Биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша қазақстандық банктерде жинақталған салым көлемі 26,61 трлн теңгеге жеткен. Бір ай ішінде салымдар 1,07 трлн теңгеге, бір жылда 4,5 трлн теңгеге көбейіпті. Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты геосаяси ахуалдың нашарлағаны және бұл жағымсыз жағдайдың қаржы секторына да оңай тимегені белгілі. Соған қарамастан қазақстандық банктер табысты күйде қалып отыр дейді сарапшылар.
Қашанда қаржылық тәбетінің жоғары екенін аңғартып келе жатқан (жақында Сбердің 330 млрд теңге көлеміндегі несие портфелін де сатып алды) Halyk Bank депозит бойынша көшбасшы саналады. Қаржы институтының портфелі ақпанда 636,1 млрд теңгеге бір-ақ өскен. Жыл басынан бері ондағы салым – 712,2 млрд-қа, соңғы бір жылда – 1,74 трлн-ға артқан. Сөйтіп, жалпы сомасы 9,11 трлн теңгені құрап отыр. Бұл дегеніңіз – елдегі депозит нарығының 34,2 пайызы.
Екінші орында – «америкалық» Ситибанк Қазақстан. Банк салым көлемін 181,7 млрд теңге плюске шығып, 1,09 трлн теңгеге жеткізген. Бұл қаржы институтының тек корпоративті секторда жұмыс істейтінін айтып өтейік. Бір жылдағы портфелі 402,6 млрд теңгеге ұлғайған. Үштікте Kaspi Bank те бар: бір айда депозитке 152,1 млрд теңге қосылған, жалпы сомасы 2,9 трлн теңгеге жеткен. Салым портфелінің 90 пайыздан астамын жеке тұлғалардың ақшасы құрайды.
Ал батыстан соққан бұрқасынға тап болған үш ресейлік еншілес банк – «Сбербанк Қазақстан», «Альфа-банк» және ВТБ Қазақстан айтарлықтай ақша жоғалтыпты. Бұл қаржы ұйымдары ақпан айында 515,2 млрд теңгесінен айырылған. Одан бөлек «Заман-Банк» те ұтылғандар қатарында. Салымшылар бұл ислам банкінен 0,8 млрд теңге көлеміндегі соманы кері әкеткен.
«Жаңа дағдарысқа, геосаяси қысымға, ресейлік еншілес банктердің ұтылысына және біздің басты сауда серіктесіміз РФ-ның санкциялық шектеулерге ұшырап жатқанына қарамастан Қазақстанның депозит нарығы позитивті дамып жатыр. Халықаралық агенттіктер де біздің банк секторына, жалпы экономикаға оптимистік көзқараспен қарайды. 1 сәуірде Standard & Poor’s кезекті рет Қазақстанның дербес несие рейтингін «BBB−/А-3» (Тұрақты) деңгейінде растады. Олар теңгелей салымдарды сақтау үшін мемлекеттің бюджет қаржысы есебінен теңгелік депозиттерді қорғау механизмін енгізгенін де атап өтті. Агенттік дерегінше, 2022 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2 пайыз деңгейінде болуы тиіс», дейді сарапшылар.
Депозит төңірегінде әңгіме қозғалған соң, нарықтан кеткен банктердің депозиттері жайлы да аз-кем сөз қозғайық. Қазір елімізде қызметі тоқтаған 9 банкте жинақталған салымдарды иелеріне қайтару процесі белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл процеске Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жауапты. Жақында қор төрағасы Әділ Өтембаев әлі 2,3 млрд теңгенің қайтарылмай тұрғанын айтты. Яғни аталған қаржы иелері соманы қайтару туралы өтінім бермеген. Қаржыны онлайн түрде немесе банк бөлімшесіне келу арқылы да алуға болады.
«Қызметі тоқтаған 8 банктегі салымдарды биыл 1 мамырға дейін алуға болады. «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ның кешірек жойылуы себепті, оның клиенттері де төлемдерді 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін ала алады», дейді Ә.Өтембаев.
Төлем беру мерзімі аяқталғаннан кейін қызметі тоқтаған қаржы институттарының – «Валют-Транзит Банк», «Казинвестбанк», Delta Bank, «Эксимбанк Казахстан», Qazaq Banki, «Астана Банк», Tengri Bank және AsiaCredit Bank-тің шотындағы талап етілмеген қаражат 31 мамырға дейін азаматтардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына жіберіледі. «Capital Bank Kazakhstan» салымшыларының қаржысы 2 тамызға дейін зейнетақы шоттарына аударылмақ.