыңнан 715 мың теңгеге төмендейді.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Энергетика министрі Болат Ақшо­лақов­тың айтуынша, егер КТК биыл жұ­мы­­сын толық қалыпқа келтірмесе, Қа­зақ­стан мұнай өндірісін 2,5 млн тон­на­ға дейін кемітуге мәжбүр болады. Ми­­нистр­дің айтуынша, терминалдағы жұмысы бұзыл­маған жалғыз айлақ тәулігіне 110 мың тонна қазақстандық мұнайды тиеп жатыр.

Соңғы күндері баға біршама өсіп, Brent мұнайы барреліне 113 долларға жетті. «Қара алтынның» ерекше екпін­мен қым­бат­тауына Ливиядағы аса ірі аш-Ша­рара кен орнындағы мұнай өн­ді­­рі­сінің тоқтауы (елдегі саяси де­мон­с­трацияға байланысты) себеп болды. Алайда сарапшылар әлемдік ба­ға­­ның өсуі Қазақстан үшін қуаныш емес, біз тап қазір экспорт ағындарын әр­та­рап­тан­­дыруға баса мән беруіміз керек­тігін ай­тады.

«Қазір Қазақстан тәулігіне 300 мың баррель мұнайды экспорттай алмай отыр. Түрікменстан мен Әзербайжан кезінде өздерінің экспорттық логисти­ка­сын сәтті дивер­сификациялай алды. Бұл екі елде де үш-үштен бағыт бар. Қазіргі жағдайда баяғы өндіріс көлемін сақтап қалу мүм­кін емес. Сатылым кө­ле­мі «Атырау – Са­ма­ра» мұнай құбыры арқылы ұлғайды. Бірақ бұл жерде де кем­шілік бар. Өйткені еліміз КТК ар­қылы барреліне 100 доллардан жоға­ры сатылатын CPC Blend маркасын сатса, «Атырау – Самара» арқылы қазақ­стандық мұнай ресейлік Urals мұнайы­мен ара­лас­тырылған қоспа ретінде сау­да­ла­нады. Тиісінше бағасы барреліне 35 доллардан төмен болады. Яғни бар­рель­дік коэффициентке байланысты да шығындар туады», дейді Energy Analytics телеграм-каналының авторы, мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.

Оның айтуынша, қазақ мұнайын Қытай, Әзербайжан, егер санкциялар алын­са Иран арқылы да сатуға болады.

«Нарықтағы қазіргі бағадан молынан табыс тауып, оны маңызды тапсырмаларды шешуге жұмсаған жақсы еді. Алайда туындаған күрделі ахуал кезінде Қазақстан жедел түрде өзінің ұзақ мерзімді жоспарларын іске асыра бастауы тиіс. Ұзақ мерзімді стратегиямен айналысатын бәлкім жеке бір орган құрылуы қажет шығар. Бізде әртараптандыру жоспары, бірнеше жылға жоспар, ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар болуы тиіс», дейді ол.

«Қазтрансойл» сәуір айында Қа­ша­ған және Қарашығанақ кен орындарында өндірілетін мұ­найды экспорттау көле­мін арттыра­ты­нын мәлімдеді. «Атасу – ­Ала­шань­­­коу» арқылы Қытайға қарай 40 мың тонна мұнай тасымалданса, «Өзен – Атырау – Самара» маршрутымен Ре­сейге 214,7 мың тонна мұнай жет­кізіл­мек. Қытайдағы эпидемиялық ахуал­дың тұрақтала бастауы және Еуро­­одақ елде­рі­нің ресейлік мұнайдан тү­бе­­­гейлі бас тартуының мүмкін екені мұ­най бағасын әрі қарай өсіре түсуге себеп болмақ. Қазір Еуро­одақ банк секторы, оның ішінде «Сбер­­банкке» және Ресейдің мұнай жет­кі­зу ісіне (Ресей мұ­на­йына толық эмбарго жариялануы мүм­кін) қатысты санк­циялардың алтыншы пакетін әзірлеп жатыр.