Осыдан 70 жыл бұрын 12 сәуір күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Қазақ КСР Сыртқы істер мәселелері бойынша Халық комиссариаты, яғни Сыртқы істер министрлігі (СІМ) құрылған болатын. Кеңес өкіметі құрамындағы еліміздің сыртқы саяси ведомствосы сұрапыл соғыс жылдарында екі идеологиялық жүйе бәсекелестігінің нәтижесінде дүниеге келгені мәлім. Дегенмен, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін бұл мемлекеттік орган тек формальді түрде қызмет атқарып, қағаз жүзіндегі ведомство болып келген еді.
Осындай сипатына қарамастан, ведомство басшылығына сол кездің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар азаматтары тағайындалып, олардың әрқайсысы министрліктің дамуына өзіндік үлесін қосып, өнегелі іздерін қалдырып кеткендігі көпшілікке беймәлім.
Осы бейресми мерейтойға орай, дипломатиялық дәстүр сабақтастығын жалғастырып, министрлікті егемен ел болғанымызға дейінгі кезеңде басқарған халқымыздың елеулі тұлғалары туралы кішігірім ақпаратты келер ұрпаққа өнеге және тарихқа тағзым болсын деген ниетпен баяндауды жөн санадым.
1944-1953 және 1955-1957 жылдар аралығында халқымыздың біртуар азаматы, тұңғыш қазақ психолог-ғалымы, ірі қоғам және мемлекет қайраткері, ұлағатты ұстаз, майталман дипломат Төлеген Тәжібаев Сыртқы істер министрлігінің тізгінін алғашқы болып қолына алды. Төлеген Тәжібайұлы Қазақстанның Кеңес өкіметі кезеңі тарихында ойып тұрып орын алатын нар тұлға, білім жүйесінің іргетасын қалап кеткен азамат. Бар өмірін халқына қызмет етуге жұмсап, Отанының ертеңі үшін аянбай еңбек етті. Ол мемлекеттік қызмет пен тәлімгерлікті ұштастыра білген ерекше жандардың бірі болды. Өмірінің басым бөлігін білім жүйесіне арнағанымен, дипломатия саласында да тікелей қызметке араласып, 1957-1961 жылдар аралығында Мәскеу үшін маңызды серіктестердің бірі саналатын Үндістандағы елшіліктің кеңесші-уәкілі, яғни елшіліктің екінші адамы сынды жоғары лауазымға тағайындалды.
Ол дипломаттарға тән қасиет – әріптестерімен барынша жақын қатынас орнату қағидасына ерекше көңіл бөлді. Замандастарының айтуынша, Т.Тәжібаев Қазақ ұлттық университетінің ректоры болып тұрған шағында жазықсыз айыпталған Ермахан Бекмаханов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов сынды тұлғаларды жақтап, олардың кінәсіздігін алға тартқаны үшін, сол кездің қатал репрессиялық режімі оны ректорлықтан босатқан. Ал Төлеген ағамызды одан арғы қудалаудан аман-сау алып қалған сол кездегі Кеңес өкіметінің Сыртқы істер министрі В.Молотовпен жеке таныстығы болған.
1953-1955 жылдар аралығында министрлікті өмірдің қиыншылық тауқыметін барынша бастан кешірген, еңбексүйгіштігі мен білімге деген ерекше ынтасы мен жігері және жоғары адамгершілігінің арқасында биліктің талай шыңдарын бағындыра білген еліміздің ерекше тұлғаларының бірі Қайырғали Байғалиев басқарды. Кедей шаруа отбасында дүниеге келген Қайырғали ағамыз балалық шағында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Өмір бойы білім қуып, жан-жақты ізденіп, не нәрсенің болсын шыңына жетуді армандаған ол мемлекеттік қызмет сатысымен жоғары өрлеп, 1953 жылы алғашқы қазақ Мәдениет министрі болып тағайындалады және сол жылы СІМ-ге басшы болып келеді. Ол сыртқы саясатқа тікелей араласа алмағанымен, еліміздің мәдениетін шетелдіктерге паш ету, оң имиджін қалыптастыру сынды дипломатияның маңызды бір құрамдас бөлігін абыроймен атқарады.
1958-1961 жылдар аралығында министрлікке ерекше дарын иесі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ең қиын оқу бөлімі болып саналатын механика-математика факультетін алғаш тәмамдаған қазақ, Оқу министрі, еліміздің білім беретін қара шаңырағы – Қазақ ұлттық университетін он жылдан аса уақыт бойы басқарған атақты ғалым Асқар Закарин басшылық жасады.
Асқар аға да Қайырғали Байғалиұлы сияқты әке-шеше мейірімі мен қорғанынан ерте айырылып, ғұмыр бойы білім жинап, маңдай терін төгіп, өмірдің қиыншылықтарына мойымай, талай асуларды алған қайсар мінезді жан еді. Ол екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ел алдындағы борышын өтеп, сол сұрапыл жылдары білікті басшы ретінде өзін шыңдап, өмірдің тауқыметіне бүгілмейтін ерік-жігердің иесі екенін дәлелдеді.
1963-1966 жылдар аралығында СІМ басшысы аты аңызға айналған Екінші дүниежүзілік соғыстың партизаны, жазушы, ғалым, әйгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Оқу министрі Әди Шәріпов болды. Әди ағамыздың да ата-анасынан ерте айырылып, 30-жылдардағы аштықты басынан кешіргені белгілі. Осынау қиын тағдыр Әди Шәріпұлын келешекке дайындаған болу керек. Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданның алғы шебінде – Украина мен Беларусьте 3 жылға жуық партизандық қозғалысқа басшылық еткені мәлім. Қиын-қыстау заманға қарамастан, бар мүмкіндікті қолданып, білімін әрдайым жетілдіреді, сол арқылы мемлекеттің жауапты қызметтеріне тағайындалады. Әди Шәріпұлының есімі әйгілі Кембридж университетінің халықаралық библиографиялық орталығы шығаратын «Әлемнің алып тұлғалары» атты жинағына енген.
1966 жылы министрліктің басшылығына Балжан Бөлтірікова тағайындалып, бес жыл бойы сәтті қызмет атқарды. Ол әлемдегі алғашқы әйел Сыртқы істер министрі, Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары мінберіне көтерілген алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді.
КСРО-ның атақты Сыртқы істер министрі Андрей Громыко Балжан Бөлтірікқызын ерекше сыйлайтын және үнемі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы отырыстарына ертіп баруға тырысатын. Замандастарының айтуынша, Балжан Бөлтірікқызы нағыз майталман дипломат, келіссөздер жүргізу ісінің маманы болған. Мысалға, ол КСРО-ға жағымсыз БҰҰ-ның Адам құқықтары жөнінде Жоғарғы комиссары лауазымын енгізгісі келген батыс елдерінің іс-әрекетін қолдайтын бір топ азиялық мемлекет өкілдерімен жеке кездесулер ұйымдастырып, олардың ойын өзгерткен. Нәтижесінде, аталған бастама қолдау таппай, бірнеше рет күн тәртібінен түсіп қалып отырған.
1973 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі өз алдына жеке министрлік ретінде қалыптасты, ведомство қызметін ұйымдастыру үшін оның басшысы ретінде Мәскеуден дипломатияның қыр-сырын меңгерген азаматты алдырту идеясы болған. Алайда, министр болып сол кезде Алматыда ұстаздық қызмет атқарып жүрген Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының алғашқы түлектерінің бірі Мәлік Фазылов тағайындалды.
Кезінде Төлеген Тәжібаев ағамыз оны Сыртқы істер министрлігіне шақырып, өзінің ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районымен орнатқан қатынастары жоғары бағаланып, ол КСРО-ның Вьетнамдағы елшілігіне қызметке тағайындалуы керек болатын. Бірақ тағдыр басқаша жазып, нәтижесінде Мәлік аға 1976 жылы КСРО-ның Төтенше және өкілетті елшісі ретінде Мали және Мароккоға тағайындалды.
Мали мен Мароккодағы қызметі барысында сол елде тіркелген дипломатиялық корпустың дуайені болып, осы елдер мен КСРО арасындағы экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтқаны үшін Малидің ұлттық ордені – «Офицер» және Алауи Король әулетінің 1-ші дәрежелі «Үлкен лента» марапаттарына ие болды. Бұл кісі дипломатия саласында КСРО-ның қазақтан шыққан алғашқы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына қол жеткізді. Оның осындай тұлға екендігін осы жерде ерекше атап өткім келеді.
1976-1981 жылдар аралығында сыртқы саясат ведомствосын атақты ғалым, Мәдениет министрі Мүслім Базарбаев басқарды. Жастайынан білімге құштар Мүслім Базарбайұлы 28 жасында кандидаттық диссертациясын қорғап, 34 жасында Қазақ КСР Ғылым академиясы жанынан ашылған Әдебиет институтының директорлығына тағайындалды. Әдебиет саласында көптеген халықаралық симпозиумдар ұйымдастырып, Дания, Индонезия, ГФР, Швеция және басқа елдерде ғылыми баяндамалармен сөз сөйлеп, әлемді еліміздің бай мәдени мұрасы, тарихы, әдебиетімен таныстыруға үлесін қосты.
1981 жылы министрліктің тізгінін болашақ тәуелсіз елдің дипломатиясына елеулі үлес қосқан халқымыздың бетке ұстар азаматы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиев ұстады. Білікті азамат келе сала ведомствоны материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сапалы кадрлар тарту, жалпы, министрліктің беделін арттыру ісіне бел шеше кірісті. Ол бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның СІМ жүйесінде абыроймен қызмет атқарып жүрген талай дипломаттарға үлгі-өнеге көрсетіп, тәуелсіз елдің СІМ басшыларын тәрбиеледі.
1989-1991 жылдар аралығында СІМ басшылығына халықаралық қатынастар саласында, шетелдік әріптестермен қызмет ету жағынан мол тәжірибесі бар, кейіннен тәуелсіз Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты өкілі болған Ақмарал Арыстанбекова тағайындалды. Ол осы лауазымға тағайындалмас бұрын Қазақ шетел мемлекеттерімен мәдени байланыс және достық қоғамы төралқасы төрағасының орынбасары және төрайымы қызметтерін ұзақ жылдар абыроймен атқарып, осы салада үлкен тәжірибе жинақтады. Сол тәжірибесін еліміздің шетелдік әріптестермен қатынас аясын кеңейтуге барынша қолданып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Еліміздің дипломатиялық қызметіндегі тұлғалар туралы сөз қозғалғанда есімізге алдымен 30-жылдардағы қазақтың тұңғыш дипломаты, Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы алғашқы елшісі Нәзір Төреқұлов түседі...
Атап өткенімдей, жоғарыда көрсетілген халқымыздың дара тұлғалары туралы том-том шығармалар жазуға болады, алайда, мақсат дипломатиялық дәстүр сабақтастығын айғақтау, өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге көрсету, ұлы тұлғаларға және тарихқа тағзым ету.
Егемендіктің арқасында еліміздің дербес сыртқы саясаты, дипломатиялық қызметі, экономикасының дамуы, саяси тұрақтылығы қалыптасып, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең қатынастар орнатылды. Елімізбен бірге дипломатиялық қызметіміз де дамып келеді. Бүгінде Қазақстан дипломатиясының жеке кәсіби мерекесі әр жылдың 2 шілдесінде аталып өтеді.
Жалпы алғанда, Қазақстан сыртқы саясатта тарихи өлшеммен алып қарағанда, 20 жылдай қысқа мерзімде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қоғамдастықтың сенімді, жауапты, белсенді және беделді мүшесіне айналды. Әрине, бұл – еліміздің сыртқы саясатын айқындайтын Елбасы Н.Назарбаевтың көреген басшылығы, стратегиялық пайымдауының нәтижесі.
Елбасының Сыртқы істер министрлігіне отандық дипломатияның экономикалық бағытын күшейту туралы тапсырма бергені белгілі. Оны орындау үшін ведомствода барлық жағдайлар – жоғары білікті мамандар, материалдық-техникалық жабдықтар, нақты жұмыс жоспары бар. СІМ 2050 Стратегиясын орындау мақсатында 2020 жылға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасын қабылдады. Ол – сыртқы саясат ведомствосының өзіндік жол картасы, Стратегияның көздеген міндеттерін жүзеге асыратын орта мерзімді жоспар.
Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасы дипломатиялық
қызметінің еңбек сіңірген қызметкері,
саяси ғылымдар докторы, профессор.