Адамзат баласы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңында басталып, қырқыншы жылдардың ортасына дейін созылған (1939-1945ж.), 50 миллионнан астам бейкүнә жандардың өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың қайғы-қасіретін әлі де ұмыта қойған жоқ. Ал сол тұстағы атағы жер жарған Кеңестер Одағы үшін Ұлы Отан соғысы деп айдар тағылған, от пен оққа ораған, миллиондаған адамды ажал құштырған сұрапыл соғыстың әкелген зілмауыр зардабы мен жүректерге салған жарасы арада білдей жетпіс жыл өтсе де толық мәнінде жойыла, жазыла қоймай отыр. Күні бүгінге дейін оның әр тұстан, әр саладан, тіпті, әр отбасынан қылаң беріп қалары бар.
Отан отқа оранғанда...
Жұмыр жерді билеп-төстемекші болған фашистік Германияның бақайшағынан басына дейін мұздай қаруланған армиясы 1941 жылдың 22 маусымында бейбіт өмір сүріп, бейқам жатқан Кеңестер Одағына тұтқиылдан соғыс жариялап, Батыс шекарадан лап қойды. Араға төрт ай салып, жолын-дағының бәрін жапырып, жайпап Одақ астанасы – Мәскеудің іргесіне таяп қалды.
Соғыс басталысымен Алматы қаласының түбінде жасақталған атақты генерал-майор И.В. Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы қан майданға (құрамында даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының жаужурек батальоны да бар), Мәскеу қаласын жаудан қорғауға аттанды. Күші басым дұшпанмен қорғана отырып соғысқан қазақстандық ержүрек жауынгерлер1941 жылдың қар жамылған аязды қараша айының 16-сында Мәскеуге таяу Волоколам ауданы, Дубосеково разъезінің (темір жол айырмасы) түбінде Батыс майданы, 16-шы армияның 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы (бұрынғы 316-шы атқыштар дивизиясы) 1075-ші атқыштар полкінің 2-ші батальоны 4-ші ротасының кіші политрук В.Г.Клочков бастаған 28 гвардияшы-панфиловшы сарбаздары әлемді дүр сілкіндірген ерен ерлік танытты.
Олар өз политругі В. Клочковтың: «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ. Артымызда – Мәскеу!» деген жалынды сөзін басшылыққа алып, неміс-фашистерінің құрыш болат құрсанған 18 танкісін отқа орап, жүзден астам солдатын жер құштырды. Осылайша жеңілуді білмейді деген неміс армиясының сандырақ ұйғарымының, мақтангөй аңызының күлі көкке ұшты. Өздерін жанпида етсе де дұшпанды ілгері бастырмаған, әр сүйем жер үшін кескілесе ұрыс салған 28 гвардияшы-панфиловшылардың қаһарман ерлігі кеңес жауынгерлерінің рухын шұғыл көтерді, намысын жаныды. Сол бір жаужүрек 28 батырдың 11-і дерлік Жетісу өңірінің жайсаңдары болатын. Солардың қатарында: Г.М.Безродных, Я.А.Бондаренко, И.Р.Васильев, П.Д.Дутов, Н.Есболатов, Д. Калейников, Ә.Қожабергенов, Н.А.Митченко, И.М. Натаров, М.Сеңгірбаев, И.Д.Шадрин бар еді. Ал осы 28-дің, яғни 11-дің бірі қасиетті Қаратал ауданының тумасы, қатардағы жауынгер Никита Андреевич Митченко (1913-1941ж.) болғанын біздер әрдайым мақтаныш тұтамыз. Енді Отан үшін деп отқа оранған панфиловшы жауынгердің өмір дерегі мен еңбек жолы, отбасы, қаһармандық ерен ісінің кейбір тұстары жайлы зерделегеніміз бен білгеніміз жайлы ортаға салғанды құп көрдік.
Никита ресейлік емес, ақмолалық
Өкінішке қарай, Кеңес Одағы салтанат құрған жылдары жарық көрген «Совет Одағының қазақстандық батырлары» анықтамалығында «Никита Андреевич Митченко 1913 жылы Новосибирск облысы Нововладимировка селосында шаруа отбасында дүниеге келген. Ата -анасынан айырылған соң, 1935 жылы отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. 1935 -1937 жылдары Киров ауданының қызылша өсіретін совхозында, ал 1937 жылдың қарашасынан 1941 жылдың 19 шілдесіне дейін Үштөбе стансасындағы жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде жүк түсіруші-тиеуші болып жұмыс істеген. Ол соғысқа дейін үйленіп, Ксения Борисовнамен тұрмыс құрған. Дүниеге келген қызы Валя екі жасында қайтыс болған. Н.А. Митченко 1941 жылдың шілдесінде әскер қатарына шақырылып, генерал-майор И. Панфиловтың дивизиясы қатарында Мәскеу қаласын қорғауға қатысады. Оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры (қаза тапқаннан соң) атағы беріледі. Оның есімімен Қара теңіздің теңіз пароходствосының теплоходы (27 желтоқсан, 1980 жыл), Үштөбе қаласының бір көшесі аталған. Пионерлер үйінде батырдың шағын бюсті орнатылған» делінген.
Ерлік қашанда елге мұра, ұрпаққа ұран болды, болып қала береді де. Танымал қаламгер Бейбіт Қойшыбаевтың республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1985 жылғы санында ұлы ерлік шежіресінің 40 жылдығына орай батыр Н. Митченкоға арналған «Сүйіспеншілік» атты очеркі жарияланды. Онда автор Никита Андреевичтің ресейлік емес, қазақстандық, онда да бұрынғы Целиноград (қазіргі Ақмола) облысы, Нововладимировка ауылында 1913 жылы 13 сәуірде туғандығын алға тартады. Бұған Н. Митченконың өмір жолын зерттеп жүрген отставкадағы майор В.Е. Ахиткиннің аталған облыстың Новогеоргиевка ауылындағы Успен шіркеуі архивіндегі жазбада оның ата-анасы Андрей Михайлович пен Прасковья Матвеевнаның Нововладимировка ауылында тұратындығы дәлелді айғақ болады. Ұзақ жылдар бойы жіберіліп, қайталанған осы олқылық 2010 жылы республикалық «Өнер» баспасынан (Алматы қаласы) басып шығарылған «Қазақстандық Кеңес Одағының батырлары» анықтамалығында біршама түзетіліп, толықтырылған. Әйтсе де, қынжыларлығы сол, батырдың туған жылы үш жасқа үлкейтіліп, 3.04.1910 жылы Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Нововладимировка ауылында туған делінген (мәтінді дайындаушының қандай дерек көзіне сүйенгені беймәлім). Әрі қарай ұлты – украин. 1935-1941 жылдары Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында жұмыс істеген. Мәскеудің гимніне айналған «Дорогая моя, столица» өлеңінде 28 гвардияшы-панфиловшылар туралы айтылады. Митченконың есімі Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Сарыоба атындағы мектепке берілген», делінген. Бұл жазбадан аңғарғанымыз, бізге халқымыздың мақтанышы саналатын батыр жерлесіміздің өмірбаянын әр саққа жүгіртпей, біріздендіру қажет. Сүйсінерлігі сол, ерлік пен елдікті қашан да қастер тұтатын қараталдықтар өзінің төл перзентіне айналған Никита Митченконың есімін қадірлеп, оған құрмет көрсетуде біршама игі істерді атқарды. Сөзіміздің басында айтқандай, аудан орталығы – Үштөбе қаласының көрікті көшесінің біріне оның есімі берілген. Қаладағы Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш С.Морозов атындағы №51 мектеп-гимназиясында өлкетанушы ұстаз Т.И. Молчанованың ұйытқы болуымен жауынгерлік Даңқ музейі ашылған. Онда батырдың шағын бюсті орнатылған. Жеңіс мерекесі қарсаңында жас ұрпақ хабардар болатындай еске алу кештері мен тәрбие сағаттары өтеді.
Ерлер есімі ұмытылмайды
Сонымен, өткен ғасырда 1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысының тарихи жылнамасына жарқын бет болып жазылған, 1941 жылдың 16 қарашасындағы Мәскеудің Дубосеково разъезі түбіндегі болат сауыт құрсанған, ажал оғын шашқан дұшпанның 18 танкісіне бетпе-бет келіп, жалаң қолдарымен, граната және сұйық жарылғыштың көмегімен өртеген, екі жүзге жуық фашисті жер жастандырған, жаралы жолбарыстай алысып, ерлікпен қаза тапқан 28 панфиловшы батырлардың патриоттық іс-қимылы дүниежүзін елең еткізді десе болады.
Осы ретте мына екі жайтқа көңіл аударған жөн. Оның біріншісі, Отан үшін, Мәскеу үшін өліспей беріспейміз деп ант еткен, жоғарыда есімдері аталған 28 гвардияшы-панфиловшылардың көзсіз батырлығы сол тұстағы одақтық «Красная звезда» газетінің тілшісі А.Кривицкийдің мақаласына арқау болып, шартарапқа тарауы еді. Тарихи деректерге сүйенсек, кескілескен қанды шайқастан соң медициналық санитарлар ұрыс даласынан әупірімнің күшімен тірі қалған, қызыл қанға боялған жауынгердің бірін (кейбір деректе Иван Натаров (1910 – 1941 жылы), ал екіншісі Иван Шадрин (1917-1985 ж. Көксулық жерлесіміз, запастағы старшина) медсанчастьқа жеткізеді. Газет тілшісі А.Кривицкий онымен сұхбаттасып, оқиғаның жай-жапсарына қанығады. Политрук В.Г.Клочковтың қамал бұзар қаһарлы сөзін ұран етіп, ортаға тастайды. Ерлердің ерен ерлігімен жоғарғы әскери басшылық хабардар болғаннан кейін ғана барып, араға жеті ай салып КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен 28 гвардияшы-панфиловшыға (27-сіне қаза тапқан соң. Жерлесіміз И.Шадрин аман-сау елге оралған) Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Қаламы ұшқыр журналист А.Кривицкий араға біраз уақыт салып, генерал-майор И.Панфилов басшылық жасаған 8-ші гвардиялық дивизияның қаһармандарына арналған «Мәскеу түбіндегі қарауыл» кітабын жазады. Аталған тарихи ерліктің мән-мағынасы мен тағылымына маршал К.Жуковтың естеліктерінде, А.Бектің «Арпалыс» повесінде /«Волоколамское шоссе»), Б.Момышұлының «Біздің генерал» және «Москва үшін шайқас» шығармасында біршама орын берілген.
Екінші бір айтпағымыз, тағдыр жазып Кеңестер Одағының құрамындағы одақтас республиканың бірі саналған Қазақстан, оның ішінде қазақ жауынгерлері осы бір ел басына күн туған алапат шайқаста тумысынан батыр да ержүрек халық екендігін жасампаз ерлігімен дәлелдеді. Бұл уәжімізге осыдан тура жетпіс жыл бұрын Одақтың астанасы, жүрегі саналатын Мәскеу қаласын жаудан қорғауда қаһарман ерліктің үлгісін көрсеткен жетісулық 28 гвардияшы-панфиловшылардың қатарындағы қандастарымыз: Нарсұтбай Есболатов, Әлиасқар Қожабергенов, Әлікбай Қосаев, Мұсабек Сеңгірбаевтың есімдерін бөле-жара атаған жөн. Кезінде орыстың қаламы жүйрік журналист-жазушылары И.Эренбург, К.Фединнен бастап қазақ жауынгерлері мен командирлерінің мәңгі өшпес ерлігіне тәнті болып, «Правда» газетінің беттері арқылы «Қазақтар тегінде батыр халық», деп баға бергені бүгінгі ұрпақ – біздер үшін мақтаныш.
Ұрпаққа үлгі болған
Біз бұл жолы күні кешегі күркіреп өткен Ұлы Отан соғысының өте бір ауыр кезеңінде көзсіз ерлік көрсеткен, осы ретте жанын пида еткен қазақстандық 28 гвардияшы-панфиловшылардың бірі Никита Митченконың батырлығы жайлы азды-көпті сөз еттік. Халқымыз ерлер есімі – ел есінде деп бекер айтпаған. Аттары аңызға айналған баһадүр батырларымызға туған Қазақстанымыз бен ежелден көршілес Ресей Үкіметі тарапынан жүзеге асырылып отырған игі шаралар әбден құптарлық. Алматыдағы 28 панфиловшылар атындағы саябақтағы Мәскеуді кеудесімен қорғаушыларға арналған монумент ескерткіш, 28 батырдың әрқайсысына жекелей орнатылған тақтайша белгі, осындағы даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры (12.12.1990 ж.) Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші оларға деген халықтық құрмет пен елдік ілтипаттың ыстық белгісіндей.
Ал Ресей жағына келетін болсақ, Мәскеу шайқасының тарихи маңыздылығына жоғары баға бере отырып, 1944 жылдың өзінде «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалін тағайындады. Бертінде, 1966 жылы Мәускеу қаласындағы Солтүстік Тушино ауданында панфиловшылардың құрметіне көше аталып, монумент орнатылды. Жеңістің 30 жылдығына орай, 1975 жылы қанды шайқастың ізі қалған Дубосековода мемориал, Нелидово деревнясында (Дубосеководан 1,5 шақырым қашықтықта) ержүрек панфиловшы батырларға еңселі ескерткіш орнатылып, мұражай ашылды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы құрметіне өткен (2005 жыл) Мәскеудегі салтанатқа қатысқан Елбасымыз Н.Назарбаев Дубосеково разъезінде болып, панфиловшы батырлардың қаны тамған топыраққа тағзым жасады. Мұнан соң Волоколамск қаласында Кеңес Одағының қос батыры И.В.Панфилов пен Б.Момышұлы бюстінің ашылу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Дубосеково разъезі маңайында болған шайқастың Отан соғысы жылнамасына айшықты бет болып жазылғанын, оның, 1941 жылы 22 маусымда қауырт басталған сұрапыл соғысқа түбірлі өзгеріс енгізген, қорғаныстан шабуылға көшуге бетбұрыс жасаған тарихи маңызының жоғары екендігін баса айтып көрсетті. Соғысты көрмесек те, соғыс көрген аналардың ақ сүтін емген біздер де бес қаруын асынған жаудың оғына кеуделерін тосып, қаза тапқан, сөйтіп, дұшпанды алға бастырмаған, даңқты панфиловшы батыр бабалардың рухы алдындағы перзенттік парызымызды өтеп, сол бір сұрапыл күндердің бейнесін қал-қадерімізше алға тартқан жайымыз бар. Ерлікке, ерлерге қашан да мың тағзым!
Қараша ҚАРАМАН.
Алматы облысы,
Үштөбе қаласы.
––––––––––––––
Суреттерде: жерлес батырымыз Н.А.Митченко; Нелидово деревнясындағы панфиловшы ерлерге арналған ескерткіш.