Астана тұрғындары архив мекемелерін аралауды әдетке айналдырғалы қашан!? Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан батырлардың ұрпақтары аталарын іздеп, мұрағаттарға жүгінеді. Бүгінде ескі құжаттарға реставрация жұмыстары жүргізгелі оқырман біткен іздегенін лезде тауып алып жатыр. Бұл – Нұр-Сұлтан қалалық архивінің жетістігі. Шама-шарқынша ақпараттарды цифрлы форматқа көшіріп, заманға сай қам-қарекет қылып келеді.
Қалалық архив мекемесі заманауи техникалық құрал-жабдықтардың көмегімен бояуы өшкен мәліметтердің маңызын кілкіп жүр. Бұл игілікті іске жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаттары Нұрлыбек Ожаев, Нәзилә Раззақ, Гүльдара Нурумова және сенатор Еділ Мамытбеков куә болды.
Елорда архивінің директоры Мейрам Бектембаев және Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп архив жұмысымен таныстырды. Халық қалаулылары реставрациялау зертханасының қызметін, заманауи автоматтандырылған жүйесі бар архив қоймасын, RFID (радиометкалар), ДӨО (деректерді өңдеу орталығы) және цифрлы архив құру процестерін тамашалады.
«Бұл мекеме Қазақстанның архив қызметінің көшбасшыларының бірі ретінде, архивтану ғылымын дамытуда және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жетекші рөл атқаруда. 1920-1930 жылдардағы құжаттарды қайта жаңғыртып жатырмыз. Құжаттардағы ақпараттардың жойылып кетпеуі үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Реставрациялауға арналған соңғы үлгідегі аппараттар осында орналасқан. Ұлт мүддесі үшін қажымай еңбек етіп келе жатырмыз», деді қалалық архив директоры Мейрам Бектембаев.
Депутаттар қалалық архив қызметін жоғары бағалап, мекеме қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.