Бұрнағы күні Астана қаласының жол-көлік кешенін дамыту мәселелеріне арналған брифинг болып өтті. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рәшит Аманжулов және оның орынбасары Әбдіхамит Тамабаев қатысты.
Қазіргі таңда Астана қаласындағы барлық қоғамдық көліктер күн сайын 750 мың жолаушыны тасымалдайды. Қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын адамдар тұрғындардың 33 пайызын құрайды. Қала әкімдігі 2016 жылы қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын тұрғындар санын 970 мыңға жеткізбек. Бұл қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын адамдар барлық қала тұрғындарының 47 пайызын құрайды деген сөз. Еуропалық «Tupsa» компаниясы елордамыз үшін арнайы жасаған жаңа көлік қатынасы жүйесін қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы Астана қаласына газбен жүретін IVECO маркалы 350 жаңа автобус сатып алынбақ. Сонымен бірге, жыл соңына дейін тағы да жаңа 100 автобус сатып алу туралы келісімге қол қойылды. Міне, осы жаңа қоғамдық көлікке қызмет көрсету үшін 2 коммуналдық автобус паркі ашылады. Оның бірі биылғы жылы пайдалануға берілсе, екінші автопарк құрылысы үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында басталып, 2015 жылы пайдалануға берілмек. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында үстіміздегі жылғы сәуір айының аяғында Көлік жүргізушілердің шеберлігін арттыру орталығы ашылады.
Қала ішіндегі қашық бағыттарға жолаушыларды жедел әрі қолайлы көліктермен тасымалдау үшін балама қоғамдық көлік жүйесін енгізу қажет болады. Ол үшін қаламызда BRT (Bus Rapid Tranzit) – қала көшелеріндегі жолдарда арнайы бөлінген жолақтар арқылы жүретін жедел автобустар қатынасы жүйесін қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Бұл жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең құрылысы 2014 жылдың маусым айында басталады (ұзындығы 22,4 шақырым 26 бекеттен, жылжымалы құрам 27 бірліктен тұрады). Бірінші кезеңді 2016 жылдың наурыз айында пайдалануға беру көзделініп отыр. Ал жедел жүретін автобустар желісінің екінші және үшінші кезеңдері тиісінше 2015 және 2017 жылдары пайдалануға берілмек.
Қазір Астана қаласындағы бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдаумен 8 көлік компаниясы айналысады. Олардың біреуі коммуналдық автопарк болса, 7-еуі жекеменшік автопарк болып табылады. Бұл автопарктерде 890 автобус тіркелген. Олардың 734-і күн сайын жолаушылар тасымалдауға шығып, 50 бағыт бойынша қатынайды. Дегенмен, бұл қоғамдық көлік қаланың барған сайын өсіп отырған сұранысын қанағаттандыра алмайды. Қазірдің өзінде қала көшелері бағыттары бойынша 180 автобус жетпей отыр.
Алдағы уақытта қаламыздағы қоғамдық көлік бағыттарының қозғалысы мүлде өзгертілмек. «Tupsa» компаниясы 2 жыл ішінде яғни 2016 жылға дейін BRT жүйесін енгізуге байланысты қала көшелері бағыттарын түбегейлі өзгертуді жоспарлап отыр. Олар қосымша тағы да 7 экспресс бағытын ашып, өте ұзын 18 бағытты бөлшектерге бөлуді, автобус кестесі санын тағы да 25-ке арттырып, бағыттар санын 50-ден 76-ға дейін арттыруды ұсынады. Осыған байланысты үстіміздегі жылы 76,5 шақырым көше жолдарының құрылысын салу және қайта құру жоспарланып отыр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы алдағы уақытта көлік кептелісі жиі орын алатын учаскелердің қозғалысын реттеу, кіші сақиналы жол құрылысын салу, мемлекеттік бағдарлама нысандары салынған көшелерге жол тарту, жаңа тұрғын үй аймақтарындағы жол инфрақұрылымын жақсарту мәселелерімен айналысатын болады.
Ағымдағы жылы Ш.Бейсекова көшесін Н.Тілендиев даңғылына дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл Тілендиев, Сарыарқа, Тұран, Бөгенбай батыр даңғылдарындағы көлік кептелісін азайтады. Бұдан басқа, №14 көшесін Абылай хан даңғылына дейін кеңейту жоспарлануда. Сонда Б.Момышұлы, Абылай хан даңғылдарындағы және Айнакөл кешесіндегі жол кептелістері азаяды. Сонымен бірге, Сарайшық көшесі Тұран даңғылына дейін, Ш.Бейсекова көшесі тағы да 3 шақырымға дейін ұзартылатын болады. Нәтижесінде Қорғалжын тас жолы, Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарындағы көлік кептелісі жойылады. Алдағы уақытта Тілендиев даңғылы бойынан оңтүстікке қарай, жалпы ұзындығы 4,5 км. құрайтын 5 көше салу көзделініп отыр. Сарайшық көшесі аумағын арттыру да негізгі мақсаттардың бірі. Ол екі кезеңнен тұрады. Осы орайда жалпы көлемі 8,2 км. құрайтын 8 көше салынады деген жоспар бар. Соңғы 3 жылда 21 тұрғын үй алабында 65,34 шақырым жол және 177,75 шақырым инженерлік жүйелер құрылысы салынып, жөндеуден өткен. Пригородный, Күйгенжар, Қазгородок, Қазақауыл, Қараөткел кенттерінде осыған байланысты атқарылатын жұмыстар межеленді. Ағымдағы жылы 19,16 шақырым жол және 57,1 шақырым инженерлік жүйелер құрылысы салынады. Комсомольский тұрғын үй алабынан №23 көшеге дейінгі жұмыстар тиянақталады. Сондай-ақ, 16 тұрғын үй алабында басталған жұмыстар жалғасын табады. Интернациональный кентіне дейін инженерлік жүйенің құрылысы басталады.
Бүгінде Астана қаласында 271 мың көлік құралы тіркелген. Сонымен бірге, күн сайын қаламызға басқа өңірлерден және қала маңайындағы елді мекендерден 100 мыңнан астам көліктер қатынайды. Осыған байланысты қала көшелерінде орын алатын көлік кептелістерін жою мақсатымен Көлік қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесі – ITS (интеллектуалды көлік жүйесі) жобасын енгізу көзделініп отыр. ITS жобасы қаламызда 2014 – 2019 жылдар аралығында қолданысқа енгізілетін болады. ITS жобасының бірінші кезеңін биылғы жылдың мамыр айында Сарыарқа, Тұран даңғылдары, Сарайшық, Д. Қонаев, Достық, Сығанақ көшелері бойынша іске қосу көзделініп отыр.
Үстіміздегі жылы жалпы ұзындығы 33,3 шақырым болатын 16 жол құрылысы нысандарын салу жұмысы жалғасатын болады. Сонымен бірге, жалпы ұзындығы 12,3 шақырымды құрайтын 11 жаңа жол құрылысы нысандарының құрылысын бастау жоспарлануда.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».