Соңғы жылдары көліктің көптігіне байланысты бас қалада кептеліс мәселесі ушыға түсті. Осыған байланысты автобусқа арналған BUS Lane жолағымен автокөліктердің жүруіне де рұқсат беру керек деген пікірлер қоғамда жиі айтыла бастады. Халықтың пікіріне құлақ асқан қала билігі бұл ұсынысты онлайн дауысқа салған еді.
Көлік құралдарына автобус жолақтарымен жүруге рұқсат беру жөніндегі мәселе ел арасында көптен бері айтылып жүр. Тіпті бұл Президент деңгейіне дейін көтерілді. Былтыр Мемлекет басшысы да көлік жүргізушілеріне автобусқа арналған жолақпен жүруге рұқсат беру мәселесін пысықтап, бір шешімге келу қажеттігін тапсырған болатын. Президенттің айтуынша, автобустарға арналған жолақтарды қарбалас болмаған кезде және демалыс күндері пайдалануға болады. Мұндай тәжірибе Мәскеу, Ыстанбұл мен Парижде кеңінен қолданылады. Осыдан кейін Үкімет қаулысының жобасы дайындалып, ол құжат Ашық үкімет порталында қоғамның талқылауына ұсынылды.
Ал елорда әкімдігі жеке автокөліктердің Bus Lane жолақтарын пайдалану жөніндегі ұсынысты онлайн дауысқа салды. Әкімдіктің ресми сайтындағы хабарламаға сүйенсек, дауыс беруге 706 адам қатысқан, оның 58%-ы бұл бастама қала көшелеріндегі ахуалды нашарлатады деп санаса, 41%-ы қолдап шыққан. Бірақ қалалық әкімдік «көпшіліктің дауысын» қолдауды жөн көрген секілді. Олай дейтініміз, елордалық ішкі саясат басқармасының бізге жіберген ақпаратында тек бір сарапшының біржақты пікірі ғана беріліпті.
CTS компаниясының жол қозғалысын ұйымдастыру бағытының жетекшісі Думан Ысқақов өз пікірін былай білдіріпті: «Автобусқа бөлінген жолақты пайдаланбас бұрын алдымен «қарбалас уақыт» деген қандай уақыт екенін анықтап алуымыз қажет. Бұл өзі – нақтыланбаған кезең, оның соңы белгісіз уақытқа дейін созылуы мүмкін. Мысалы, таңғы қарбалас кезең елордада таңғы сағат 7.30-дан басталып, сағат 10.00-ге дейін созылуы мүмкін. Түскі мезгілде көшелердегі кептеліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін болады дейміз. Бірақ кейбір жолдарда бұл уақыт 3-4 сағатқа дейін жетуі мүмкін. Ал негізгі кептеліс болатын кешкі уақыттарды «қарбалас кезең» сағат 18.00-ден басталып, кейбір кезде кешкі 21.00 сағатқа дейін созылып жатады. Сонда автобус жолағымен қай уақытта жеке көліктер жүреді деп болжай аламыз?», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Республика, Бөгенбай батыр даңғылы секілді көшелерде демалыс күндері де үнемі кептеліс болады. Өйткені бұл көшелерде көптеген сауда орталықтары, әртүрлі базарлар орналасқан. Тек түнгі мезгілде ғана көлік ағыны азаяды. Бірақ күндізгі уақытта көше көліктерден босамайды. Сондықтан Д.Ысқақов көлік құралдарына Bus Lane жолағымен жүруге рұқсат етілсе, бұл жол-көлік оқиғасын тіптен қиындатып, жағдайды ушықтырып жіберетінін жеткізді. Әрі жолаушыларды тасымалдау мүмкіндігі де азая түседі. Өйткені жеке көліктен гөрі автобуспен жүретін адам қарасы көп.
«Біз автобус жолағымен қоғамдық көліктер ғана емес, жедел жәрдем секілді арнайы техникалар, таксилер де жүретінін ұмытпауымыз керек. Егер жай көліктерге де осы жолмен жүруге рұқсат етсек, онда автобустар мен арнайы көліктердің кідірісі көбейеді. Онсыз да қалаға 400 автобус, 700 жүргізуші жетпейді. Енді жеңіл көліктер де Bus Lane жолағына шығып кетсе, жағдай не болады? Нағыз кептеліс сонда болмай ма? Автобустар діттеген жеріне уақтылы жете алмайды. Олардың жүру интервалы көбейеді. Қазірдің өзінде қат болып тұрған автобустар мен жүргізушілерге сұраныс тіптен артады. Оның сыртында автобус жолағын пайдалану уақытының аяқталуы немесе басталуы сияқты күрделі мәселелер бар, «жолақты пайдалану уақыттарыңыз аяқталды» деп жолақта тұрған көліктерді бір мезетте жолдан шығара алмаймыз ғой? Міне, осы секілді мәселелерді ескергенде автобусқа бөлінген жолақты жеке көліктердің пайдалануы тиімсіз деп санаймын», дейді сарапшы.
Жалпы елорда көшелеріне Bus Lane жолағы 2015 жылдан бастап енгізілген еді. Қазір оның жалпы ұзындығы 74 шақырымға жуықтап, 26 учаскеге қойылды. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Bus Lane жобасы енгізілгелі қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігі 25%-ға жетіп, оның жол жүру уақыты орта есеппен 10 минутқа қысқарған. Мысалы, жолаушылар автобусы 15 шақырым жолға орта есеппен 50 минутта жетсе, Bus Lane жолағымен 40 минутта жетеді. Былтыр арнайы жолақтар Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы дала, А.Байтұрсынұлы, Ж.Нәжімеденов, Түркістан, Қ.Мұхамедханов және Абылайхан көшелері мен даңғылдарының 8 учаскесіне енгізілген.