• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Сәуір, 2014

Ең бай мектеп

401 рет
көрсетілді

Өмірде ешкімге ұқсай бермейтін қызық жандар бар десек, сондайлардың бірі – Мырзагелді Кемел. Сонау студент кезінде Науаи атындағы кітапханада отырып, өзбек тілінен үнді даналығы «Панчатантраны» қазақ тіліне қысқартып аударып шыққан тәржімашыңыз, міне, осы кісі. Белгілі қаламгер жақында жеке кітапханасындағы 3000 кітапты өзі білім алған Мақтаарал ауданының Қызылқұм елді мекеніндегі «Сарыарқа» орта мектебіне сыйға тартты. Үш рет қатарынан Парламент депутаты болып сайланған, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Жазушылар одағының мүшесі, бүгінде Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде ұс­таздық ететін руханият меценатын әңгімеге тартқанымызда: «Елу жылға жуық кітап жинадым. Ішінде 1966 жылы Ташкент ирригация инженерлері институтының 1-ші курсында оқып жүргендегі алғашқы шәкіртақыма Алай базарынан сатып алған Сергей Есениннің 3 томдық шығармалар жинағы бар. Ол уақытта жақсы кітаптар өте сирек кездесетін. Үшінші курс­та достарымызбен бірге қағаз қалдықтарын тапсырып, өзбектің ұлы ақыны Әлішер Науаидың 2 томдық шығармалар жинағына қол жеткізгендегі қуанғаным күні кеше сияқты еді. Содан бері тірнектеп жинаған кітаптарымды өзім оқыған «алтын ұяма» сыйға тартуды жөн санадым. Туған өлкеге деген сүйіспеншілігін әр адам өз қалауымен жеткізеді. Мен кітаппен жеткіздім. Ауыл жастары білімге қайта ден бұра бастаған кезде бұл қазына қаншама өреннің өмірден өз жолын табуына жарық шырақтай жәрдемдесеріне сенемін», деді. Айта кету керек, бұл М.Кемелдің оқу орындарына көрсеткен алғашқы көмегі емес, бұған дейін 400-дей кітапты Астанадағы «Отырар кітап­ханасына» тап­сырған болатын. Аядай ауылды қазақтың бү­кіл қаламгер тұлғасының рухы нұрландырып жібергендей, дәл мынадай ұшан-теңіз мол дүние, кітап қоры өте сирек кездесетін жағдай. Сөреде көптеген танымал авторлардың көптомдықтары қаз-қатар тізілгенде, інжу-маржан толы байлыққа кезіккендей әсер түйдік. «Өзім оқыған мектебімде жеке кітапханамды ашамын деген ойымды естіген көп азаматтар көмектерін аяп қал­ған жоқ. Руханият жанашыры Иманғали Тасмағамбетов Оралханның шы­ғар­маларын, марқұм Фариза апамыз қайтыс боларының алдында 150-дей кітабы мен журналын, Ұлттық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқаров «Қазақтың мың әні» мен «Қазақтың мың күйі» таспаларын, жүзге жуық балалар әдебиетін, «Егемен Қа­зақстан» газетінің редакция­сы түрлі энциклопедиялық ең­бектер мен «Тәуелсіздік», «Ас­­тана» жинақтарын, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры Ерлан Сыдықов «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Шәкәрім» атты еңбегін сыйға тартты», дейді М.Кемел. Кітапхана орыс және шетел әдебиеті қазынасымен байыды. Көптомдық еңбектердің жалпы саны 500-ге жуықтайды. Бұларға қоса «ЖЗЛ», «Классики и современники» серияларымен шыққан 80 кітап бар. Балаларға арналған әлемдік әдебиеттің 80 томы, «Орыс халық ертегілерінің» 2 томдығы, Жюль Верннің – 8, Александр Дюманың 12 томдықтары, орыс тіліндегі «Елдер мен халықтар» атты энциклопедияның 10 томдығы, «Қазақ ертегілері» мен үндінің «Махабхаратасы», түрлі-түсті суреттермен көм­керілген ондаған ертегі кітаптар, сондай-ақ 100-ге жуық «Балалар әдебиеті» сөрені толтырып тұрды. Алты қатарлық 12 сөренің екі қатары түгелдей М.Кемелдің өзінің кітаптарына берілген. Олардың ішінде «Өзімді іздеп жүрмін», «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ», «Бес бәйіт», «Кө­гілдір кітап», «Шәкәрімнің ар ілімі», «Көңіл күнделігі», «Өнеге», «Ғибрат», «Ақыл қалта» кітаптарының әрқайсысы 2-5 данадан қойылған. Сондай-ақ, «Өзін-өзі тану» пәні бойынша шеберлік сыныбын өткізіп жүрген автордың «Әдеп не­гіздері», 2 томдық «Өзін-өзі тану», «Өзін-өзі тану пәні бойынша танымдық дәріс» еңбектері, «Мың ой», «100 тілек» және орыс тілінде жарияланған «Уроки мудрости», «Бизнес в афоризмах» атты кітаптары, қазақ және орыс тілдеріндегі «Мемлекеттік басқарудың теория­сы мен тәжірибесі» сияқты басқа да оқу құралдарын қосқанда, бас-аяғы 100-ден асып жығылады. «Ғылыми-танымдық әдебиет» атты қазақша және орысша бөлімдердегі Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітап­тарын, сұхбаттарын, жолдаулары мен түрлі танымдық еңбектерді қоса қамтығанда мыңнан асады. Жалпы аумағы 48 шаршы метрлік кітапханалық бөлменің іші заманауи күрделі жөндеуден өткізілген. Сөрелер су жаңа. Теледидар, бейнемагнитофон, ғаламторға қосылған компьютер сынды оқушының кітапханаға жиі бас сұғуына жағдай туғызылған. 1200 оқушысы бар мектептегі кітапхананың тұсаукесеріне ардагерлер, ауданның құрметті азаматтары жиналды. Аудан әкімі Серік Тұрбеков жүрекжарды лебізін білдірсе, ардагер Тойым Жүнісов мектеп кітапханасына өз атынан 11 кітапты әкеліп қосты. Ал Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Иба­дулла Үмбетаев инс­титут ғалым­дарының еңбектерін тапсырды. Кітапхана ашылды, ішінен жібек шашылды демекші, ауыл балалары қуанып жатыр. Әрі қарай тағы не істелмек? Қаламгер қайырымдылықты қысқа қа­йырмай, кітапханадағы мерзімді басылымдарға жазылуды өз мойнына алды. Кітап қоры дегеніңіз дамылсыз соға беретін тамыр ғой. Сол тамырмен жазушы жүрегі бірге соғып, тапқан олжасын осы кітапханаға табыстап отыруға тас бекінді. Жолбарыс ТІЛЕУҰЛЬІ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы.