Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында озон қабатын бұзатын заттар, Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен су торабын салу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды.
Мәжіліс мақұлдаған «Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына 1999 жылғы 3 желтоқсанда Бейжіңде қабылданған Түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасы бірауыздан қабылданды. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Монреаль хаттамасы 1987 жылы қабылданып, оған төрт түзету (Лондонда, Копенгагенде, Монреальда және Бейжіңде) енгізілгенінен хабардар ете кетті. Негізінен еліміз соның үшеуіне қосылыпты. Ал 1999 жылы енгізілген Бейжің түзетуінде гидрохлор, фтор және көміртектер тұтынуды азайтудың мерзімдері қарастырылған. Негізінен бұл заттар суыту және тоңазыту жүйесінде жеке немесе коммерциялық құрылымдар тарапынан жиі қолданылады.
Қазіргі таңда Бейжің түзетуі 194 ел тарапынан ратификацияланыпты. Әзірге Қазақстан, Ливия және Мавритания ғана заңдық тұрғыдан бекіте қоймаған. Ал Сауд Арабиясы жақында ғана аталған түзетуді ратификациядан өткізгені мәлім болды. Министрдің айтуынша, Кеден одағына кіретін елдер ішінде Қазақстан ғана Бейжің түзетуіне енбегендіктен, Ресей мен Беларусь елімізбен озонды құртатын заттармен сауда жасауға шектеу қойып отыр.
Келісімді ратификациялау өзімізде өндірілмейтін гидрохлор, фтор мен көміртектерді еліміз аумағына заңды түрде әкелумен байланысты. Қазақстанда кеңінен қолданылатын заттар мыналар – 22, 41, 142 фреондары. Кондиционер мен тоңазытқыштардың басым бөлігі Қытайдан, Үндістаннан, Түркиядан, Кореядан, БАӘ, Белоруссия мен Ресейден және аз болса да Еуропа елдерінен әкелінеді. Сондықтан озонды құртатын заттардың экспорты мен импортын реттеу үшін 2004 жылдан бастап елімізде рұқсат беру қолға алынған.
2007 жылы Экологиялық кодекске озон қабатын құртатын заттардың экспорт-импортына мониторинг жүргізу және ондай заттарды тұтынудың лимитін белгілеу туралы өзгеріс енгізілгені белгілі. Бұдан басқа 2010 жылы аталған кодексте озон қабатын бұзатын өнімдерді маркировкалау, жинап сақтау және жою нормалары көрініс тапқан-ды. Және де 2002 жылы құрал-жабдықтарды, техника мен технологияларды жаңарту мақсатында Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі БҰҰ-мен бірлесе кондиционерлер мен тоңазытқыштар бизнесі саласында жұмыс істейтін компаниялармен және жеке кәсіпкерлермен жұмыс жүргізілген. Елімізде қазіргі таңда озон қабатын бұзатын заттармен жұмыс істейтін 200-ге тарта кәсіпорын бар.
Бейжің түзетуі еліміз тарапынан бекітілгеннен кейін Қазақстанға Жаһандық экологиялық қор тарапынан 2015-2017 жылдар аралығында техникалық және қаржылық көмек көрсетіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде гидрохлор, фтор мен көміртектерді тұтынуды кезеңімен кемітуді және озон қабатын бұзатын заттардың импортын азайтуды заңдық негізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оған 6 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінетін болады. Монреаль хаттамасында қарастырылған барлық талаптарды сақтау еліміздің «жасыл экономикаға» өтуіне және жаңа технологияларды тартуына оң ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар, халықаралық қауымдастық тарапынан «хаттама талаптарын сақтамай отыр» деген мәселе алынып тасталады. Олай болмаған жағдайда Монреаль хаттамасын қадағалаушы комитет тарапынан экономикалық санкциялар жарияланып, гидрохлор, фтор және көміртектерді Қазақстанға сатпау туралы шешім де қабылдануы жоққа шығарылмай отыр. Оның салдары суыту және тоңазыту саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарға соққы болып тиюі де ғажап емес.
Сондай-ақ, күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен ортақ су торабын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Қорғас өзенінен су ресурстарын бірлесе пайдалану Қазақстан мен Қытай арасындағы 2002 жылғы 28 ақпандағы Қорғас өзенінің суын бөлу және пайдалану туралы келісімнің негізінде жасалып отыр. Осы келісімнің нормаларына сәйкес Қорғас өзенінің суы 50-де 50 пайыз деңгейінде пайдаланылады. Мұнда күрделі гидротехникалық құрылғы болмағандықтан, әр тарап су алуды өз бетінше мұқтаждығына байланысты алатын және судың есебі болған жоқ. Осыған орай екі елдің бірлескен гидротехникалық құрылғы салу мәселесі көтерілген-ді. Келіссөздер 1992 жылдан бастап жүргізіліп, гидротехникалық құрылысты салу туралы нақты шешім 2008 жылы қазанда өткен Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының отырысында қол жеткізілген. Және де «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қолдау тауып, қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».