• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Сәуір, 2022

Мал өрістен көп ұрланады

506 рет
көрсетілді

Жамбыл облысы – ауыл шаруашылығымен аты шыққан өңір. Мұнда асыраушы саланы көркейтуге, дамытуға мүмкіндік мол. Сондықтан да өңірдегі қарапайым халықтың дені мал шаруашылығымен айналысады. Биыл облыстағы мал саны 7,1 пайызға артқан. Мемлекет қолдауының нәтижесінде несие алып, тірлігін тіктеп отырған шаруалар да бар.

Осыдан екі жыл бұрын Жамбыл өңірінде мал ұрлығының дерегі күрт артып кеткен еді. Деректерге жүгінсек, 2020 жылы облыстың Қордай, Мойынқұм, Жамбыл аудандарында мал ұрлығы жиі тіркелген. Әсіресе малды қорадан емес, өрістен ұрлау белең алған. Атап айтсақ, Қордай ауданындағы «Райсай» жайылымынан жергілікті «Қалижан» шаруа қожалығына тиесілі 10 бас сиыр ұрланған. Сөйтіп, мал иесіне 3 млн 200 мың теңге көлемінде залал келген. Алайда полицейлер қылмыстың ізін суытпай ашып, бұрын осы қожалықта шопан болып істеген 3 адамды ұстаған болатын. Сол сияқты Мойынқұм ауда­нындағы «Бектай» жайылымынан да сол жылы 9 бас ірі-қара қолды болған. Сондай-ақ Жамбыл ауданында да бір түнде 72 бас ірілі-ұсақты малдың ұрлануы жергілікті тұрғындардың қаупін күшейткен оқиға болған еді. Дегенмен де жергілікті полицейлердің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыскерлер құрықталып, ұрланған малдар иелеріне қайтарылған. Ал ізі жоқ ұрлықтар қаншама? Бұл айтылғандар анықталған деректердің жүзден бірі ғана.

Алайда ұрлықтың аты – ұрлық. Бір малын екі қылу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген шаруалардың бар еңбегін бір түнде үптеп кету жақсы емес. Табан ақы, маңдай терімен тапқан несібесін ешкімнің де өзгенің қолына ұстата қоймасы анық. Бірақ кәнігі ұрылар қылмыстың да қисынын тауып, талай елді сан соқтырып келген. Мал ұрлығынан зәрезап болған жамбылдықтар талай рет құзырлы орган басшыларына шағымданған. Жергілікті тұрғындардың шағымына құлақ асқан облыстық полиция департаменті Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес өткен жылы «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасын ұйымдастырды. Әрине, бұл бастама нәтижесіз болған жоқ. Аталған іс-шара барысында 21 қылмыс ашылып, 21 қылмыскер құрықталған. Оның ішінде екі қылмыстық топ та бар. Ұрланған 201 бас мал иелеріне қайтарылған. Бұдан өзге де талай ұрлықтың ізі ашылып, жолы кесілген. Қазіргі таңда да өңірде мал ұрлығының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыстық полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, биыл облыс аумағында мал ұрлығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50-ден 38-ге, яғни, 24 пайызға азайған. «Тіркелген 38 мал ұрлығының қазіргі уақытта 22-сі ашылды. Оның ішінде ауыр санаттағы мал ұрлығы 30-дан 27-дерекке, яғни 10 пайыз­ға төмендеген. Жыл басынан бері мал ұрлығын жасағаны үшін 26 тұлға қыл­мыстық жауапкершілікке тартылуда. Сондай-ақ 7 адамнан тұратын 3 қылмыстық топ анықталып, жолы кесілді. Сонымен қатар бұрын жасалған 15 қылмыс ашылды», дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Осы күнге дейін өңірдегі көптеген шаруа қожалығы мал ұрлығынан зардап шегіп келді. Ресми мәліметтегі пайыз­дар төмендегенімен, ұрлық мүл­де тыйылды деуге болмас. Оның қау­пі әлі де бар. Алайда қазіргі кезде көптеген шаруа тірлігіне қамсыз кі­рісіп, жаймашуақ тіршілік кешіп жат­қандай. Өзіміз хабарласқан шар­уа қожалықтарының басшылары мал ұр­лығына қатысты ешқандай шағым айт­қан жоқ. «Ауылда мал ұрлығынан әзірге қауіп жоқ. Бұрын ұрылар малды өрістен ұрлайтын. Бұрын малды қора мен өрістен ұрлағанның жазасы екі түрлі еді. Қазір жаза қатаңдатылды. Ұрылар заңнан қорқатын шығар, әйтеуір ұрлық тынышталып қалған сияқты. Оның үстіне бұрынғыдай емес, қазір жергілікті полиция инспекторлары да жақсы жұмыс істейді. Қызметтік көліктері де бар, күні-түні ел арасында жүреді», дейді Т.Рысқұлов ауданының Жақсылық ауылындағы «Алтын Тау» шаруа қожалығының төрағасы Мұратбек Биғазиев. Сондай-ақ бүгінде мал шаруашылығымен айналысып, нәсібін содан тауып отырған Жамбыл ауданына қарасты Шайдана ауылының тұрғыны Сералы Рахматилдаев та ауылдың әзір тыныш екенін айтады.

«Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, арқаны кеңге салуға болмас. Мал ұрлығының әсіресе қыс мезгілінде үдейтін баяғы әдеті. Ұрылардың да әккі қулығы із жасыруға келгенде осы мезгілді қолай көреді. Одан кейін Құрбан айт мейрамы кезінде де мал ұрлығы жиілейді. Мұның барлығы да жатыпішер жалқаулықтың, орта жолдан оңай олжаға кенелуді ғана көздейтін пиғылдың көрінісі. Ал мұның бірден пышақ кескендей тыйылуы да мүмкін емес.

 

Жамбыл облысы