Президент биылдан бастап әр аудан әкімдігі жыл бойы 100 жұмыс орнын ашу жөнінде тапсырма берді. Бұл үшін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, экономиканың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау сынды кешенді жұмыстар легі қолға алынуы керек.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыру – мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының басым бағыты. Жалпы, ауылдық өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту – нақты шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Әсіресе аймақтардағы бай шикізат көздерін пайдалана отырып, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамытуға кең мүмкіндіктер беру керек.
Бүгінде 19 млн халықтың 41%-ы ауылдық жерде тұрады. Еліміздің ауылшаруашылық саласында өте мол шикізат қоры бар. Осы мол шикізат көзі шағын және орта бизнесті дамытудың әлеуетін арттыратын үлкен мүмкіндік екенін естен шығармау қажет. Ең бастысы, ауылдық жерлерде мал және өсімдік шаруашылығының шикізаттарын терең өңдеу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға және халқымызды отандық сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізе аламыз.
Ауылда әртүрлі кәсіппен айналысуға болады. Ағаш өсіру және оны өңдеу, жеміс-жидектер баптау, зергерлік бұйымдар дайындау, құс өсіру, мал шаруашылығымен айналысып, ақ өнімдер өндіруге мүмкіндік мол. Ең бастысы, кәсіптің көзін таба білген абзал. Сондықтан ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және оны барынша қолдау тетіктерін әлі де жетілдіру қажет. Бұл мәселе реттелмеген, жүйеленіп зерттелмеген халде қалып отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы елдегі шағын және орта кәсіпкерлікпен тікелей байланысты. Экономикасы қарқынды дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбекке қабілетті халықтың 60%-ы жұмыс істейді, бұл саладағы жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуі 80%-ды құрайды. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлік секторында жұмыс істейтін халықтың үлесі Еуроодақта – 75%, АҚШ-та – 65% , ал Ресейде – 26%, Жапонияда – 80%. Дамыған елдердің экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 50%-дан асады. АҚШ, ЕО елдерінде бизнес жақсы жолға қойылып, елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты тетігі ретінде қалыптасқан. ШОБ дамуының басты көрсеткіштері – елдегі кәсіпорындар саны, осы салада жұмыс істейтін тұрғындар саны мен кәсіпкерліктің үлес салмағы.
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы мемлекеттің қолдауынсыз мүмкін емес. Мысалы, АҚШ-та шағын және орта кәсіпкерлікті әдістемелік қамтамасыз ету, қаржы жағынан жәрдемдесу, техникалық және инновациялық дамыту сынды мемлекеттік қолдаулар бар.
Бизнесті дамытудың алғашқы кезеңдерінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беріледі. Айта кету керек, АҚШ – дамыған нарықтық экономикасы бар әлемдік державалар арасындағы жалғыз өкіл, ол шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіру бағдарламаларына көбірек көңіл бөледі. Осы бағытта кепілдендірілген қолдаулары баршылық.
Жапония да кәсіпкерлікті несиелендіруге айрықша маңыз береді. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы бағдарлама бар, соның нәтижесінде ШОБ бұл елде мемлекеттік саясаттың басты құрамдас бөлігі болып отыр. Елде бизнеске бет алған кәсіпорындарды дамытуды үйлестіретін арнайы қолдау орталықтары жұмыс істейді. Субсидиялау бағдарламалары да дұрыс жолға қойылған. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген салық режімі қолданылады. Кәсібін енді бастаған азаматтарды қолдау мақсатында тренингтер, семинарлар, тағылымдамалар өткізіліп, ғылыми жетістіктерін өндірістік процесте пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Ал Еуроодақ елдерінде ШОБ-ты ұлттық қолдау жүйесі бар. Сонымен қатар мақсатты қолдау бағдарламаларын құруда бірыңғай тәсіл қолданылады.
Міне, кәсіпкерлікті дамытудың әлемдік тәжірибесін Қазақстанда да кеңінен қолдануымыз керек. Себебі, елімізде дала өркениетінің бай тәжірибесі бар және соның негізінде бизнестің дамуына жағдай жасау керек. Ауыл халқын орнықтырудың басты тетігі – отбасылық кәсіпті жандандыру және оның тетіктерін мемлекеттік деңгейде үнемі жетілдіріп отыру. Нарықтық бәсекелестік ортада отбасылық кәсіпкерліктің өнімдері көбейген сайын сапалы бұйымдар көлемі де артады, баға төмендейді, отбасылық кәсіптің табысы молаяды. Ең бастысы, қазақстандық отбасылар жұмыспен қамтылады және елді мекендердегі жұмыссыздық мәселесі оңынан шешіледі.
Зерттеулерге сүйенсек, 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі – 1 457 308, оның 21%-ы шағын кәсіпкерлік болса, 0,2%-ы – орта кәсіпкерлік, 62,9%-ы – дара кәсіпкер, 15,9%-ы шаруа, фермер қожалықтары екен.
Отбасылық кәсіпкерлер өз өнімдерін өндіріп, интернет арқылы тауарын жан-жақты жарнамалауды игеруі тиіс. Кәсіпкерлер алдын ала қандай өнімдер сұранысқа ие және қай өңірлерде өткізу мүмкіндіктері кеңірек, соның бәрін зерделеп отырғаны жөн. Ауылдық жерде бәсекелестік ортаны дамытып, кәсіпкерлерге ғимарат беру, жергілікті әкімдік тарапынан заңдық, қаржылық жағынан көмек болуы керек.
Жергілікті басқару әкімдерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін жетілдіру, ар-әдеп кодексін жоғары ұстау және тағы басқа да қасиеттер жинақтала келе, санның сапаға ауысуына ықпал етеді. Ауыл халқының жергілікті өзін өзі басқаруға белсенді қатысуы әкімдердің шешімдерін қабылдау процесінің ашықтығына, жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға, 6 288 елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыруға алып келері сөзсіз.
Оңалбек АБРАЛИЕВ,
экономика ғылымдарының
докторы, профессор