• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 27 Сәуір, 2022

«Мәншүк оқулары» мәреге жетті

514 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде. Жақында мектеп оқушылары қатысқан «Мәншүк оқулары» облыстық шығармашылық байқауы мәреге жетті.

Атағы Алашқа ортақ батыр қыздың ерлік жолын жеткіншек ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық бі­лім басқармасының қолдауымен өтті. Байқау қорытындысы Орал қаласындағы Мәншүк Мә­ме­то­ва мемориалдық музейінде шы­ғарылды.

Айта кетейік, «Мәншүк оқу­лары­ның» іріктеу туры облыстың барлық аудандарында өткен бо­латын. Байқауға қатысқан оқу­шы­лар 21 жасында қан майданда қаза тапқан қаһарман қыз­­дың өмір жолы, тағдыры, ата-тегі, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ата-анасы туралы мәліметтермен танысып, өздері үшін де көп ғибрат алғаны анық. Бұл жерде батырдың рухын жаңғыртып, бүкіл мұрасын сақтап отырған, осы байқауды бастан-аяқ ұйымдастырған Мән­шүк Мәметова мемориалдық му­зейі қызметкерлерінің еңбегін ерек­ше атап өту керек.

Байқаудың қорытынды ке­зе­ңі­не Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, ақын Талап Таймасұлы, Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығының қызметкері, та­нымал айтыс ақыны Айнабек Бисенғалиев, облыстық Халық шы­­ғармашылық орталығы ақпа­рат бөлімінің басшысы Айгүл Орын­ғалиева, облыстық білім бас­қар­ма­сының бас маманы Альбина Залмұқанова қазылық етті.

Байқау қатысушылары му­зей ауласындағы «Қайталан­бас Мән­шүк» ескерткішіне гүл шо­ғын қойды. Дәл осы ғи­ма­ратта Мәншүктің әкесі, Алаш арыс­тарының бірі, ақын, ұлт­тық баспасөз қайраткері, дәрі­гер Ахмет Мамытұлы 1932-1934 жылдары өз отбасымен бір­ге тұрған екен. Батыр қыздың та­ба­ны тиген топырақ байқауға қаты­сушы өрендерді де ерекше әсерге бөлегені анық.

Сонымен шара екі бағытта өтті. Бірінші кезеңде оқушылар Мән­шүк туралы ақындар жазған өлең­дерді мәнерлеп оқып жарысса, екінші кезеңде өз туындыларын ортаға салды.

Өте тартысты өткен сайыста мәнерлеп оқудан жүлделі І орынды Жәнібек ауданындағы Тегісшіл орталау мектебінен келген Дәурен Сәдиев жеңіп алды. Екі екінші орынды Ақсай қаласындағы №4 мектеп оқушысы Жансая Ілияс пен Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназияның оқу­шысы Айару Қапиет өзара бө­ліс­ті. Ал жүлделі ІІІ орынға облыс­тық дарынды балаларға арнал­ған мамандандырылған мек­теп-интернат оқушысы Діл­наз Сағидолла, Бөкей ордасы ауда­нындағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептен келген Еркенұр Ғалымжанова ие болды. Дарынды балаларға арналған ма­мандандырылған №8 облыстық мектеп өкілі Әмина Сейіткереева – «Үкілі үміт» аталымына, Те­рек­ті ауданы, Подстепный орта мек­тебінің оқушысы Дархан Мах­медов – «Жас толқын» аталымына лайық деп танылды. Қазақтың батыр қызына өз туындыларын арнаған сайыста қазылар алқасы Орал қаласындағы №50 мектеп оқушысы Инабат Рахаттың өлеңін бірінші орынға лайық деп бағалады. Екінші орын Ақ­жайық ауданы, Алмалы мек­тебінен келген Нұрлыбек Төлеу­ғалиев пен Жәнібек ауданы, Ғ.Қараш атындағы мектеп оқу­шы­сы Нұрлы Сабырғалиға бұ­йырды. Жүлделі үшінші орын­ды дарынды балаларға арнал­ған мамандандырылған №8 облыс­тық мектептен келген Алтынбек Әлібеков пен Орал қаласы, №50 мектеп өкілі Әлішер Сүндетов бөлісті. «Жас дарын» және «Жас қалам» аталымдары Ақсай қа­ла­сындағы №6 мектеп-лицей өкі­лі Әсемгүл Жұмағазиева мен Теректі ауданы, Подстепный орта мектебінің оқушысы Дархан Махмедовке бұйырды.

Жүлделі орын алған және ата­лымдарға ие болған оқушы­лар дипломдармен марапатталса, олардың жетекшілеріне БҚО та­рихи-өлкетану музейінің дирек­торы Мирболат Ерсаевтың алғыс­хаты табыс етілді. Сайыс ба­ры­сында Мәншүк Мәметованың ме­мориалдық музейіндегі жәді­гер­лермен танысып, «Батыр қыздың соңғы шайқасы» атты диорама­­сын тамашалаған оқушылар ерек­ше әсерге бөленгендерін айтты.