Биыл жыл басынан бері отандық сақтандыру компанияларының табысы 158,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл – 2021 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 42,9 пайызға жоғары нәтиже. Ал он жыл бұрынғы көрсеткіштен 10 есе көп.
Тиісінше, шығын да өскен – 31,6 пайызға, сомасы – 117,2 млрд теңге. Үлестірілмеген таза пайда – 39,1 млрд теңгеге тең. 2021 жылдың басымен салыстырғанда екі есе жоғары. Сөйтіп, сектор бесінші жыл қатарынан табысты болып отыр дейді сарапшылар.
Ranking-тің жазуынша, саладағы 27 компанияның 23-і ғана бөлінбеген таза пайда тапқан. Бұл ретте «Евразия» (16,8 млрд теңге), «Виктория» (7,7 млрд теңге) және Jusan Garant (2 млрд теңге) компаниялары көш бастайды. 2021 жылдың бастапқы кезеңімен салыстырып қарағанда залалды өтемеген сақтандыру компанияларының саны 10-нан 4-ке қысқарыпты. Алайда осы 4 СК-ның жиынтық шығыны былтырғы көрсеткіштен 3 есе асып түскен.
Биыл әдепкі екі айда қазақстандықтар өз өмірлерін сақтандыру үшін 47 млрд теңгеден астам сома берген. Бұл аталған сектордың бізде жоғары қарқынмен дами бастағанын аңғартса керек. Егер 2018 жылға дейін өмірді сақтандыру бойынша компанияларға сыйлықақының түсу көрсеткіші жылына 100 млрд теңгеден аспаса, одан кейінгі жылдары жағдай кенет өзгерген. Секторда жиналған сыйлықақы 2019 жылы – 55,7 пайызға, 2020 жылы – 16 пайызға, 2021 жылы – 66 пайызға (рекордтық көрсеткіш) өскен.
«Сыйлықақының өсуі халықтың қаржылық сауаттылығының артуына және нарықта жаңа өнімдердің пайда болуына байланысты. Бұрын заң талаптарына байланысты өмірді сақтандыратын компаниялар қызметі шектелген еді. Бірақ қазір секторда жаңа мүмкіндіктер ашылды. Геосаяси түсініксіздік, сыртқы шок және ұлттық валютаның құбылуы жағдайында жинақтаушы сақтандыру қаржыландырудың балама көзі бола бастайды. Яғни оның көмегімен ақшаны сақтап қана қоймай, көбейтуге де болады. Кейбір сақтандыру компаниялары біздің банктердің шетел валютасындағы депозиттерінің мардымсыз ставкасымен салыстырғанда анағұрлым жоғары сыйақы мөлшерлемесін ұсына отырып, доллармен инвестициялау мүмкіндігін береді», деп жазады Ranking.
Өмірді сақтандыру секторында 9 компания жұмыс істеп жатыр. Екі айдың қорытындысы бойынша 14,8 млрд теңге (нарықтың 31,1 пайызы) сыйлықақы жинаған Nomad Life көш бастады. Бұл компания сыйлықақы көлемі бойынша жалпы сектордың үштігіне де кіріп отыр. Компания 6 бағыт бойынша 9 өнім ұсынады. Екінші орында – «Халық- Life» – 14,1 млрд теңге сыйлықақымен. Үштікті 5,2 млрд теңгемен Freedom Finance Life қорытындылайды. Осы үш компанияның өзі бүкіл нарықтың 70 пайызын қамтиды.
«Өмірді сақтандыру нарығы шетелдерде өте жақсы дамыған. Көптеген дамыған және дамушы елде өмірді сақтандыру қалыпты өмір сүру нормасы, денсаулық пен әл-ауқатты қорғаудың тиімді тәсілі және маңызды инвестициялық құрал болып саналады. Қазақстан біртіндеп Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жақындап келеді. Жалпы сақтандыру нарығындағы өмірді сақтандыру сыйлықақысының үлесі бізде 46,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Данияда – 72,8, Ирландияда – 76,6, Люксембургте – 88,4, Сингапурде – 77,1, Италияда – 74,4, Ұлыбританияда 70,5 пайызды құрайды», дейді сарапшылар.
Сонымен қатар өмірді сақтандыру компанияларының активтері де өсе түскен. Биыл наурыздың басындағы жағдай бойынша 791,2 млрд теңгеге жетті. Жалпы, соңғы үш жылда 33,9 пайызға артқан. Өмірді сақтандыру нарығының актив өсімі тұрғысынан өзге секторлардан нәтижесі жоғары екенін де байқауға болады. Ranking сарапшыларының бағамдауынша, бұлардың соңғы бес жылдағы актив өсімі 27,7 пайызды құраса, екінші деңгейлі банктердің активі 9,4, ал жалпы сақтандыру компанияларының активі 13,2 пайызға ғана көбейген.