Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне қазақ телевизиясында 50 жылға жуық қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы қолданған заттары табысталды. Бұл іске бастамашылық танытқан қаламгердің зайыбы Қарлығаш Табулдинова екен.
Танымал тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының туғанына биыл 70 жыл толып отыр. 1977 жылы ҚазМУ-ді бітірген талантты тұлға әуелгі еңбек жолын Қазақ телевизиясында тілші болып бастап, кейін редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып қызмет істеген. Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы қатарлы қызмет атқарған.
Осы орайда музей қорына табысталып отырған жәдігерлер қатарында, журналистің қызметтік және отбасылық естеліктері жинақталған фото-альбом, «Қазақ жерінің зиялылары» атты энциклопедиясы мен ұлттың үнжариясы, костюм-шалбары, көйлегі, сөмкесі, қаламсабы, көзілдірігі, қойын дәптерлері, «Бейімбет Майлин – 125 жыл», «Ілияс Жансүгіров – 125 жыл», «Әсет Найманбайұлы – 150 жыл» медальдары бар.
«Нұртілеу Иманғалиұлы елдің азаматы, отбасының берік тірегі болды. Бүгін өзі қолданған заттарының бір бөлігін Ұлттық музейге тапсырып, ол жайлы ескірмес естеліктердің кейінгі ұрпақ жадында сақталуына атсалыстық деп ойлаймын. Нұртілеудің өзі айтқандай «патша көңілді көрермені» бұдан былай ол қолданған заттарды ұлттық музейден тамашалай алады. Нұртілеу өз саласының кәсіби маманы ғана емес жан-жақты білімді, жеке өмірдегі қасиеттерін үлгі етуге лайық. Оның дәлелі жылы естеліктер мен артында қалған мұралары», дейді журналистің жары Қарлығаш Советбекқызы.