• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Сәуір, 2022

Инвестиция игілігін көру үшін тиімді жобалар керек

252 рет
көрсетілді

Қарапайым халықтың жағдайын көтеріп, табысын арттыру бүгіннің талабы. Осы орайда, мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар да көрсетілуде. Ал оны тиімді пайдалану көпшілікке де көп көмек болатыны сөзсіз. Бүгінде Жамбыл облысында тұрғындардың табысын арттыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Халықтың табысын арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласындағы жобалармен қатар, инвестиция тартудың да маңызы зор болып тұр.

Өңірде ауыл шаруашылығы саласына арналған қанатқақты жоба нәтижесінде 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жұмыссыздар саны 194 адамға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны 1 058-ге қысқарған. Сонымен қатар қаты­сушылардың орташа ай­лық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге дейін өскен. Жобаның бес бағыты бойынша жұмыс жалғасады. Тағы бір айта кетерлігі, аталған жоба аясында қайтарылатын несие қаражаты есебінен тағы 3 ауылдық округ­­тің тұрғындарына несие беру жұмыстары жүргізілуде. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та жуырда Жамбыл облысындағы ауыл тұрғын­дарының табысын арттыру бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыстарды жоғары бағалап, өңір тәжірибесі өзгелерге үлгі болуы керектігін айтқан.

Жалпы, бұл орайда Жамбыл өңіріне жүктелген жауапкершілік үлкен. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға салынған әрбір қаражат – инвестиция. Елдегі қарапайым көпшілік өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса, мол өнім түсіп тұрса, аймақтағы экономикалық жағдай да жаман болмас еді. Бұл ретте «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Мұнда да инвестициялық жобаларға басымдық беру басты мақсат. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов аталған мекеме басшысына шетелден инвестор тартуды нәтижелі жүзеге асыру үшін мамандардың біліктілігіне жіті мән берген дұрыс екенін айтқан. Сондай-ақ, бірнеше тілді меңгерген әрі ісіне тиянақты маман­дармен жұмыс істеу керек­тігін, пилоттық жоба аясында мал шаруашылығын бастаған кәсіпкерлердің қатары көбейіп отырғанын, сүт тапшылығы туын­даған өңірдегі өңдеу зауыттарына жақын аудандардан сүт жеткізу мәселелерін де қарастыру қа­жеттігін, ең бастысы, Үкімет тара­пынан берілген мүмкіндікті ба­рынша пайдалану керектігін тапсырған еді. Бүгінде бұл мәселе өңір үшін өзекті болып тұр. Бұл ретте «Тараз» ӘКК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Дәулет Әбілқайыровтың айтуынша, корпорацияны дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған жұмыс стратегиясы бекітілген. Ол негізгі алты бағыттан тұрады. Соның негізгісі – өңірде инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру. Бүгінде аймақта инвестициялық жобаға басымдық беру мәселесі қолдау тауып отыр. Ал «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жо­ба­сының тиімділігі мол екені ескеріліп, алдағы уақытта атал­ған жоба өз жалғасын табады. Сондай-ақ, аталған жоба аясында құрылған өңірдегі 14 кооперативке агроном мамандарын тарту мәселесі де көтерілуде. Ол үшін бірінші кезекте тиімді жобалар қажет. Облы­­с әкімі де жақсы жобалар болса, қаражат бөлу мәселесінің оң шешімін табатынын мәлімдеді. Тек инвестиция игілігін көру үшін жүйелі жобалар керек.

Бүгінге дейін Жамбыл облысына талай инвестиция тартылды. Қазір де жалғасын табуда. Мәселен, өңірге «Great Production LTD» (Goknur Gida) түрік компаниясы инвестиция тартуға ниетті. Оған облыс басшылығы да қолдау көрсетуде. Алдағы уақытта өңір аумағында үдемелі бау-бақша ша­руашылығын дамыту және же­міс-жидек өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Жоба аясын­да 1 100 гектар бақша салу мен қайта өңдеу зауытын салу да жоспарланған. Жоба 2024 жылға дейін бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Ин­весторлар өңірде өндірілген өнімді ішкі нарыққа және шетелге сатуды жоспарлауда. Жобаның құны 98,4 млн долларды құрайды. Бұл бойынша 1 мың жұмыс орны ашылады. Компания басшылығы жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылатынын айтты. Мұндай жобалар да өңірдің дамып, әлеуе­тінің артуына оң әсер етеді.

 

Жамбыл облысы