• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Сәуір, 2022

Қазақстанды демократияландыру – қоғамның ішкі сұранысы

1174 рет
көрсетілді

Философия, саясаттану және дінтану институтында «Жаңа Қазақстандағы саяси құрылымның демократиялануы мен болашағы туралы» тақырыбында өткен халықаралық дөңгелек үстелде сарапшылар орта және ұзақмерзімді стратегияларға арналған Жаңа Қазақстан жобасын жүзеге асырудың ықтимал сценарийлері, сыртқы, ішкі тәуекелдер мен мүмкіндіктерге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиынды Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, социология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Серік Сейдуманов ашып, сарапшылар талқылауына түсіп отырған тақырыптың маңызы, қоғамда дұрыс көзқарас қалыптастыру, жаңа конституциялық реформаны талқылау мәселелерінің өзектілігін атап өтті. С.Сейдумановтың айтуынша, бұл мәселеге қоғам тарапынан қажеттілік бар, сондықтан оны түбегейлі сарапшылар талқысына салуды жалғастыру қажет.

Дөңгелек үстел модераторы, Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Әмребаев жиында талқыланатын негізгі мәселелерді атап өтті. Сонымен бірге Қазақстанды демократияландыру, саяси режімді трансформациялау ішкі қажеттілік пе, әлде сыртқы қысымның салдарына байланысты ма? Жаңа Қазақстан не үшін қажет, саяси құрылымның негізгі жүйелік элементтері қандай болады?» деген сауалдар төңірегінде ой тастай отырып, еліміздің алдағы даму жүйесінің басымдықтарына тоқталды. Жиын барысында сарапшылар Жаңа Қазақстанды құрудағы нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Рүстем ҚАДЫРЖАНОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, фи­ло­софия ғылымдарының докторы, профессор:

– Президент белгілеп берген саяси реформалар пакеті дамудың жаңа бағдарын көрсетіп отыр. Мемлекет бас­шысы ел дамуына қатысты негізгі кем­шіліктерді атап көрсетті. Осы орайда суперпрезиденттік кезеңде құқық жүйе­сінде қаншама заң бұзушылықтарға жол берілгеніне көз жеткізіп отырмыз. Отыз жыл мерзімде қолдан жасалған саяси үрдістерде өмір сүріп келдік. Дегенмен Президент басымдық беріп отырған стратегиялық міндеттер, әсіресе күшті парламенттік жүйені құрудың өзіндік тәуекелдері бар екенін жоққа шы­ғармаймыз. Тәуелсіз Парламент тәуелсіз сайлау барысында ғана іске аса­ды. Ендігі кезекте барлық сот жүйесі автономды болуға тиіс. Ал билік оған қаншалықты дайын екенін демократиялы сайлау барысы көрсетеді. Демократия тек тәуелсіз сайлау жүйесінде ғана дамиды. Бүгінде демократиялық қоғам құру үшін сайлау жүйесін дамыту уақыт күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр.

 

Синтия КАПЛАН,

Санта Барбара университетінің        профессоры, АҚШ, Калифорния:

– Қазақстан Президенті Қасым-Жо­­март Тоқаевтың биыл халқына жол­даған «Жа­ңа Қазақстан: Жаңару мен жаң­ғы­ру жолы» Жолдауы өзгермелі кезең­де дәл уақытында жарияланды. Со­ны­мен бірге Жолдауда ұсынған ре­фор­ма­лардың саяси, әлеуметтік және эко­­номикалық тұр­ғыда өзекті әрі маңы­­­зы жоғары, қоғамды демократия­лан­дыру үрдістерін дамытуға барын­ша ықпал ететінін ерекше атап өтер едім. Дегенмен мажоритарлық-пропор­цио­налдық жүйенің реформалармен әрі қарай үйлесім табатындығы ойлантады. Сонымен қатар «Ұлттық құ­рыл­тай» құру идеясының дәл қазіргі ке­зең­де саяси нәтижелі болатындығына күмәнмен қараймын. Өйткені экономи­калық дағдарыстарды, санкциялар­ды басшылыққа алғанда, ішкі тәуекел­дер­дің бар екенін ескергенде оның демо­кратиялық сипат алуы қиындау.

 

Хайдар ЕФЕ,

Биналы Йылдырым атындағы Ерзинжан университеті, саяси

ғылымдар докторы, профессор, Түркия:

–Түркия Республикасындағы саяси реформалардың, демократияландыру үрдісінің Қазақстандағы жағдаймен ұқсастығы бар. Демократия адам құ­­қы­­ғы, секуляризм, толеранттылық, құ­қық­­тық мемлекет, азаматтық қоғам, зайыр­лы мемлекет сияқты құрамдас бөлік­тер­ден тұратыны белгілі. Дегенмен Ис­лам қоғамындағы мемлекеттерде демо­кратияның дамуына көңіл тол­­­майды. Зайырлылық, секуляризм тұр­ғы­сынан алғанда өте төмен дең­гейде екенін көреміз. Бұл елдерде муль­типартиялық жүйенің маңызды мә­селе екені белгілі. Көптеген елде ер­кін сайлау жүйесі жоқ, тиімділігі, демо­кратиялығы бәсең. Ал еркін сайлау үйлесімі маңызды тұжырымдарды демократиялыққа айналдырады, секуляризмге әкеледі, жетістікке бастайды. Демократиялық қоғам мәселесін сөз еткенде, оппозициялық партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін де айта кеткен жөн.

 

Андрей ЧЕБОТАРЕВ,

«Альтернатива» аналитикалық орталығының жетекшісі, саяси ғылымдар кандидаты:

– Қазақстанды демократияланды­ру – қоғамның ішкі сұранысы. Тәуел­сіз­діктің 30 жылында Қазақстан, оның элитасы жабық саяси жүйені құрып, көп мәселені биліктегі сол элита шешіп келді. 2011 жылдан кейін партиялық саяси кеңістіктегі орын алған жағдайлардың салдары қоғамда қарама-қайшылықтардың туындауына әкеліп соқтырды. Шешілмеген мәселелер әлеу­меттік теңсіздікке тіреді, ал сая­сат­қа араласу негізсіз болып қалды. Бір­қатар партияға қысым жасалып, олар билікпен күресін тоқтатты. Осындай жағ­дайлардың болғанын негізге ала отырып, трансформация кезеңін оңай жүзеге асады деуге келмейді. Бірқатар тәуекел бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені тамырланған жемқорлық жүйеден біржолата арыла қою қиын. Президент мемлекеттік аппараттың дебюрократтығына қатысты Жарлық шығарды. Қазірдің өзінде ішінара қарсылықтарды байқауға болады. Осы орайда айтатын басты жайт, қоғамда пікірталас мәдениетінің жоғалып бара жатқандығына назар аудару маңыз­ды. Жаңа реформалар партия құруға, Конституциялық сотқа жүгінуге, жер­гі­лікті өзін-өзі басқаруда молынан мүм­кіндіктер беріп отыр. Сондықтан дамуды төменнен бастап, саяси алаңға келетін жаңа партиялар да тың идея­ларымен ерекшеленуі қажет. Осы орай­да экономикалық жүйемен қатар саяси жүйені де қатар алып жүрудің маңызы зор. Еліміздегі реформалар Жаңа Қазақстанды құруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз. Президент және командасы осыған орай нақты қадамдарды жүзеге асырып келеді.

Юрий БУЛУКТАЕВ,

Философия, саясаттану және

дінта­ну институтының бас ғылыми қызмет­кері, саяси ғылымдар докторы:

– Жаңа Қазақстанды құруда сая­си партиялардың даму институты ре­тіндегі қызметіне назар аударғым келеді. Партия жүйесінің тиімділігі оның бәсекеге қабілеттілігімен тығыз байланысты. Осы орайда мажо­ри­тарлы-пропорционалдық үлгіде сай­лаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс тауып, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақ­талатыны, алдағы уақытта еркін бәсеке­лестікке мүмкіндік берілетіндігін атап өткен жөн. Пропорционалдық үл­гі елімізде саяси партиялардың жә­не көппартиялы жүйенің дамуына ықпал етеді. Елімізде қазіргі таң­да қа­лыптасып отырған ахуалға «Қа­сі­­ретті қаңтар» оқиғасы мен Пре­зи­­дент Жолдауының әсерін жоққа шығармаймыз. Қазіргі кезде партиялық жүйеде белсенділік байқала бастады. Яғни электоралды ойындарда партия институттарының жаңа нысандары бой көрсетуде. Ендігі кезекте Amanat партиясы да саяси күш ретінде өз қызметіне өзгерістер жасай бастайды. Соңғы саяси өзгерістер Қазақстанда партиялардың жандануына ықпал етеді дейтін болсақ, ықпалды Парламент бәсекеге қабілетті партиялардың әреке­тімен ерекшеленеді.

 

Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА,

Орталық Азия демократияны

дамыту қорының жетекшісі, саяси ғылымдар кандидаты:

– Президенттің келуімен басталған реформалар кезеңін «демократизация үрдісі» деп атаймыз. Дегенмен де тәуел­сіздік жылдарында елімізде болып жатқан саяси құбылыстарды сапалы сипаттайтын өз саяси тілімізді қалыптастыра алған жоқпыз. Біз тек Батыста, АҚШ-та қолданған дикурстарды қабылдап алып, сынауға машықпыз. Расында, өз әзірлемеміз болмағандығына қарамастан, демократия тұрғысында сөз етеміз. Елі­міздегі қазіргі жағдайды көңілге қо­нымды дегенімізбен де, оны демократиялық деп айта алмаймын. Ал ішкі ықпалдарға келетін бол­сақ, қа­­зір­­гі кезде ашық қоғам құру жо­лы­­на көштік. Осы орайда әртүрлі әлем­­­дік трендтерге дайын болуымыз маңызды. Өйткені жаһандану көпвек­тор­лы. Азия, Араб елдерінің эмиграциясы, Шығыстың Батысқа мә­дени ықпалына қатысты әсерлерді жоққа шығармау керек. Осылайша, әлемдік трендтерден керегімізді ал­шақ ұстай алмаймыз. Ал дамудың жаңа моделі кезеңінде климаттық ерек­­шеліктердің маңызына назар аудару қажет. Ол билік тармақтарына, әртүрлі аймақтардағы қоғамдық құ­рылымдарға әсер етіп, жаңа тең­сіз­діктер туғызуы ықтимал. Оның эко­но­микаға әсерін де жоққа шығар­маймыз. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік басқару жүйесіне өтуде Президенттің рөліне назар аудару қа­жет. Ал Парламент мықты саяси пар­­тияларсыз күшеймейтіні анық. Ма­жоритарлық-пропорционалдық жүй­е­­­­нің реформалармен қалай үйле­сім табатындығына да мән беру керек. Егер Парламент саяси партиялармен жасақталатын болса, Үкімет те осы партиялар негізінде құры­лым­да­нуы керек. Сонда ғана осы екі инс­титуттың тәуелсіздігі күшейеді. Ол үшін партияларға бәсекелестікке жағдай жасау керек.

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,

Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма

төрағасы:

– Қазіргі кезде өңірлерде Мемлекет басшысының Жолдауына байланысты түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Осы орайда Президент тоқталған идеологемма – Жаңа Қазақстанды құру және Екінші Республика екеніне басты мән берген жөн. Еліміз отыз жылдық кезеңнен өтті. Орталықтандырылған билік жүйесі осы жылдарда қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық, шекара мәселесі, еліміздің халықаралық кеңістіктегі рөліне баса мән бергені белгілі. Мұны бірінші республика дейтін болсақ, Президент ұсынып отырған Екінші республика мәселесінде ескеретін бірқатар мәселе бар. Бүгінде Қазақстан демократия жолында келеді. Соңғы үш жылда еліміз эволюциялық даму жолына түсті. Конституцияға, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіледі. Елімізде тіркелген алты партия бар болса, олардың барлығы дерлік саяси жүйеде белсенді емес. Бәсекеге қабілеттілігін көрсете алмай отыр. Осы орайда көппартиялы жүйені құруға жағдай жасалуда. Бұл жердегі маңызды мәселе партиялар нағыз ойыншылар екенін дәлелдесе, электорат мүддесін көздеп, диалогқа бара алуы маңызды. Жаңа Қазақстанға аяқ басқанда қоғамдық трансформация, құндылықтарды қайта қарастыру керек. Ұлттық құрылтайды жаңа бастама дей алмаймыз, ол Ұлы даланың басқару жүйесінде де болды. Канада, Дания, Аустралия, АҚШ сияқты әлемнің көптеген елінде кеңе­судің демократиялық үлгілері бар. Бастысы, ортақ келісімге келу. Бүгін­де сайлау жүйесі, адам құқығы, пар­тия­лық жүйеде реформалар нәти­же­сі қалай болатыны маңызды. Шы­найы бәсекелестік болмаса, саяси пар­­тия­­лардың саны көбейгенінен еш­қан­дай пайда жоқ. Реформалар жер­гілік­ті жерлерде нәтижесін беруге тиіс. Жер­гілікті өзін-өзі басқаруға байланысты аймақтық элита пайда болғаны өңірлік өзгерістерге жол ашады.

 

Әділ КӘУКЕНОВ,

Қазақстан стратегиялық

зерттеулер институтының

бас сарапшысы:

– Президент өз өкілеттігіне кіріс­кен күннен бергі аралықта демократиялық қоғам қағидаттарына мән беріп келеді. Жолдауда көрсетілген басымдықтар азаматтардың лайықты өмір сүруіне негізделген. Осы орайда демокра­тия ұғымының қоғамда қалай қабыл­данатынына назар аудару қажет. Жаңа Қазақстан бізге не үшін керек? Президент демократиялық реформаларды бастады. Демократия – жүйелі құқықтық базасы бар кешенді пакет. Қазақстандықтар бостандығы мен жетістіктері, құқықтарына кепілдік берілген қоғамда өмір сүргенді қа­лайды. Ал оны қамтамасыз етуге, демократия­лық қоғам болуға дайын­­дық бар ма? Бұл жерде сөз бос­тандығы, мәдени дискуссия алаң­да­рының да маңызына назар аударуымыз қажет. Бір-бірімізді тыңдай білу мінез-құлық трансформациясынан да көрініс табуы қажет. Отыз жылғы суперпрезиденттік жүйенің елімізге не бергені белгілі. Осы орайда Президент демократиялық қадамдар ұсына отырып, бюрократиялық аппарат қарсылығына тап болды. Ендігі кезекте мықты мемлекеттік аппараттың қалыптасқаны маңызды. Демократия кешенді пакет ретінде құқықтық, сот жүйесі жүйелігімен ерекшеленеді. Жаңа Қазақстанның ұстанған бағыты, Президент ұсынған реформалар елі­міздің тура жолмен жүріп келе жат­қандығын көрсетеді.