Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған арнайы делегация Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінің үлкен залында Өскемен қаласының жұртшылығымен сайлау процесінің мәселелері бойынша ашық әрі еркін, сұрақ-жауап форматында кездесу өткізді.
Кездесудің басында ОСК төрағасы ең әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сайлау процесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын, соған орай қолға алынған шаруаларды егжей-тегжей түсіндірді.
– Осымен он бесінші өңірде кездесу өткізіп жатырмыз. Қазір біз сайлауаралық кезеңде тұрмыз. Президент біздің алдымызға барлық сайлау процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуді, сайлау процестерін барынша жаңғыртуды қойып отыр. Сайлау органдары әкімдіктерден тәуелсіз болуы керек және сайлау кезінде түрлі бұрмалаушылықтарға жол берілмеуге тиіс. Ел аралап, алыс ауылдардағы ағайынның пікірін тыңдаудағы сапарымыздың басты мақсаты осы, – деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Өскеменде қоғам өкілдерімен кездесу барысында.
Басқосуда ауыл әкімдерінің сайлауы, учаскелік сайлау комиссиялары жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету, сонымен бірге бақылаушыларға қатысты бірқатар мәселе көтерілді.
Айта кетсек, ауыл әкімі лауазымына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткердің мемлекеттік қызметте еңбек өтілінің болуы міндетті талап ретінде қойылады. Қоғам белсенділерінің пікірінше, бұл талап адамның құқығын шектейді. Сол себепті мейлі ауыл әкімі, тіпті Президент сайлауында да өз кандидатурасын ұсынуға кез келген азаматтың конституциялық құқығы бар. Сондықтан белсенділер мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілі міндеттелген талап қайта қаралса дегенді алға тартады.
Сайлау процесіне тікелей қатысып жүрген қоғам белсенділерінің айтуынша, партия өкілдерінің сайлау учаскелеріне бақылаушы ретінде кіруінде де бірқатар проблема бар.
– Егер бақылаушының құжаттары заң талаптарына сәйкес рәсімделген болса, ол сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі қажет. Бұған қоса, бюллетень санау сынды маңызды процестер кезінде ол барлық үрдісті толық көре алатындай қашықта отыруы керек. Былтыр біз республика бойынша бір күнде 730 ауыл әкімін сайладық. Бүгінге дейін 961 ауыл әкімі сайланды. Халықтың дауысы арқылы сайланған әкімнің жауапкершілігі де арта түседі. Бұл еліміздің саяси жүйесінде бұрын-соңды болмаған оқиға, – деді Н.Әбдіров.
Жиында сайлау кезінде электронды дауыс беру мүмкіндігінің болашағы да айтылды.
– Шыны керек, сайлаушылардың электронды түрде дауыс беруін ұйымдастыру өте көп қаражатты қажет етеді. Бұған дейінгі тәжірибе электронды дауыс беру мүмкіндігін сайлаушылардың тым аз бөлігі қолданғанын көрсетті. Дегенмен бұл мәселе әлі де зерттеледі. Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз бар. Смартфонды күнделікті қолданатын жастар бар. Сондықтан электронды дауыс беру мүмкіндігін қалдыру, қалдырмау мәселесі жан-жақты зерттелгеннен соң шешіледі, – деп түсінік берді спикер.
Кездесуге қатысушылар сайлаушылардың жеке санаттары үшін қағаз бюллетеньдері бойынша дәстүрлі дауыс берудің нысаны сақталса деген ойларын жеткізді.
Жиында облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Арайлым Есімбекова сайлауға жастарды көптеп тартуға, мажоритарлық жүйені енгізуге, сайлау процестерін жетілдіруге қатысты ой-пікірін ортаға салды.
Ал Өскемендегі ЖМК шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Әлібек Нұрмұхамедов қазіргі жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру қажеттілігін, қазір ертегі айтатын апаның жоқтығына, жастардың «ұят болады» деген сөзді ұмытып бара жатқандығына жиналғандар назарын аударды. Мұнымен қатар халықтың сайлауға деген сенімін қайтару үшін бұрынғы сайлау процестерінде жіберілген қателіктер енді қайталанбаса деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ өңірдегі өзге саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер спикерге көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып нақты жауап алды.
Аталған тақырыпқа арналған дәл осындай жүздесу С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бас әкімшілік ғимаратында да өтіп, оған 250-ден астам студент пен қала жастары қатысты.
ОСК төрағасының Өскемен қаласының жұртшылығымен және жастарымен кездесудің барлығы басқа өңірлердегі сияқты әлеуметтік желілерде тікелей трансляция режімінде көрсетілді. Кездесу соңында өскемендіктер мазмұнды да түсінікті әңгімесі үшін Нұрлан Әбдіровке алғыс білдірді.