Маңғыстауда Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына қатысты даудың туындауы да, тиянақталуы да түсініксіз болып тұр. Халық пен билік арасында алтын көпір болуға тиіс Қоғамдық кеңеске тұрғындар тарапынан қызығушылық көп. Маңғыстауда биыл елге пайдам тисе, бір мәселені шешуге үлес қоссам деген үмітті арқалағандар соңғы сатыда дауға жолықты. Дау облыстық мәслихаттың іріктелген құрамды бекітпеуінен туындап отыр.
Бұрынғы құрамның наурыз айында өкілеттік мерзімі аяқталғандықтан жаңа құрамдағы Қоғамдық кеңесті қалыптастыру мақсатында облыстық мәслихат арнайы жұмыс тобын құрып, бұл топ өз құзыреттілігі аясында іске кіріседі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық кеңестердің құрамын қалыптастыру жөніндегі, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі сандық құрам жөніндегі ұсынымдарында «Жергілікті деңгейдегі Қоғамдық кеңестер мүшелерінің саны тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі халықтың жалпы санына байланысты анықталады» делінген. Осыған сәйкес халық саны 600 мыңға жетсе, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінің саны 30 болады. Ал одан асқан жағдайда мүше саны біреуге артады. 700 мыңнан астам тұрғыны бар Маңғыстау облысында аталған кеңес мүшелерінің саны тиісінше 31 адам болуға тиіс. Жұмыс тобы 3 күн бойы әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы облыстық Қоғамдық кеңес құрамына үміткерлерді іріктеді. Нәтижесінде, Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына қоғам белсенділері, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен өңірге танымал азаматтар таңдап алынады. Жұмыс тобы өз кезегінде Қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға сәйкес жаңа құрамды бекіту үшін облыстық мәслихатқа жүгінеді. Дәл осы жерде дау бұрқ ете қалады.
«2022 жылы 29 наурызда VII сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатының кезекті ІХ сессиясының күн тәртібіне енгізілген, Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамын бекіту туралы мәселесі сессия төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Нұри Тумышевтың ұсынысымен еш негізсіз 15 күнге кейінге қалдырылған. 12 сәуірде Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобы ұсынған Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы Маңғыстау облыстық мәслихатының «Бекітілмесін» деген ешқандай негізсіз, талқылаусыз шешім шығаруына байланысты бекітілмей қалды» деп түсіндіреді Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы өз жазбаларында.
– Алайда жұмыс тобының түпкілікті қабылдаған шешімін мәслихат тарапынан бекітпей тастау, бекітпеген жағдайда жұмыс тобын қайта құру туралы өкілеттігі «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда да, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару немесе өзін-өзі басқару туралы» заңда да қарастырылмаған. Осы ретте Маңғыстау облыстық мәслихаты тарапынан «Қоғамдық кеңестер туралы» заңының 8-бабының 1-тармағы, 9-бабының 1, 3, 6, 7, 8, 9-тармақтары мен Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылдың 2 ақпанында №69 бұйрығымен бекітілген Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ереженің 19, 22, 24, 25, 32, 34-тармақтары өрескел бұзылған. Бұдан бөлек «Құқықтық актілер туралы» заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес төменгі деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс делінген. Осы орайда Маңғыстау облыстық мәслихатының 2022 жылдың 12 сәуіріндегі № 09/122 санды шешімі саты бойынша жоғары тұрған – Президент қол қойған «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға да, министр бекіткен Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге де қайшы келеді, – дейді жаңадан іріктелген Қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Назарғали.
Кеңестің жаңа құрамы Маңғыстау облыстық мәслихаты басшылығынан қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамын бекітпеудің негіздемесі мен себеп-салдары туралы толыққанды ақпарат беруін сұраған. Сонымен қатар қоғамдық кеңестер туралы заңнама талаптарының бұзылу жағдайларын жою бойынша тиісті шаралар қабылдауды және қабылданған шаралар туралы уәкілетті органды хабардар етуді сұрайды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хат жазып, құзырлы орындарға жүгінеді.
Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Н.Тумышевқа біз де хабарласқан едік. Алайда ол қат-қабат жұмыстардан қолы тимейтіндігін, бірақ арнайы баспасөз хабарламасын жіберетінін айтып құтылды. Құтылды дейтінім – сонан қайтып мәслихат хатшысын қолға түсіру, телефонмен жауап алу мүмкін болмады. Ал Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесінің құрамы туралы өткен брифингте «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның 9-бабының 2-тармағына сәйкес облыстық мәслихат 2021 жылдың 21 желтоқсан күні ресми сайтында Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелігіне конкурс жарияланғандығы, алайда белгіленген уақытта конкурсқа үміткерлерден құжаттар келіп түспеуіне байланысты биыл 18 қаңтарда жұмыс тобына қайта конкурс берілгендігі айтылған. Осындай жұмыстар нәтижесінде 2022 жылы 11 ақпанда құрамы 9 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылады.
«Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық болған жоқ, барлығы заң аясында жүзеге асырылды. Жұмысшы тобы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамын мәслихатқа ұсынған сәтте іріктелген жаңа құрамға қатысты депутаттар тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып, облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер және заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жұмыс тобына Қоғамдық кеңес құрамына 4 кандидатты қосу мүмкіндігін сұрадық», деген Н.Тумышевтың жазбасынан ұққанымыз жаңа құрамды қабылдауға жұмыс тобы қалыптастырған құрамдағы бір үміткердің аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі болып бекітілгендігі кедергі болған. Яғни бір адамның екі кеңеске мүше болуынан облыстық мәслихаттың кезекті 9-сессиясының үзілістен кейінгі отырысында Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілмеген. Ал Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы облыстық мәслихаттың бұл шешімімен келіспей, екі тараптың тартысы үлкен дауға ұласты.
Әлеуметтік желілерде мәслихаттың жұмысы негізсіз, яғни «бүйректен сирақ шығару» деп бағаланып, «үлкен дауға жол берген, өңір беделіне кір келтірген мәслихат таратылсын, депутаттары қайтарылсын» деген талаптар қойылды. Сондай-ақ бұл сыннан Қоғамдық кеңес те қалыс қалған жоқ, «осылар бір нәрсе өзгерте ме өзі?» деген күдікті ойлар да айтылды.
Дау-дамай мен түрлі уәж-пікірлерді тәптіштеп түгендеп отырмаймыз, бірақ бір адамның аудандық және облыстық Қоғамдық кеңеске мүше болуы шешімді бекітпеуге негіз бола ала ма? Ол адамға ертерек ескертілсе оның біреуін таңдауға мүмкіндігі де, еркі де жететін еді. Бұл жерде қате арнайы талаптар бойынша үміткерлер құжатын екі шұқып, бір қарап қабылдамаған Маңғыстау облыстық мәслихатының аппаратында болып шығады. Оның үстіне бұрынғы кеңес жұмысын тоқтататын мерзім таяғанда, яғни екі ай бұрын жаңа құрамды жасақтауды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуі керек болса, облыстық мәслихат бұл жағынан да кешікті. Енді Маңғыстау облыстық мәслихаты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хатына сәйкес Қоғамдық кеңесті құруға байланысты барлық жұмыстардың тоқтағандығын хабарлады. Мәселе шешілген жоқ, тоқтады. Неге? Қате кімнен кетіп отыр? Заң орындалуы керек, ал аталған министрліктің заңды тоқтатып қоюға құзыреттілігі бар ма? Онсыз да еңбек тәртібі, жалақы, жұмыссыздыққа қатысты даудан көз ашпай келе жатқан Маңғыстауда арнайы заңмен реттелетін мәселенің өзінен дау туындап отыр. Бұл заңның әлсіздігі ме, әлде орындаушы құзырлы орынның қателігі ме? Бұл сұраққа алдағы уақытта жауап алармыз. Ал әзірге маңғыстаулық шенеуніктер осы әрекеттерімен мемлекеттің, заңның – жалпы биліктің беделі мен іскерлігін халық алдында әшкерелеуге жол бергендігін сезіне ме екен?