• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2010

ДҰРЫС ДАМУ ҮШІН ДҰРЫС ЖОСПАРЛАУ КЕРЕК

842 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобровтың жетекшілік етуімен Үкімет сағаты өтті. “Елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы туралы” тақырыбы бойынша Премьер-Министрдің  орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндама жасады. Мемлекет басшысы елді да­мы­тудың 2020 жылға дейінгі жаңа стратегиясын жария етті. Таяу он жылдықтағы орнықты және тең­герімді даму ұлттық эко­номиканы жедел әртараптандыру және оның бәсекеге қабілетін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Жақында қабылдаған Үдемелі индустриялық-инновациялық да­мудың 2010-2014 жылдарға арна­ған мемлекеттік бағдарламасы елі­міздің 10 жылдық даму страте­гия­сын іске асырудың бірінші 5 жылдық ин­дус­триялық жоспары болып табылады. “Ел Президенті қойып отыр­ған мақсаттар шынында да ауқым­ды. Өйткені, ол бірден үш бір­дей мін­детке қол жеткізуге ба­ғыт­талған. Біріншісі – индус­трия­ландыру. Екін­шісі – үдемелі индус­трия­лан­дыру, ол Қазақстан­ның келешек­тегі даму перс­пек­тивасына айтар­лықтай серпін бер­мек. Үшіншісі – инновациялық индустрияландыру. Бұл тұста әңгі­ме еңбек өнімділігі мен жаңа технологиялар бірінші кезекке шы­ғарылатын жаңа эконо­мика­лық сана туралы болып отыр. Көп­теген елдерде индустриялан­ды­ру үдерісі бірнеше кезеңдерден тұрды, алайда бізге бұл үш мін­детті де таяу бес жыл ішінде ше­шу қа­жет. Сондықтан Мемлекет басшы­сы барлық ресурстарды жұмыл­ды­ру, орталық пен өңір­лердің қыз­метін нақты үйлестіруді қамтама­сыз ету бойынша, мемле­кет пен бизнестің өзара іс-қимы­лының жаңа деңгейіне шығу мін­деттерін қойды. Байыпты тал­да­малық зерт­теулер бағдарлама­ның негізі болды. Біз барлық бұған дейінгі страте­гия­ларды, қабыл­дан­ған қандай шара­лар әсерлі болғанын, ал қайсысы неліктен әсерлі болмағанын зерт­тедік. Біз бұл бағдарламаны әзірлеу үдерісін барынша ашық және айқын етуге ұмтылдық. Үйлестіру кеңесі құрылды, онда бизнеспен бірге негізгі өзекті мәселелер тал­қыланды. Барлық өңірлерде он­да­ған кездесулер мен талқылаулар өткізіліп, оған кәсіпорындардың ауқымды бөлігі, барлық салалық қауымдастықтар тартылды”,– деді Әсет Исекешев. Баяндамашы бағдарламаның нысаналы индикаторларына тоқ­талғанда, 2014 жылдың аяғына қа­рай қол жеткізуге тиісті межелерді атап өтті. Ішкі жалпы өнімді (ІЖӨ) 2008 жыл деңгейінің 50%-ына дейін өсіру, өңдеуші секторда еңбек өнім­ділігін 50%-ға, эко­но­миканың же­келеген секторла­рын­да 100%-ға жоғарылату, шикізат­тық емес экс­порт үлесін 40%-ға дейін жеткізу, ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 2008 жылғы дең­гейден 10%-ға тө­мендету, инно­ва­циялық кәсіпорын­дардың үлесін жұмыс істеп тұрған кәсіпорын­дар­мен салыстырғанда 10%-ға дейін ұлғайту міндеттері алға қойылған. Сонымен қатар, Әсет Исеке­шев еліміздің төрт бағдарлама­сы­ның, атап айтқанда, “Инвести­ция­лар-2020”, “Өнімділік-2020”, “Экспорт-2020”, “Бизнестік жол картасы-2020” жос­парларының орын­да­лу кезең­дері мен жолдарын баян­дап өтті. Баяндамашы Үкімет сағатында депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Үкімет сағатын Владимир Боб­ров қорытындылады. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.