• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Сәуір, 2022

Ырыздыққа ұмтылған жетеді

159 рет
көрсетілді

Бірер күннен соң ерінбегенге берері мол берекелі далада молшылық үшін жанталасқан мылтықсыз майданның ұлы дүбірі басталмақ. Ел еңсесін биіктетіп, ырысын молайтуға бағытталған еселі еңбек дүбірі, дала ерлерінің атын әйгілейтін еңбек жорығы. Былтырғы қуаңшылықтан ептеп есесі кеткен ақмолалық диқандар биыл қарымта қайтармақ.

Жақсының жалпақ даласында ел ырыздығы алтын дәннің тұқымын себуге қапысыз қамданған диқандар биыл 480 мың гектар алқапқа дән сіңіруді межелеп отыр. Қыс бойы қолда бар техниканы жөндеп, шама-шарқынша машина-трактор паркін жаңалап, еңбек майданынан әзірлік жасаған олар үшін қолбайлау жоқ тәрізді. Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 7 мың тонна жанар-жағар май бөлінді.

Негізінде Жақсы ауданы берекелі аудандар санатында. Мұнда 15 ірі серік­тестік бар. Соның бірі – Ишим ауы­лындағы «ИмранАгро» серік­тес­ті­гі. Серіктестік жауапты науқанға жү­з­ден астам адамды жұмылдырып отыр. Биылғы жылы 16 мың гектар ал­қап игерілмек.

– Дайындық жұмыстары сәуірдің алғашқы күндерінен басталды, – дейді се­ріктестік басшысының орынба­са­ры Евгений Полежаев, – қосалқы бөлшектер сатылып алынды. Қолда бар алты К-700 тракторы мен алты тұқым себетін кешенді сақадай сай етіп қойдық. Ендігі мәселе – қолайлы мерзімді өткізіп алмау. Топырақ жаңа ғана жылына бастады. Қазір алқаптың не тілейтінін де ұғына алмайсың. Кей жылдары ерте сепкеннің есесі түгел болады да, кей жылдары сәл кеш­теу еккен диқандардың егіні жақсы шығады. Сондықтан ұрымтал тұсты қалт жібермей, қимылдап қал­мақ­шы­мыз.

Ақкөл ауданында да көктемгі егіс науқанына дайындық аяқталып, ең­бек жорығын өрістетуге бел буып отыр. Аудандағы 41 ЖШС мен 79 шаруа қожалығы 155 мың гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сеппек. Өткен жылға қарағанда ал­қап көлемі 987 гектарға артады. Оның ішінде 139 мың гектар жерге дәнді және бұршақ тектес дақылдар егіл­мек. Көнекөз диқандардың айтуына қарағанда, көктемгі далада еңбек көрігі қызған кезде бір тәулік емес, бір сағат қаңтарылып тұрудың өзі айтарлықтай шығын. Қолбайлау болмау үшін шешуші шақта маңызды жауап­кершілік жүктелетін машина-трак­тор паркін әзір етуге бар күш-жігер жұмылдырылған. Ел ырыз­ды­ғын еселеуге бағытталған тың­ғы­­лықты жұмыстың тындырым­ды нә­­ти­жесінде 1 127 трактор, 217 жүк ма­­шинасы, 370 дән себу қондыр­ғы­­лары, 950 жер өңдеу агрегаттары да­йындалған.

Жыл сайын тәжірибе жинақтаған диқан егістік алқаптардың құнар­лы­лы­ғын арттыруға да мейлінше көңіл бөлуде. Ең бастысы, ылғал. Көктем туғалы көктен нәр тамған жоқ. Біз сөйлескен диқандар мұндай жылдары ылғал жабудың маңызы зор еке­нін айтады. Қара жердің қойнына сіңірілген дән осы алғашқы ылғалмен көктеп, жер бетіне шықпақ. Міне, сол кезде жауын молынан бір жауса егін басталғанша қорек етуіне жетіп жатыр. Аудан диқандары 7,5 мың гектар егістік алқапқа ылғал жа­уып үлгерген. 150 мың гектар алқап өң­дел­ген. Машина-трактор паркін заман талабына сай жаңғырту үшін 194,8 млн теңге қаражат жұмсалып, өнім­ді­лігі жоғары бірнеше жаңа техника сатып алынды. Қолдарында осындай қуатты техника болса, күні бұрын ме­же­ленген жұмыстың уақы­тында атқа­ры­латынына нық сенімді.

Жақсы, сапалы тұқым – мол ас­тық­­тың кепілі. Бүгінде шаруа­шы­лық­тар тұқымын зертханалар арқылы сараптап, тексеруден өткізіп алған. Қолда бар тұқымның 13,5 мың тоннасы І класты.

– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ағымдағы жылы фор­вордтық сатып алу аясында не­сие­леу бағдарламасына қатысты. Бес шаруашылық көктемгі дала жұ­мыс­­тарын уақтылы атқарып шығу үшін 1,16 млрд теңге несие алды, – дей­ді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлжан Кенжина, – аудан диқандарына 2 300 тонна жа­нар-жағар май қажет болса, оның 2 013 тоннасы жеткізілді. Ұйымдасып ат­­қарған жұмыс барысында пәлендей қол­байлау болмауға тиісті.

Өңірде өткен жылы қуаңшылық болғанның өзінде гектар берекесін молайтып, ел ырыздығын еселеген ауданның бірі – Сандықтау. Биыл Сандықтаудың саңлақтары 324,8 мың гектар алқапқа тұқым сеппек. Оған қа­­жетті тұқым да дайын. Шаруа­шы­лықтар барлық дәнді дақылдардың тұ­қымын зертханадан өткізіп, сапалы еке­ніне көз жеткізіп отыр.

Мол өнімнің бір негізі саналатын ылғал жабу жұмыстары 124,4 мың гек­­тарда жүргізілмек. Егіс алдын­да 70,6 мың гектар алқап өң­де­лу­де. Егістік жер көлемі көп аудан шаруа­шы­лық­тары 935 тракторды, 131 тұқым сеп­кіш кешенді, өзге де техника­ны уақ­тылы дайындады. Құнарлы өлке­нің даңғайыр диқандары биыл 55 мың гектар жерге қар тоқтатты. Демек ыл­ғал­сыз емес.

– Алдағы уақытта құрғақшылыққа шыдамды тұқым көлемін молайту қажет шығар, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшы­сының орынбасары Еркеш Әленов, – суармалы егістік алқаптарын көбейте түсуге талпынудамыз.

Ақмолалық диқандар қапысыз қам­данған сыңайлы. Бар дайындықтың деңгейі уақытпен санаспай, қызу еңбек қайнаған кезде көрінеді. Қалай болған күнде де азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін бар қажыр-қайратты жұмылдырып, ақық дәннің тасқынын молайтқанға не жетсін, шіркін?!